Қоғам • 16 Маусым, 2020

Ғасырлық мұралар – онлайн форматта

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Халықаралық архив мамандарының күні бір аптаға созылды. Апталыққа елордалық мемлекеттік архив те атсалысып, бірқатар маңызды шараға мұрындық болғанын айта кетейік.

Ғасырлық мұралар – онлайн форматта

Қалалық мемлекеттік архивтің директоры Мейрам Бектембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда құнды тарихи құжаттарды цифрлы форматқа көшіру ісі қарқынды жүріп жатыр.

– Елорданың архивінде осыған дейін 3 млн-нан астам құжат цифрланды, бағалы тарихи дереккөздердің барлығын мекеменің сайтынан көруге болады. Пандемия кезінде архив деректеріне қызығушылар үшін деректермен еш ақысыз онлайн танысуға мүмкіндік жасадық, – дейді Мейрам Бектембаев.

Қалалық архив бүгінгі таңда өз қызметкерлерінің санатын көтеріп, біліктілігін арттыруға, әлеуметтік жағдайын да жақсартуға барынша көңіл бөлуде. Жоғары білікті архив мамандары сол арқылы мұрағат қорындағы құнды деректерді зерттеу ісінде жетістіктерге жете алады. Қорда әлі де жеткілікті дәрежеде зерттелмеген дүниелер аз емес. Құжаттардың көпшілігі латын графикасымен, арабтың өрме жазуымен өрнектелген, олардың түпкі мағынасы әлі де болса ашылған жоқ. Сол себепті қалалық архив басшысы ғалымдарды ізденіс барысында архив деректерін барынша кеңірек пайдалануға шақырды. Оның үстіне, құжаттардың бәрін қазір мұрағатта шаң жұтпай-ақ, онлайн форматта алуға болады.

Биыл ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толғаны халықаралық ауқымда аталып өткені бел­гілі. Қазақстандықтардың ұлы жеңіске қосқан үлесі, май­данның алдыңғы шебіне шақыртылғандар туралы, тыл­дағы ірі өнеркәсіп орындарына шақыртылғандар туралы КСРО Қорғаныс министрлігінің деректері қалалық архивтің сайтында жарияланды. Майдандағы ерлігі үшін және тылдағы ерен еңбегі үшін түрлі дәрежедегі ма­рапаттарға ие болғандарға қатысты барлық дерекпен де осы сайт арқылы танысуға болады.

Жалпы, қалалық архив қорында 1915 жылдан бастап күні бүгінге дейінгі аралықты қамтитын 350 мыңнан астам құнды құжат бар екен. Қорды байыта түсу үшін әр салаға қатысты 332 дереккөз жасалған, деректерді жинау ісіне мәдениет пен өнер саласындағы, журналистикадағы белді мамандар, қаламгерлер, ғылым қайраткерлері, елорданың дамуына сүбелі үлес қосқан танымал тұлғалар, ардагерлер тартылғанын айта кету керек.

Максим Горький: «Өткенді білмейінше, бүгінің мен ертеңіңнің мән-мағынасын түсіну мүмкін емес» деген екен. Бас қаланың бүгінін саралап, ертеңін айқынырақ бағамдауда қалалық архивтегі құнды құжаттардың рөлі зор екені анық.

Соңғы жаңалықтар