Аймақтар • 16 Маусым, 2020

235-ші пәтер Хинаят Қасыпқа бұйырды

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен Діни басқарманың ғұламалар кеңесінің XXV мәжілісі өтті. Мәжілістен соң өңірдегі аз қам­тамсыз етілген 100 отбасыға арнайы сыйлық табыс етілді.

235-ші пәтер Хинаят Қасыпқа бұйырды

Ал басқарманың «Зекет» қоры бастамасымен «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық шарасы жалғасуда. Қор арқылы еліміздің барлық өңір­лерінде тұратын мұқтаж жандарға 235 пәтер табыс­талған екен. Қайырымдылық шарасы аясында өңірімізде 7 отбасыға пәтер берілген.

Бас мүфтидің қолынан 235-ші болып, 2 бөлмелі пәтер кілтін алған Хинаят Қасып Майқайың кен­тінде тұрады.

– Адам баласы үшін баспананың орны ерекше. Шаршағанда тынығатын, құлшылық жасап, дұға ететін, бала-шағаңмен қауышып, қуа­нышқа бөленетін, қонақ күтіп, батасын алатын мекенің. Сондықтан осы үйді игілік жолында пайдалануыңызға тілектеспін. Осы отбасыға қолдау білдіріп, қуанышын еселеген адамдарға Алла разы болсын. Жасаған қайы­рым­дылықтың қайырын өздеріңіз де көріңіздер, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

– Бұл апайымыз өзі жалғыз 5 баланы тәрбиелеп өсіруде. 1992 жылы Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып, елге оралған. Баспанасыз әр жерде жүріп, қиындық көрген ананың пәтер алғанына бәріміз де қуаныштымыз. Алдағы уақытта тағы бір отбасыға пәтер сыйласақ деген ойымыз бар, – дейді кенттегі мешіт имамы Солдат Бодаубек.

Айтуынша, Хинаят Қасыптың пәтер алуы бұл кенттегі мешіт алқа мүшелерінің бастамасы және ұйға­рымымен жасалған игілікті іс. Был­тыр тағы бір жалғызілікті ананың пәтерінің шатырын жөндеуге көмек жасалып, 10 отбасыға картоп тара­тылған.

Ал мешіт ауласында қайырымдылық жәрмең­келері өткізіліп, одан түскен қаржы «Зекет» қорына аударылады, қалғаны жергілікті отбасыларға кө­мекке беріледі.

Өткен жылы Үшқұлын ауылы орта мектебінің 4 оқушысы қысқы жылы, қымбат, сапалы күртеше­лермен қамтамасыз етіліпті.

Жалпы, «Зекет» қор-әлеуметтік, қайы­рым­­­ды­лық, мәдени, білім беру және қоғамға пай­далы игі де ізгі мақсаттарды жүзеге асыру үшін құрыл­ған ком­мерциялық емес ұйым. Қордың негізгі мақ­саты – қасиетті Құран Кәрім мен пайғамбарымыз Мұхам­медтің (с.ғ.с.) сүннетімен шариғат үкімдеріне сәйкес зекеттің жинақталуы мен таратылуын жүзеге асыру.

Ал адамдар арасында мейірімділік, бауырмал­дық, жанашырлық сезімін оятатын қайырлы іс жасау – бәрімізге ортақ. «Жақсылық жасап жарыс» дейді хадис. Мешіт қызметкерлерінің тұрмысы төмен, мұқтаж отба­сыларға көмек қолын созған қайырымдылық жарысы бәрімізге үлгі болсын.

 

Павлодар облысы