08 Қазан, 2013

Халық бірлігінің тұтқасы

327 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

DSC 0498Керегесін кемеңгерлер кеңіткен, мәдениет маржандарының мәуесі төгілген Көкшетау айрықша қуаныш пен толғаныс үстінде. Өр қазақ өзінің ұлы ханы Абылайдың 300 жылдық мерейлі тойын асқақ рух желпінісінде бас­тады.

Керегесін кемеңгерлер кеңіткен, мәдениет маржандарының мәуесі төгілген Көкшетау айрықша қуаныш пен толғаныс үстінде. Өр қазақ өзінің ұлы ханы Абылайдың 300 жылдық мерейлі тойын асқақ рух желпінісінде бас­тады.

Сарыарқаға сарыала күз келсе де бүгінгі күннің жылылық тартар шуағы көңілдерді көгерімге көтеріп тұрғандай әсерге бөлейді. Абылай алаңында респуб­лика облыстарынан, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар, жергілікті тұрғындар бір-бірімен иін тіресе амандасып, тойға құтты болсын айтып жатыр.

DSC 0498

DSC 0259

Таңғы сағат 10-да мерейтойдың рес­­ми ашылу салтанаты Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.На­зарбаев 1999 жылдың 5 қарашасында аш­қан Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Алғашқы лекте Мемлекеттік хат­шы Марат Тәжин, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек баба рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Гүлмен көмкерілген ескерткіш алдында Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметов көрікті Көкше топырағында Абылай ханның туғанына 300 жыл толуымен дүйім жұртты құттықтады.

«Алаш­тың айбын-ардағы – Абылай бабамыздың тарихтағы орны ерек. Ол, қазақ халқы тұтастығының негізін қалап, оның Тәуелсіздігі жолында өмірін құрбан еткен дара тұлға. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әр халықтың тарихында қаһарман тұлғалар бар, олардың есімдері әрқашан ел жадында. Қазақ халқы тарихындағы ұлттық қаһарманның бірі – Абылай хан», деп атап көрсеткен болатын. Елбасының осынау сөзінен бабамызға берілген әділ бағаны анық сезінеміз. Сондықтан да ханның 300 жылдық мерейтойы жалпыұлттық мерекеге айналып отыр. Бүгінгі мерейтой аясында өткізілетін барлық шаралар елімізді біріктіріп, мемлекетімізді нығайта түсуге үлес қосады», деді өңір басшысы.

Алаңдағы мың адамдық біріккен хор мен бес жүз адамдық қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеген айбынды әнұранымыз Көкшенің биігінен қанаттанып, барша қазақ еліне тарап жатқандай әсер қалдырды. Одан кейін Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні мен Абылайдың «Шаңды жорық» күйі жер-жаҺанды баурап алды. Осыдан кейін мерекелік шаралар Абылай хан, Тәуелсіздік алаңдарында, орталық саябақта, қаланың барлық шағын аудандарында жалғасып жатты.

«Көкшетау» мәдениет сарайында «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісі өткізілді. Абылай ханның қазақ хан­дығын дамытудағы тарихи орны мен бүгінгі ұрпақ санасында отансүйгіштік, азаматтық құндылықтарды қалыптас­тыру мәселелеріне арналған басқосуға Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Пар­ламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Қазақстан халқы Ассам­блеясының, мемлекеттік органдардың, ғылыми және шығармашылық ұйым­дардың өкілдері қатысты. Конферен­цияның ашылуында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Онда былай делінген:

«Қай елдің де айбынын асырып, айдынын тасытатын басты белгісі – ұрпаққа мұра, ұлтқа ұран болатын ұлы тұлғалары. Қазақ халқының осындай ұлы перзенттерінің бірі – Абылай хан. Алаш баласының азаттықты ардақ тұтқан асқақ арман-аңсары мен тағдыр талайын еңсеріп отыратын ерен ерік-жігері ардақты Абылайдың бір бойында тамаша тоғысқан.

Абылай хан – қазақ рухын қайта түлетудің алтын діңгегіне айналған тұлға. Даңқты бабасы туралы Шоқан Уәлиханов: «Абылай хан дәуірі – қазақтардың ерлігі мен өрлігінің дәуірі» деп айшықты айтқан болатын.

Абылай хан қазақ тарихының талмау тұсында өмірге келіп, халықтың басына күн туған қиын кезеңде елдің басын біріктірген өз заманының аса көрнекті мемлекет қайраткеріне, ата жауға қарсы атойлап қол бастаған қаһарлы қолбасшыға айналды.

Қазақ халқының Абылай хан басшылығымен сыртқы дұшпанға қарсы қиян-кескі күресі, туған жерді ата жаудан азат етіп, сол сыртқы дұшпанға кезеңнің күрделі геосаяси жағдайында айналадағы мемлекеттермен қарым-қатынаста дербестігін сақтауға қол жеткізуі – ұлттық тарихымыздың жарқын беттері.

