Аймақтар • 14 Маусым, 2020

Қарағанды әкімі: Бәрі бастық болса, қара жұмысты кім істейді?

758 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір ғана Қарағандының өзінде екі мыңнан астам бос жұмыс орыны бар екен. Әсіресе, құрылыс саласына қажетті электршілер, монтажшылар, қаптауыш материалдармен жұмыс істейтін шеберлер және қара жұмысшылар сұранысқа ие көрінеді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің онлайн режімінде өткен брифингтегі мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып.

Қарағанды әкімі: Бәрі бастық болса, қара жұмысты кім істейді?

Бұдан бөлек кеншілер астанасында медицина мен кеңсе қызметкерлері үшін де бос жұмыс орындары бар екен. Ал, жұмыспен қамту орталығының базасында әлі күнге дейін 1 281  адам жұмыссыз ретінде тіркеліп тұр.

"Бізде бос жұмыс орындары жетерлік, еңбекақы мөлшері 85 мың теңгеден басталады. Жұрттың көбі бірден бірден директор немесе бас дәрігер болғысы келе ме, әйтеуір қарапайым жұмысқа адам күші жетіспей жатыр. Бәрі бірдей бастық болса, қара жұмысты кім істейді?", деп қынжылыс білдірді қала әкімі.

Дегенмен, бұл мәселені шешу үшін халықты жұмыспен қамту орталығы негізінде кадрларды іріктеу орталығы жұмыс істейді. Ол жерде мамандар онлайн режімінде жұмыспен қамту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша қосымша бос жұмыс орындары ашылды. Қазір 2700 жұмыс орны бар. Мердігер ұйымдарға жолдарды, үйлердің қасбеттерін, абаттандыру алаңдары мен ойын алаңдарын жөндеумен айналысатын жұмысшылар қажет.

Биыл "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында Қарағандыда абаттандыру жұмыстарына 9,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 421 аула, 46 аулаішілік жолдар жөнделеді, 119 тротуарға тас төселіп, 269 ойын және спорт алаңдары орнатылады. Сондай-ақ, бюджеттің арқасында 212 көпқабатты үйдің қасбеттері мен шатырлары ретке келтіріледі. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі уақытта кеншілер астанасында жөндеу және құрылыс жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр.

Брифинг барысында қала әкімі тұрғындарды аяқталған және алда болатын жөндеу жұмыстарына құрметпен және жанашырлықпен қарауға шақырды.

"Мен осы қалада тудым, осында өстім, сол себепті қаламыздың әдемі болғанын, гүлденгенін қалаймын. Менің ойымша, біз қаламызда жасалып жатқан істерге қатысымыз барын мақтан тұтуымыз керек", - деген Нұрлан Әубәкіров, егер жөнделген жерлерді бұзып жатқан біреулер болса, олар туралы жасырмай айту керектігін өтінді.

"Бұзақылардың кім екенін білуіміз керек. Қала үшін жасалып жатқан істерге мұқият қарап, жанашырлық танытуымыз керек. Мұның бәрі бюджеттің ақшасына, сіздер мен біздердің салығымызға істелініп жатқан шараулар", - деп қорытты сөзін қала әкімі.