08 Қазан, 2013

Ортақ мақсат, бір мүдде

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев журналистерге дәстүрлі брифинг өткізіп, аптаның маңызды іс-шараларымен таныстырды.

 

Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев журналистерге дәстүрлі брифинг өткізіп, аптаның маңызды іс-шараларымен таныстырды.

Әңгіме өзегіне айналған мәселелердің бірі еліміздің мұнай-газ секторы болды. Бұл орайда А.Әбибуллаев: «Қазақстанның энергетикалық кешені – ұлттық экономиканың қозғаушы күші, сондықтан біздің мемлекет мұнай-газ секторының кешенді дамуына басты назар бөлуде», дей келе, Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, мұнай-химия саласына инвестициялар мен жаңа индустриялық-инновациялық технологияларды тартуға барынша мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Бір атап өтерлігі, 8-9 қазан күндері Астанада өтетін KAZENERGY VIII Еуразиялық форумы аясында елдің заманауи энергетикалық саясаты, мұнай-газ саласындағы әлемдік үдерістер мен көптеген басқа да өзекті мәселелер талқы таразысына салынады екен.

Ресми өкіл брифинг барысында басқа да маңызды іс-шаралар жайында баяндап берді. Мәселен, ол 11 қазанда Қазақстан Парламенті қос палатасы депутаттарының, Президент Әкімшілігі, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Әділет және Ішкі істер министрліктері мен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, сонымен қатар, Қылмыстық кодекс саласындағы сарапшылардың қатысуымен «Қылмыстық құқық пен процестің конституциялық-құқықтық проблемалары» тақырыбына арналған конференция ұйымдастырылып, онда Парламент қарауына жолданған Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстердің жаңа оқылымы аясындағы өзекті мәселелер талқыланатынын айтты. Ал 10-12 қазан күндері алғаш рет Қазақстан мен Орталық Азияда «ExpoGroup» компаниясы ұйымдастырып отырған «Astana International Auto Salon - 2013» Тұңғыш халықаралық автокөлік көрмесі өтпек көрінеді. Бұл көрменің басты мақсаты – тиімді әрі заманауи жұмыс орындары мен жоғары қосымша құнды өндірістерді құру және отандық автоөнеркәсіпті дамытуға инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту.

Ресми өкілден кейін сөз алған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров өз кезегінде ағымдағы жылдың мамыр айында қабылданған «Жасыл экономика» бағдарламасымен таныстырды. Министр бұл бағдарламаның «жасыл технология», сондай-ақ, «жасыл экономика» және «жа­сыл даму» ұстанымдарын қолдану жө­нін­дегі тәжірибелер жөнінде баяндап берді.

«Жасыл экономиканың» бір кезеңіне Орталық Азия елдері, онда да ТМД елдері ғана емес, сонымен қатар, Моңғолия, Ауғанстан және Еуропа кеңістігіндегі басқа да елдер қатысады. «Жасыл экономика» ұстанымы әлі жандана қоймаған посткеңестік кеңістік елдері «Жасыл көпір» бағдарламасының арқасында «жасыл дамуға» қарай бірінші қадам жасайды. Біздің экожүйеміз, трансшекаралық өзендеріміз, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика мәселелеріміз ортақ. Сондықтан да «Жасыл көпір» бағдарламасы болашақта өңіріміздегі осы мәселелердің бәрін шешуі тиіс. Сәтті іске асқан жағдайда, мәселен, 10-20 жылдан кейін ол одан әрі жаһандық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін», деді Н.Қаппаров бұл орайда.

Ведомство басшысы, сонымен қатар, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, халықаралық мамандандырылған көрмені өткізудің тұжырымдама жобасын әзірлегенін, қазіргі уақытта жобаның үздік эскиз-дизайны сәулет кешенінің қорытындылары шығарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жобаға 22 мемлекеттен 49 компания, оның ішінде Қазақстаннан 20 компания қатысыпты.

Бұған қоса, ЭКСПО аумағын көрмеден кейін пайдалану бойынша жұмыс штабы кұрылып, тіркеу досьесі тарауының жобасы әзірленген екен. Оның негізінде көрме бойынша негізгі іс-шаралар белгіленген. Бұл ретте, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының халықаралық қолдауға ие болғанын, 2012 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму жөніндегі конференциясының қорытынды құжатына енгенін де айта кеткен жөн.

«Біз бір жыл бойы тұжырымдаманы әзірледік және атқарылатын жұмыстың барысын тұжырымдадық. 30 қыркүйекте өткізілген конференция осынау бағдарламаға бастама болды. Хартияға қосылған сегіз елдің қатарында Германия, Ресей, Қырғызстан және Моңғолия бар. Бағдарламаға басқа да елдерді тарту жұмысын жалғастыра бермекпіз», – деді ведомство басшысы.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».