Абылай ханның 300 жылдығы – елдігіміздің бедерлі бір белесі. Осыған орай халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның ұйымдастырылуы да, оның айбынды ханымыз орда тіккен киелі Көкше жерінде өткізілуі де өте орынды. Біз бұл жиында Абылай ханның ерекше еңбегін ашып көрсетумен шектеліп қалмауымыз керек. Бәрінен бұрын Абылай ханның қолы неге жетті, неге жетпеді, бабамыз нені армандады, бізге нені аманаттады, болашақ ұрпақтарынан нені күтті, келер күндерге нені ескертті, біз сол заманның тарихынан қандай тағылым аламыз деген сауалдарға жауап іздеу, табуға тырысу керек. Мыңжылдықтар тоғысында Абылай арманын жүзеге асырып, азат мемлекет құрған, тәуелсіз елдің ордасын ел ортасына, айбынды ханымыз ат ойнатқан Арқа төсіне орнатқан мына біз жас тәуелсіздігімізді қалай шыңдаймыз, дүбірлі дүниеде алдымыздан тосылатын сын-қатерлерге қалай шыдаймыз деген мәселелер өте маңызды. Азаттықтың жолы азапты, тәуелсіздіктің жолы тәуекелге толы болатынын ұмытпауға тиіспіз. Бой таластыратын емес, ой таластыратын заманға, білектіден білікті басым түсетін кезеңге келіп отырғанда мұның бәрі көп болып кеңесер күрделі жайлар.

Мәңгілік ел құру жолындағы ұлы сапарымызда біздің бәрімізге Абылай ханның аруағы жар болсын!».

Конференция модераторы әрі баян­дамашы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов: «Абылай аса күрделі заманда өмір сүрді. Сөйте тұра ол туы жығылмаған дана қолбасшы, қиын заманның сұңғыла дипломаты бола білді», – деп атап көрсетті.

Қазақ елінің еңсесін көтеру мен мемлекет мұраты жолындағы күресте Абылайдың мемлекетшіл парасаты, дара батырлығы, жетекші қолбасшылығы, сая­си қайраткерлігі, дипломаттық біртуар қасиеті айқын көрінді. Осындай айрықша қасиеттерінің арқасында ержүрек сұлтан хандық дәрежеге көтеріліп, өз дәуіріндегі түрлі әлеуметтік топтар мен айтулы қайраткерлердің қолдауына ие болды.

Ұлттың тұрмыс-тіршілігінде қор­да­ланған мәселелер де Абылайдың басты назарында болды. Ол бірде күшімен, енді бірде ақылымен қазақ қоныстарында тәртіп пен тыныштық орната білді. Уақыт өте келе ол ақсақалдар билігін әлсіретіп, басқарудың дәстүрлі институттарын (құрылтай) қайта жандандыруға күш салды, сот жүйесін нығайтып, өзінің құзыретін хан болып сайланған кезде белгіленген шектерден асыра кеңейтті.

Ханның ішкі және сыртқы билігінің бар мазмұны халықтың тұтастығына бағытталған еді. Сөйтіп, ол жасампаз әрі стратег, дана билеуші және саяси көшбасшы ретінде танылды. Оның шебер саяси амалдары күштеп отарлауға, мемлекеттің тұтастығын бұзуға қарсы тұрды. Ел ханына сенді, хан елдің үмітін ақтай алды. Қазақ халқының жадында ол осындай сипаттарымен сақталып қалды.

«ХVІІІ ғасырдан бастап, – деп жазады Елбасы «Тарих толқынында» атты еңбегінде, – Орталық Азияның түркі тектес халықтары ұдайы жалғасып, тереңдей түскен экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дағдарыстар кезеңіне душар болған, әрі өз аумақтарын отаршылдық саясат есебінен кеңейте түсуді көздеген мемлекеттердің оңай олжасына айналған».

Осы тұрғыдан алғанда, Абылай заманының бай әрі күрделі тарихын зерттеудің және талдап қорытудың танымдық, сындарлы мәні арта түседі.

Ғылыми басқосуда Ресей жаратылыстану ғылымдары акаде­миясының академигі Н.Бекмаханованың, Түрік академиясының президенті Ш.Ибраевтың баяндамалары жұртшылық назарын аударды. Сондай-ақ көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев пен сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шот-Аман Уәлиханов сөз сөйледі.

Биыл тарихшыларымыз Пекинге барып, Абылайдың Қытай басшыларына жазған көптеген хаттарын алып келген-ді. Ал мына тойға сол Қытай, Моңғолия, Әзербайжан және Ресейден Абылайдың ұрпақтары келіп қатысты. Олар Елбасына ризашылық белгісі ретінде Абылай ханның бюстін сыйға тартты.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде төрт секция бойынша жалғасын тапқан ғылыми-практикалық конференцияда да әлемге танымал ғалымдар Абылай дәуірінің ел тәуелсіздігі жолындағы рөлін ашып көрсетті дей аламыз.

Той аясында өткізілген гала концерт, мәдени көпшілік шаралары тағылым ұялатуымен есте қалды.

Красный Яр кентіндегі «Құлагер» атшабарындағы «Азат рухтың Абылай ханы» атты театрландырылған көрініс қасіретті жоңғар шапқыншылығы мен еліміздің азаттық күресінің толық картинасын көз алдымызға шыншылдықпен елестетті. Ал, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға Астана, Алматы қалаларынан, 12 облыстан 130 адам қатысты. Мұнда жібек желіс, жорға жарыс, құнан бәйге, тоқ бәйге, аламан бәйгенің бәсі тігіліп, жеңімпаздар алты жеңіл автокөліктің кілттеріне ие болды.

Осылайша Көкше төрінде дүрілдеп өткен той туралы мақаланы ақын Шөмішбай Сариевтің «Абылай десе жүрек жылытады, Кім қалай қан майданды ұмытады. Ұланғайыр Елі үшін жанын салған, Қазақтың Абылай хан – ұлы ханы! Демеу берген күйі мен өлеңдері, Құс қанатын талдырған көлемді Елі, Бұқар жырау ақынмен Елді ойлаған, Қазақтың Абылай хан кемеңгері!», деген өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көріп отырмыз.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

--------------------------------------

Суреттерді түсірген

Ермұрат Досымов.