Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері өңірдегі 5 мың шақырымнан астам көлік жолын тексеру кезінде 5 мыңға жуық ақау тапқан. Осы орайда өңірде 70 лауазымды тұлға сапасыз жолдар мен қозғалыс қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілікке тартылып отыр. Оның ішінде жолдарда, темір жол өткелдерінде жол құрылыстарын жүргізу бойынша талаптарды орындамағаны үшін 60 лауазымды тұлға және жолдардың, темір жол өткелдерінің және басқа да құрылыстардың немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының жарамсыздығы үшін 10 жеке тұлға бар.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың автомобиль жолдарында 5365 шақырым жол қамтылып, оларға қатысты 787 тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында 4867 ақау анықталды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда 975 ақау, облыстық маңызы бар жолдарда 536 ақау, аудандық маңызы бар жолдарда 539 және елді мекендердің көше-жол тораптарында 2802 кемшілік анықталды», дейді Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев. Тексеру нәтижелері бойынша жол мекемелерінің тиісті басшыларына 787 ұйғарым беріліп, 705 жауап алынған. Оның 400-ден астамында қаржыландырудың болмауынан орындау мерзімі созылып жатқаны айтылған. Автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстауда анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 87 ақпарат, облыстық және аудандық прокуратура органдарына 26 ақпарат жолданған.
Жамбыл облысы