Қоғам • 17 Маусым, 2020

Балалар лагерінің бағы жанбай тұр

502 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Облыста 1994 жылға дейін 64 балалардың жазғы сауық­тыру орталығы жұ­мыс істесе, бүгінде жиыр­ма­сы ғана қалды. Оның 13-і мемлекеттік, 7-еуі же­ке­меншік.

Балалар лагерінің бағы жанбай тұр

Көкшетау мен Қараөткелдің сулы-нулы, жазиралы жалпақ дала­сы нағыз демалыс үшін жа­ра­тыл­ғандай. Жеміс-жидекке толы орман-тоғайы, мөлдір суы, саф ауасы аз ғана күннің ішін­де жет­кіншектерді құр атқа мін­ген­дей қунатып, тыңайтып жіберер еді. Қара қарғаның миы қай­найтын ыстықта езіліп жатқан ас­фальттың үстінде өкпесін шаң қапқан өндірлерді тұмса таби­ғаттың тұнығына бір сүң­гітіп алса жетіп жатыр. Бірақ соған мүмкіндік аз. Бар мүмкін­дік­ті біртіндеп талан-таражға түсі­ріп жойған өзі­міз. Осы жерде өзекті өртейтін өкі­ніш бар. Соң­ғы екі жыл ішінде Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы балалар және жасөс­пірімдер туризмі мен демалысы ассоциациясы об­лыс­тық білім басқармасымен бір­лесе отырып барлық балалар лагерін түгендеді. Өтпелі кезеңде қан­шама қоғам байлығы болып сана­латын балалардың жазғы лагер­ьлері ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті. Тіпті, тұтас лагерьдің қаншама ғимараттарымен, бар жиһазымен қоса бар болғаны 25 мың теңгеге сатылып кеткені анықталып отыр. Жақсы, сатып алсын делік, бірақ балалардың жазғы демалысына үлесін қоспайтыны, яғни, бастапқы бағытында жұмыс іс­темейтіні қыл­мысқа тең қарекет. Тамылжыған таби­ғат аясындағы бұрын мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған балалар лагерін бауы­­рына басқан байшыкештер ширек ға­сыр бойы есіктерін тарс жауып алған. Сонда осыншама дүние оларға не үшін қажет?!

Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қара­ғайлар көмкерген Қатар­көл­дің бауыры жер бетіндегі жұмақ­тай жайнап тұр. Бар балаға тиесілі, несібесіне жазылған, саумал самалы ағзаға дәру осындай жердің игілігін қашан пайдала­нады екенбіз?! Демалыс айма­ғын­дағы 12 балалар сауықтыру орталығының бүгінде бесеуі ғана жұмыс істейді. Бұл мүлдем аздық етеді. Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана талдау жасалық. Жаз айларында 8 мау­сымда әр орталықта 200-250 баладан дем алу мүмкін болса, жаңағы жұмыс істемей тұрған орталықтарда 30 мыңға жуық бала денсаулықтарын нығайтар еді. Бұл дегеніңіз үлкен олжа емес пе? Қазір немкеттіліктің салдарынан осындай мүмкіндікке қолымыз жетпей отыр. Байып­тап қарасаңыз, жалғыз балалар­дың демалысы ғана емес, осы күні биік мінберлерден айтылып жүрген жұмыссыздық жағдайын біржола болмаса да бір маусымда ішінара шешуге септігін тигізетін жай. Жаңағы біз армандап отырған орталықтар түгел іске қосылғанда 550 қосымша жұмыс орны ашылады екен.

Қазір облыстың әр ауданында жұмыс істемей тұрған лагерьлер бар. Оған қала сыртындағы бес бірдей апатты жағдайдағы балалардың мемлекеттік сауық­тыру орталығын қосыңыз. Сонда қаншама мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Березка» балалар лагеріне күрделі жөндеу қажет. Бұл өңірдегі балалар қазір Қимадағы орта мектептің жанын­дағы жазғы лагерьде дем алады.

Шынын айту керек, мектеп жанындағы лагерьлер амалсыздан ұйымдастырылып отырған шара. Ол жерде таза ауа жұтып, суға түсе алмаса, табиғат аясында тай-құлындай шапқылап бой жаза алмаса, оның қай жері демалыс? Әншейін жазғы демалыста балалардың уақыттарын тиімді пайдалансын деген, тығырықтан жол іздеген талпыныс.

Шортанды ауданындағы «Ақ қайың» балалар лагерінің санитарлық жағдайы талапқа сай болмағандықтан 2009 жыл­дан бері қаңырап бос тұр. Ақкөл аудан­ындағы Урю­пин­ка ауылының маңындағы «Березнячок» балалар лаге­рі­не де жөндеу қажет. 1989 жы­лы Степ­ногорск подшипник зауыты бұл лагерьді Урю­пинка балалар үйінің қара­уы­на бер­ген болатын. Содан бері жұрт есіне жазда ғана түсетін, бір кездегі жайнап тұрған лагерь бүгінде тозып барады. Қа­таркөлдегі «Огонек» балалар лагерінің иесі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Бұл демалыс орталығы да 2010 жылдан бері бал­ғындарға құшағын айқара ашқан емес. Астрахан ауданындағы жеке кәсіпкерге тиесілі «Дельфин» балалар лагері табаны күрек­­тей 25 жыл бойы жұмыс істемейді. Табиғаты әсем өңірлердің бірі Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылындағы же­ке­меншік иелігіндегі «Лес­ная поляна» балалар лагері санитарлық нор­маларға сай болмай, жөн­деу жұ­мыстары жүргізіл­ме­гендіктен 2009 жылдан бері жұмысын тоқтатты. Бұланды ауда­нын­дағы «Шағала», Бу­рабай ауда­нындағы «Вос­ход», «Звездочка», «Спут­ник», «Кон­тинент», «Чайка», «Дашьенка» ба­лалар лагерь­лері де осы тізімнен табылады.

