Қоғам • 16 Маусым, 2020

Көпшілігі екпенің өзіне емес, оның сапасына қарсы - Аида Балаева

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасының алдын алу екпелерін салуға қатысты кейбір тармақтар қоғамның қызу талқысына түсіп, өзекті мәселеге айналғандығын айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Көпшілігі екпенің өзіне емес, оның сапасына қарсы - Аида Балаева

"Вакцинация маңыздылығын, әсіресе, бүгінгідей бүкіл әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде қайта бағалау барынша күрделі екендігі белгілі. Қазір вакцина әзірлеудің оң нәтижелерін тағытсыздана күтіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі екпеге қарсы идеялар мен пікірлер де бар. Әрине оларды елемей кетуге болмайды", - деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, көпшілігі екпенің өзіне емес, оның сапасына қарсы. Жаңа кодекс ерекшеліктердің бәрін ескеріп, жауапкершіліктің, оның ішінде сапасыз вакцинация үшін де нақты тетіктер енгізеді.

"Оның сәтті жүзеге асырылуына сіз бен біздің денсаулығымыз ғана емес, сондай-ақ балаларымыз бен немерелеріміздің де аман-есендігі байланысты. Расында бұл болашағымыздың кепілі. Сондықтан біз үшін ең алдымен сарапшылардың пікірлерін тыңдау маңызды. Бүгінгі кездесуіміз қоғамдағы барлық өзекті сұрақтарға лайықты жауап табатынына сенімдімін", - деді ол.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Facebook парақшасында онлайн режимде "Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар" тақырыбында кездесу өтіп жатыр. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және БАҚ өкілдері қатысуда.