Кеше көлдің туристік маусымға дайындығын тексеруге келген облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөл 13 маусымнан туристерді қабылдай бастайтынын жеткізді. Қабылдағанда әзірге демалушылардың тек 50 пайызын қабылдауға рұқсат беріліп отыр. Алайда қазіргі уақытта көл басындағы 175 демалыс үйінің көпшілігі дайын емес. Бүгін санитарлық талаптарды толық орындаған алғашқы демалыс үйі ("Парус") рұқсат қағазын алды.
Алакөлге асыққан туристерді дәл қазір "Коронавирусқа тестті қалай тапсырамыз? Қайда тапсырамыз?" деген сауалдардың алаңдатып отырғаны анық. "Әр демалушы Алакөлге экспресс-тесттің немесе ПЦР-дің қорытындысымен келу керек. Тестті бір отбасыдан бір адам ғана тапсырады" дейді аймақ басшысы Д.Ахметов.
Әгәрәки, демалушылар тест тапсырып үлгермеген жағдайда Алакөлдің басында тест тапсыруға жағдай жасалған. Екі мобильдік пункт дайын тұр. Бұдан бөлек Қабанбай ауылында туристер ауырып қалған жағдайда медициналық көмек көрсететін 12 орындық провизор ашылған.
Шығыс Қазақстан облысы
Үржар ауданы