Маңызды мәселеге облыс бас­шылығы назар аудармай отырған жоқ. Бірнеше мәрте қаралып, тығырықтан шығар жол ізделген. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Біздіңше, бір кезде су тегін алған, ел игілігіне қызмет етуге қауқарлы бала­лар­дың жазғы лагерьлерін сол құнына қайтадан қайырып алған жөн. Әйтпесе, не өздері жұмыс істеп пайда таппайды, не қоғамға, жас ұрпаққа қызмет етпейді.

Жердің жыртығын жамайтын, қиян­дағы пайданы шолып тұратын бизнес өкіл­дері бұл бағытта неге талпыныс жасамайды? Оның ең негізгісі, біздің­ше табыстың аздығы болар. Кешегі ке­ңес кезіндегі балалардың жазғы лагерь­леріндегі жиһаздың барлығы дерлік тозып бітті. Енді бәрін жаңалау қажет. Егер демалыс лагерьлерінің иелерінде айналымдағы қар­жы тапшы болса, кәдімгі ауыл шаруашылығындағы тәрізді жылдық мөлшері 2-3 пайызды құрайтын лизинг арқылы несие алуға болмас па? Кепілдік ретінде онсыз да кәдеге аспай жатқан лагерьдің өзін қойса ше?

Мемлекет тарапынан бала­лар туриз­мін қолдауға көңіл бөлінсе, бұл сала жыл бойы үздіксіз жұмыс істер еді. Бәл­кім сол кезде табыс мо­лаяр. Мамандардың айтуына қа­рағанда, қыста да қиындық аз болмауы мүмкін. Мәселен, балалар лагерьлерін жылыту үшін көмір жағуға тура келеді. Іргедегі Зеренді ауда­нында жағар­маймен жылытатын лагерь бар. Оның шығыны қаншалықты екенін өзіңіз есептей беріңіз. Ал кәсіпкер осы шы­ғындарын жолдаманың есебінен жабуы керек қой. Міне, осыдан барып балалар жазғы лагері­нің жолдамасы қымбаттай бермек. Солтүстік өңірде қыс ұзақ, сондықтан бұл тарапта кө­гілдір отынды қолданбасақ, көсегеміз­дің көгермейтіні анық.

Мемлекеттік демалыс ла­герь­ле­рінің мұқтаждығын мемлекеттік тапсырыс жауып тұр. Бұл арада тағы бір көп­тен бері шешілмей келе жатқан кикілжің мәселе бар. Салық кодексінің 592 бабына сәйкес ерекше қорғалатын аумаққа кіру ақылы. Ал Бу­рабай баурайындағы балалар лагерьлері осындай ерекше қорғалатын аумақта тұр. Де­мек, демалысқа келген ба­ла ерекше аймаққа қадам басқан кезде лагерь иесі 265 теңге төлеуге мәжбүр. Әр күн үшін. Биылдан бастап жалғыз демалысқа келген бала үшін ғана емес, лагерьде жұмыс істейтін адамдарға да осындай тәртіп орнатылған. Осы арада қисынсыз жайды көңіл таразысымен сараптап қараңызшы, жұмыс істеуге келген адам ақша төлеуге тиісті. Мұндай келеңсіз көрініс қай жерде бар? Бейсауат көзге байқала бермейтін осындай кедергілер балалардың жаз­ғы демалыс орталықтарының жұмы­сын қожыратып тұр. Мысал үшін «Бал­дәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы бір жылға 40 млн теңге қара­жат төлеген.

1baigenews.kz

Жер бетін жаман тұмау жай­лағалы ата-аналар да биыл­ғы балалар лагері қа­лай жұмыс істер екен деп алаң­даулы. Қатерлі жай күр­деленіп кетпесе, жазғы демалыс та мүмкіндігіне орай ұйым­дас­тырылмақ. Оның да өз мә­селелері аз емес. Айталық бұ­рынғы норма бойынша әр балаға 4 шаршы метр қажет болса, енді 14 шаршы метр болуы керек. Асханада балалар шахмат тәртібімен бір-бірінен алшақ отырғызылады. Әр дастарқанның арасы екі метрден кем болмайды. Әр топқа тепловизорлар алынады. Бір тепловизордың құны 30 мыңнан 70 мың теңгеге дейін. Егер топта 10 бала деп есептесеңіз, 700 мың тең­ге шығын. Медициналық ба­қы­лау жасау да қаншама қара­жатты қажет етеді. Оның үс­ті­не дәрігер-терапевтер де ауа­­дай қажет.

Әуелгі тақырыпқа қай­та оралатын болсақ, өз ұсыны­сы­мызды сыналап айта кет­кенді жөн көріп отырмыз. Биыл әрине, қаңырап бос жат­қан балалардың жазғы лагерьлерін толайым тексеріп, қақпасын қағып түгендеп шы­ғуға кештеу болар. Келер жылға дейін бір кезде балалар базарына айналған бұрынғы 64 лагерьді қайтарып алып, кәдеге жаратсақ, қаншама ба­ланың игілігіне айналар еді, шіркін?!

 

Ақмола облысы