Әлемдегі тұңғыш адамның миы арқылы басқарылатын аяқ протезі АҚШ-тың Чикаго қаласындағы Сауықтыру институтында тексеруден өткізіліп жатыр. Бұл туралы Paranormal-news.ru хабарлады.
Мұндай протезді бионикалық протез деп атайды. Бұдан бұрын бұл тәсілмен жасанды қол жасалып шығарылған еді. Алайда, жасанды аяқ жасап шығару мамандарға үлкен қиындық тудыруда. Себебі, адамның тұрып, жүруі үшін жасанды мүшені қозғалысқа келтіретін моторға үлкен салмақ түседі. Сонымен қатар, құрылғының салмағы да жеңіл болуы тиіс.
Жол апатына ұшырап, аяқсыз қалған Зак Заутер зерттеушілерге бионикалық протезді тексеруге көмектесуде. Ол жаңа құрылғының өзінің бұрын қолданып жүрген механикалық протезінен үлкен айырмашылығы бар екенін мойындайды. Мысалы, Заутер бионикалық протезбен баспалдақтан көтерілген кезде екі аяғын кезекпен басып жүре алады. Ал механикалық протезді қолданып баспалдаққа шыққанда ол протезді сау аяғының артынан сүйретіп қана көтерілетін. Сондай-ақ ылдилау жермен жүру оңайға түседі. Әрі жүрістің өзі табиғи көрінеді. Жаңа құрылғының механикалық протезден тағы бір ерекшелігі бар. Мәселен, отырған кезде механикалық протезді қозғалту үшін қолдың көмегі қажет. Ал бионикалық протез адамның ойын оқу арқылы мұндай қозғалыстарды әлдеқайда жеңілдетеді. Құрастырушылар жаңа құрылғының кемшіліктерін түзеп, жасанды мүшені одан әрі жетілдіру үстінде.
Жаңа құрылғы 3-5 жылдың көлемінде нарыққа шығуы мүмкін. Аяққа арналған бионикалық протездің болжамды бағасы әзірге айтылмай отыр. Ал дәл осы құрылғының қолға арналған нұсқасының бағасы 20-дан 120 мың долларға дейін барады.
Айдар Өрісбаев.