09 Сәуір, 2010

ҚАСИЕТТІ АСПАПТЫҢ ҚАСТЕРЛІ ОРНЫ

681 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Тарихтың алмағайып кезеңін­де қудалауға тағдырлар ғана емес, тарихтың тереңінен сыр шертетін қасиетті музыка аспабы –қыл­қобыз да ұшырағаны аян. “Ескі­лік­тің қалдығы” деп отқа өртеліп, қиратылғанын көрген куәлар арамыз­да әлі де бар. Алайда, ықылым замандардың көзі іспетті аспапты өз киесі же­беп, ғажайып та ғаламат күй­лері біздің заманымызға да жетті. Оның арғы-бергі тарихын өнер зерттеушілердің еншісіне қалдыра отырып, таяуда “Қылқобызға арналған хрестома­тия” атты үш кітаптан тұратын жинақтар топ­та­ма­сы жарық көргенін айтсақ дейміз. Тұңғыш рет қолымызға тиіп отырған хрестоматиялық оқулық танымал қылқобызшы, К.Бай­сейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандан­дырылған музыкалық орта мектеп-интернатының ұстазы, ҚР білім беру ісінің үздігі, “Жаңашыл педагог” атанған Әбдіманап Жұмабекұлының қажырлы еңбегі мен ұзақ жылғы ізденісінің арқасында дүниеге келді. Осы уақытқа дейін қылқобызға арналған ешқандай оқулық-хрестоматия болмаған­дық­тан, музыка мектептері мен колледждерінің шәкірт­тері керекті ноталарды басқа аспаптарға арналған оқу құралдары­нан іздеп әуреге түсетіні әр кез мамандардың аузы­мен айтылып, ара-тұра мәселе болып көтеріліп кел­генін білеміз. Басқа оқу құрал­дары қылқобыз­дың диа­пазо­нына лайық­талып түсіріл­мегендіктен, біресе октава жоғары шы­ғып, біресе төмен түсіп, тың­дар­манның діттеген дең­гейі­нен шықпай жата­тын болса, ендігі жерде оқу­шы­лар мен студенттер ондай қиындықтан құтылады. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналған музыка мамандары оның сәтті құрастырылғанына келі­сіп, қылқобыздың таби­ғаты­на сай шығармалар сауатты­лық­пен іріктелген­дігін, олардың орналасу реті де дұрыс шешімін тауып, оңайдан қиынға, қара­пайымнан күрделіге қарай қағидатты түрде өрістеп отыратындығын қуаттады. Өнер жанашырлары Әбдіманап Жұмабек­ұлы­ның хрестоматиялар топтамасының қалған екі кітабы да тезірек жарыққа шығуын қозғап, алаңдаушылықтарын білдіріп жатты. “Сонда ғана орта және жоғары музыкалық оқу орын­дары­ның қылқобыз сыныптары негізгі маман­дық бойынша оқулықтан тапшылық көрмей, бұрынғыдай бөлек-салақ күй ноталарын көтер­мей, өнердің даңғыл жолына түсер еді” деседі. Өйткені, қазірге “Қылқобызға арналған хресто­матияның” екінші кітабы ғана қолға тиіп отыр. Оның әліппесі де, кейінгі томы да дайындалып қойған, тек демеушілерін күтіп отырған жайы бар екен. Аталмыш кітаптың тұсауы тұңғыш кесіліп отыр­ғандықтан, бұл оқиғаны музыка маман­дары мен өнертанушылар айтулы оқиға деп бағалады. Тұсаукесер барысында қылқобыздың тари­хын түгендеп, тамаша естеліктер айтқан про­фес­сор, белгілі музыка зерттеушісі Пернебек Мо­мынов: “Әбдіманап Жұмабекұлы әйгілі ұстаздары – қылқобызшы Дәулет Мықтыбаев және этнограф-профессор Болат Сарыбаевтан үйреніп, көне дәстүр­ді ұстап қалған алғашқы кәсіпқой қобыз­шы­ның бірі ретінде мойындал­ған. Ол көне қылқобыз дәстүрін әрі қарай жалғастырушылар­дың бірі ғана емес, оны жаңа заманға лайық жетілдіріп, дамытушы да. Олай дейтініміз, ол елімізде тұңғыш рет қылқобызды мектеп қабыр­ғасынан-ақ оқыту ісін 1977 жылы А.Жұ­банов атындағы республикалық арнаулы музыка мек­тебі­нен бастап, оны түбегейлі жолға қоя алды. Және бұл үрдісті К.Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінде жалғастырып, осы екі мек­теп­тен әртүрлі республикалық және халықара­лық байқаулар­дың лауреаттарын шығарды. Олар – Р.Ораз­бекова, Ә.Қазақбаев, Б.Бай­назаров, Ж.Жет­пісова, А.Омарова-Шәріп­баева, А.Итекеева, А.Сайжанов, А.Жұрбай, М.Медеубек, Ж.Аманова, Ә.Әзбаев, О.Құрманбек­ұлы” деді. Осылайша, бақсы-балгерлермен бірге нәу­бет­ке ұшырап, ұлттың рухани өмірінен шет­тетіл­ген, тіпті бірте-бірте ұмыт болуға айналған қасиетті аспап өзінің қастерлі орнына жайғасып келеді. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ.