
«Нұр Отан» халық-демократиялық партиясы ұйымдастырушысы болған «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» деген тақырыптағы айтыс мәреге жетті. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы мен бір топ айтыскерлердің твиттерлерінде жарияланған мәліметтерге сүйене отырып, Egemennrws.kz тілшісі хабарлады.
Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл бастаған қазылар алқасы айтыстың қорытындысында бас бәйгеге белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваны лайықты деп тапты. Оның бәсі 2 млн. теңге болды (жоғарыдағы суретте). Бірінші орын мен 1,5 млн. теңге көлеміндегі сый жас жұлдыз Жандарбек Бұлғақовқа тапсырылды. Екінші орынды 1 млн. теңге тартуымен бірге айтыстың ақтаңгері Балғынбек Имашев еншіледі. Ал 750 мың теңге қошеметі бар үшінші тұғырға Қытайдан келген шалымды шайыр Қанатбек көтерілді.
Бұдан бөлек, Қазақстанның бас мүфтиі қажылыққа барып қайтатын жолдаманы алымды ақын Сара Тоқтамысоваға ұсынды.
Марапаттау рәсімі барысында сондай-ақ марқұм Оразалы ақынның ұлы Нұрсұлтанға осы айтыстан түскен қаржы мен «Нұр Отан» ХДП тарапынан бөлінген арнайы сыйлық табыс етілді (төмендегі суретте).
Аталмыш айтыс «Хабар» телеарнасынан 12 қазан күні сағат – 15.10-да, 13 қазан күні 14.00-де көрсетіледі.
Мұрат Айтқожа.
