08 Қазан, 2013

Жұмыспен қамту жағдайымен танысты

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Та­мара Дүйсенова Алматы облысына келген жұмыс сапа­рын­да өңір жастарымен және өндіріс орындары жұмыс­шы­лары­мен кездесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мем­ле­кеттік бағдарламасының орындалу барысымен танысты.

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Та­мара Дүйсенова Алматы облысына келген жұмыс сапа­рын­да өңір жастарымен және өндіріс орындары жұмыс­шы­лары­мен кездесіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мем­ле­кеттік бағдарламасының орындалу барысымен танысты.

Министрдің жұмыс сапарына орай Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өңірдегі жұмыссыз жүрген жастарға, үкіметтік емес ұйымдар белсенділеріне, колледждер оқушыларына аталған министрліктің арнайы дайындаған әлеуметтік еңбек салаларының электронды қызметтері мен «Қазақстандағы жұмыс» порталы онлайн тәртібінде таныстырылды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы мен Алматы облысын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 8 айында облыста 11805 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық дең­гейі 0,3 пайызға төмендеді. Тұ­тастай алғанда, мемлекеттік бағ­дарламаны жүзеге асыруға 11 млрд. теңгеге жуық қаржы қа­растырылып, өз мақсатында иге­рілуіне апта сайын мониторинг жүргізіліп отырады. Облыс хал­қының 70 пайызы ауылдар­да тұратындықтан, бөлінген қа­ражаттың 8,4 млрд. теңгесі елді ме­кендерді дамытуға жұмсалуда, деді Алматы облысы әкімінің мін­де­тін атқарушы Амандық Баталов.

Жетісу өңірінде мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты – шағын несиелеу жұмысы да қар­қынды жүргізілуде. Мемлекеттен жеңілдікпен беріліп отырған не­сиені дер кезінде алған ауыл тұрғындары ұтқырлықпен шаруа­сын ретке келтіріп, кәсіпкерлік көрігін қыздырып отыр. Министрге бү­гінде еңбек еткісі, жеке кәсібін ашқысы келген жанға мемлекет тарапынан жасалып отырған қол­даудың жақсы екендігін жарыса жеткізген жандар алдағы уақытта өз кәсіпкерлігін кеңейтуге жасаған жоспарларын да жасырмады.

Тамара Дүйсенова жұмыс сапарының бірінші күні жастармен жүздескен соң Текелідегі іргелі кәсіпорын «Қазмырыш-ЖЭК» ЖШС-нің жұмысын көріп, қаланы жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған кешендегі тірлікке көңілі толғанын аңғартты. Осы өндіріс орнында Талдықорған аймағындағы ірі өндіріс орындары – «Қазмырыш-ЖЭК», «ТАТЭК», «Қайнар-АКБ», «Метакон ТК», Инфроэнерго» ЖШС басшыларымен, жұмысшыларымен жүздесіп, Мемлекет басшысының міндетті кәсіби зейнетақы жарналары жөніндегі тапсырмасын жан-жақты түсіндірді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Алматы облыс­тық әкімдігінде үшжақты ко­мис­сияның мүшелерімен кезде­сіп, «Кәсіподақтар туралы» заң жобасы жайлы айтып берді. Облыс орталығының ір­ге­сіндегі Көксу ауданының тұр­ғындарымен кездесіп, «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы- 2020» бағдарламасына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді. «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық фили­а­лы­­ның ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларды толғандыратын проблемалардың жергілікті дең­гейде шешуге болатындарын реттеу жөнінде тиісті тұлғаларға тапсырмалар берді. Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында ауыл­дық округ әкімдері, жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар бөлімдері басшылары­мен «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» мемлекеттік бағдар­ламасының жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында өткен семинарға қатысып, ауыл өмірінің кейбір түйткілдерімен етене танысты.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.