Дегенмен, қоғамда жемқорлықпен күрестің қарқыны күшейгенімен, көлеңкелі қылмысқа жол берушілердің саны азаймай тұр. Соның ішінде, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын және мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген азаматтардың қызметтік өкiлеттiктерін теріс және заңсыз пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу және заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау, пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық, жеке және заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беру сынды сыбайлас жемқорлық деректері әлі де ел аумағында белең алуда. Мемлекет бюджетін мақсатсыз пайдалану, қызмет бабын жеке бас пайдасына жарату, жұмысқа қабылдау барысында белгілі бір қаражат мөлшерін талап ету, тексеріс мекемелерінің келуіне орай қаржы жинау секілді сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де қазіргі қазақ қоғамында жиі ұшырасып келеді.
Қайтпек керек?! Мұндай жағдайда, ел азаматтарының қолдауы мен белсенділігі, ашықтығы мен оперативтілігі айрықша маңызға ие. Анығында, "Жемқорлыққа қарсымыз!" деген ортақ ұран көптің көкейінде көлкіп тұрғанмен, іске келгенде қоғам індетіне қарсы тұру жалқының жұмысы, ардың ісі болып саналады. Сондықтан қандай да бір сыбайлас жемқорлық көріністеріне куә болған азаматтың әлеуметтік індетке көз жұма қарамауы, белсенді әрекет ете білуі - еңселі еліміздің ертеңі үшін жасалған ерен ерлікпен және елеулі еңбекпен пара-пар.
Ең алдымен, қандай да бір жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы ақпарат білген азамат Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет ететін 1424 Саll-орталығына қоңырау шалуы тиіс. Онда хабарласушының жеке ақпараты құпия түрде сақталып, берілген түрлі ақпараттар мен арыз-шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер операторлар арқылы қабылданады. Ел аумағынан, өңір тұрғындарынан және түрлі елді мекендерден сыбайлас жемқорлық тәуекелін жасады деген ақпарат келіп түскен жағдайда, жедел желінің операторлары абонентті Агенттіктің кезекші офицерімен тікелей байланыстырып, әрбір хабарламаны басты назарға алып отырады. Тіпті, кейбір тұрғындар өз ақпаратына сенімсіздік білдірсе, тегін консультациялық кеңестер беріліп, ақпараттық көмектер көрсетіледі. Бүгінде 1424 сенім телефоны арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижесінде қаншама іс қозғалып, бірқатар көлеңкелі қылмыстың беті ашылып үлгерді.
Сондай-ақ қоғам індеті турасында тиісті мекемеге хабарлаудың өзге де жолдары қарастырылған. Мәселен, Агенттікке не болмаса Агенттіктің аумақтық Департаменттеріне жазбаша түрде арыз қалдыру арқылы хабардар етуге болады. Қазіргі таңда, Агенттік "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" идеясын негізге ала отырып, әрбір тұрғын тарапынан келіп түскен ақпаратқа айрықша ден қоюда. Азаматтардың құқықбұзушылық туралы берген мәліметі расталып, сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жұмысына жәрдемдескені үшін аталмыш азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді және олардың жеке бас қауіпсіздігі мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болады.
Құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу, яғни біржолғы ақшалай сыйақы беру мөлшері сыбайлас жемқорлық қылмысының деңгейіне сәйкес беріледі. Қазіргі таңда, 1 айлық есептік көрсеткіш - 2778 теңгені құрайтындығын ескерсек, әкімшілік істер бойынша - 83 340 теңге (30АЕК), қылмыстық істер бойынша - 111 120 теңге (40АЕК), орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша - 138 900 теңге (50 АЕК), ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 194 460 теңге (70АЕК) және аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша 277 800 теңге (100 АЕК) мөлшерінде ақшалай сыйақы беру реттілігі қарастырылған. Бұған қоса, құны 2 778 000 теңге (1000 АЕК) асатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал мен көрсетілген қызметтер соммасының 10%-ын құрайды.
Бұл әдіс бармақ басты, көз қысты әрекеттердің анықталуын жеделдетіп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы қашықтықтың азаюына және халықпен кері байланыстың сапасын арттыруда тиімді тетік көзіне айналып отыр. Сондықтан ел игілігі жолында жұдырықтай жұмылып, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілерін хабарлауда азаматтық белсенділікті арттыру қажеттігін алға тартамын. Мерейлі мемлекетіміздің кемел келешегін қалыптастыруда қоғамдық пікірдің құны қымбат, маңыздылығы жоғары екендігін ұмытпағанымыз абзал.
Мирас ҚАРҒАБАЙ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары.