Спорт • 16 Маусым, 2020

Олимпиада күніне орай үздік мурал эскизіне конкурс жарияланды

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитеті Халықаралық Олимпиада күніне арнап еліміздің әр аймағындағы үздік мурал эскизіне республикалық конкурс жариялады, - деп хабарлады ҰОК комитеті.

Олимпиада күніне орай үздік мурал эскизіне конкурс жарияланды

Конкурстың тақырыбы 2020 жылғы Олимпиада күнінің ұранымен бірдей – "Олимпиада балалық шақтан басталады". Болашақ Олимпиада жеңістерінің іргетасы бала кезден қалыптасады.

"Олимпиада чемпионы болып туылмайды, Олимпиада чемпионы болып қалыптасады. Басты мақсатымыз – жастарға осы бағытты түсіндіру. Еңбекқорлық, төзімділік және  өз мақсатына ұмтылу арқылы үлкен жеңістер мен Олимпиада жүлделеріне қадам басуға болады. Олимпиада чемпиондары мен спортшылардың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа жарқын үлгі екені анық. Олардың жеңіске деген жігері мен ел даңқын асқақтату жолындағы еңбегі спорт арқылы бала арманды орындауға болатынының дәлелі. Дәл осы мақсат арқылы еліміздегі талантты суретшілер мен өнерге және спортқа ынтық жандарды олимпиадалық құндылықтарды дәріптеуге шақырамыз. Олимпизм құндылықтарын таныта түсу үшін қазіргі таңдағы танымал көше өнері (стрит-арт) және мурал таңдалып отыр. Конкурс арқылы еліміздегі суретшілерге қолдау көрсету де көзделуде", - деп атап өтті Қазақстан ҰОК.

Конкурсқа кез келген адам қатыса алады. Толығырақ www.olympic.kz сайтында. Жеңімпаз 21 маусым күні Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтында ашық дауыс беру арқылы анықталады. Қолданушылар 17 еңбектің ішінен ең үздігін таңдап алады.

Жеңімпаз бен екі жүлдегер үшін демеушілер құнды сыйлықтар дайындауда. Әкімдіктермен келісілген соң жеңімпаздың еңбегі жарияланатын үй қабырғасы таңдалады. Осылайша, қазақстандық қалалардың бірінде тарихта алғаш рет олимпиадалық мурал пайда болады.