08 Қазан, 2013

Кәсіподақтар күні аталып өтті

1146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Астанада Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен кәсіподақтар күні кеңінен аталып өтті.

 

Өткен сенбіде Астанада Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен кәсіподақтар күні кеңінен аталып өтті.

Кәсіподақтар федерациясы­ ғимаратының алдында қала тұрғындары мен меймандары үшін азық-түлік жәрмеңкесі жұ­мыс істеп, арты үлкен мерекелік шараға ұласты. Өнерпаздар концерт қойып, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, халыққа таратылған ұтыс лотереялары ойналып, жеңімпаздар тоңазытқыш пен теледидарға, басқа да көптеген бағалы сый­лықтарға ие болды.

Осы шара аясында Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әділғазы Құсайынов шараға облыстардан шақырылған делегаттармен дөңгелек үс­тел басында кездесіп, кәсіподақ­тардың қазіргі жағдайы мен бола­шақ даму барысы туралы­ үлкен әңгіме қозғалды. «Кәсіп­одақтар туралы» заң жобасы­ның әзірленіп, Парламент тал­қы­лауына ұсынылғандығы, бұл заң қабылданған кезде кәсіп­одақтардың дамуына үлкен қозғау салатындығы айтылды.

Осы шараға өңірлерден келген делегаттар өз ойларын ортаға салды. Олар мұндай шараның көп жылдардан бері бірінші рет кең көлемде ұйымдастырылып отырғандығын айтып, осы іске мұрындық болған Қазақстан Кәсіподақтары федерация­сына үлкен алғыстарын білдірді.

Мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың батыс филиалында электр механигі болып қызмет етемін. Біздің ұжымда 1200 адам бар. Атырауда, Ақтауда бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Бізде кәсіподақ жұмысы жақсы жолға қойылып келеді. Жұмыс берушімен арада ұжымдық шарт жасалған. Осыған сәйкес ұжым жұмысшыларына бірқатар әлеуметтік көмектер ұсынылып отыр. Жұмысшылардың және­ олардың балаларының дем­алысына қолайлы жағдай­лар туғызылған. Еңбек қауіпсіз­ді­гінің мәселесі ұжымдық шарт­та ескерілген. Осының бар­лығы елімізде кәсіподақ қоз­ғалысының өріс ала түскендігін білдіреді, – деді мерекелік шараны атап өту үшін еліміздің батыс өңірінен келген Қайрат Әлиұлы. Ол өзінің кәсіподақ тарапынан өткізіліп отырған мұндай шараға бірінші рет қатысып отырғандығын айтып, осыған байланысты Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының басшылығына алғысын білдірді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».