08 Қазан, 2013

«Кіл жүйрікте кім жүйрік?»

673 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Төл өнеріміз айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық жексенбі күні елорданың Конгресс-Холл сарайын бетке алды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жәдігер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты халықаралық ақындар айтысы Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сайдың тасындай іріктелген сегіз ақын барын салған бұл сайысты әнші Нұрлан Өнербаев жүргізді.

Айтыс 6

 

Төл өнеріміз айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жұртшылық жексенбі күні елорданың Конгресс-Холл сарайын бетке алды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жәдігер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты халықаралық ақындар айтысы Абылай ханның 300 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сайдың тасындай іріктелген сегіз ақын барын салған бұл сайысты әнші Нұрлан Өнербаев жүргізді.

Айтыс 6

01-Айтыс 2

Аламан айтысты кіріспе сөзбен ашқан «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ақындарға сәттілік тіледі. «Кеше ғана Көкшеде басталған Абылай ханның 300 жылдық тойына фракция депутаттарымен бірлесе отырып қатысқан болатынбыз. Бүгінгі айтыс бұл тарихи тойдың жалғасы деп білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарияланған мақаласында Абылай ханның орындалмаған үш арманы туралы айтқан еді. Елбасының салиқалы саясатымен еліміздің бірлігі мен ынтымағының арқасында бүгін біз сол бабаларымыз аңсаған арманға қол жеткізіп отырмыз. «Нұр Отан» – халықтың партиясы. Біздің негізгі мақсатымыз елдің мұң-мұқтажын біліп, кемшіліктерді жасырмай талқылап, оның оңтайлы шешімін тауып, мемлекеттік органдармен бірлесе орындау. Бұл ретте айтыс пен партияның табиғаты бір. Өйткені, айтыскер ақындар да халықтың сөзін билікке адал жеткізуші. Сондықтан да бүгінгі айтыс нағыз халық демократиясының айқын көрінісі деп білеміз», – деді ол.

Ақындардың алғашқы жұбын Біржан Байтуов пен Мұхтар Ниязов бастады. Қос ақынның толғамды ойлары мен салмақты пікірлерін жиылған жұрт тамсана тыңдады. Айбек Қалиев пен Қытайдан келген қандасымыз Қанатбек Зәйтоллаұлының айтысы да өзіндік сипатымен ерекшеленді. Қашанда сабырлы қалпынан танбайтын Айбектің ой орамдары көрерменнің қолдауын тауып отырса, Қанатбектің де жүйріктер қатарынан екеніне еш күмән келтірілмеді.

01-Айтыс 1Жас ақын Жандарбек Бұлғақов Айнұр Тұрсынбаевамен шыққанда бұл жекпе-жек қалай болар екен деген едік. Алайда, күштің тең екені ә дегеннен-ақ байқалып тұрды. Бұлғақтаған Бұлғақовыңыз Айнұрға алдырмады десе де болады. Әсіресе, көпшілік Жан­дар­бектің тапқырлығына тәнті болды.

Сахна төріне көтерілген соңғы жұп – Балғынбек Имашев пен Сара Тоқта­мысова көрерменін күлкіге көмді. Біресе жезде мен балдыз, біресе келін мен қай­наға айтысқан олар әзілге толы өлең жолдарымен айтыс сүйер қауымды бір серпілтіп тастады.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған бұл шараның арасында жыр-термелерге де кезек берілмей қалған жоқ. Тал­ды­қор­ғаннан арнайы келген Алғысбек Дәленнің жүрегін жарып шыққан өз термесі бүкіл залды баураса, жас жазба ақындардың да өлеңдері тыңдалды. Осы айтысқа белгілі айтыскер ақын, марқұм Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан мен қызы Нұрайша қонақ болып қатысты. Нұрсұлтан әкесіне арнаған өлеңін оқыды. Оған ізгі тілегін білдірген «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтыстан түскен 1 миллион теңгені көрермендер алдында сыйға тартты.

Сонымен, екінші айналымға шық­қан Жандарбек Бұлғақов, Қанатбек Зәйтол­лаұлы, Айнұр Тұрсынбаева және Бал­ғынбек Имашев экрандағы суретті жырлау бойынша сайысқа түсті.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде – 2 миллион теңгені Айнұр Тұр­сын­баева иеленсе, бірінші тұғырға Жандар­бек Бұлғақов 1,5 миллион теңгемен жай­ғас­ты. Ал екінші орынға Балғынбек Има­шев көтерілді. Оның қоржынына 1 мил­лион теңге түсті. Қытайдан келген қан­дасымыз Қанатбек Зәйтоллаұлы жүлделі үштікті 750 мың теңгелік сертификатпен қорытындылады.

Өзге ақындар да құралақан қалған жоқ. Олардың да әрқайсысына жарты миллион теңге ұсынылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы сыйлығы екі адамға – Меккеге қажылық сапарына жолдама Сара Тоқта­мы­соваға тапсырылса, «Қазайтыс» сайты өз тайын Балғынбекке мінгізді.

Қазылар алқасының төрағасы, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты, белгілі жа­зушы Алдан Смайыл қатысқан барлық ақындарға алғысын білдіре келе, өнер адамдарының қандай да құрметке лайық екендігін айтты.

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,

«Егемен Қазақстан».

АСТАНА.

––––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар