Бүгін, қазанның 8-інде Сыр бойындағы бас қалада оның іргесі қаланғанына 195 жыл толуына арналған басты той басталып кетті. Негізінде, бұл мереке 1-қазаннан өріс алған болатын.
Ал 8-10 қазан аралығында өтетін негізге тойға аудандар шашуларын алып келіп жатыр. Бүгін сағат 18.30-да Байқоңыр қаласының өнерпаздары А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде концерт береді. Ал қазанның 9-ында сағат 9 бен 9.30-да Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарының облыс орталығына сыйға тартқан аллея-скверлерінің ашылу рәсімі өтеді. Оның аясында концерт, көрме және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.
«Бүгін сағат 17-де Орталық стадионда Қазақстан футболының негізі қаланғанына 100 жыл толуына орай футбол жұлдыздарының жергілікті командалармен жолдастық кездесуі болады. Көрермендер сондай-ақ арнайы әзірленген қойылымды, гала-концерт пен отшашуды тамашалайды. Ал сағат 19-да «Жібек жолы» сауда-сауық орталығының кинозалында режиссер Қ.Ахметовтің «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмінің тегін көрсетілімі болады», - делінген хабарламада.
Бұдан әрі Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандарының өздері үшін белгіленген орындарда мерекелік тарту жасайтыны айтылған. Аталмыш аудандар өкілдері мұны қайырымдылық шарасы ретінде ұйымдастырып, аллея-скверлер ашады. Осының қабатында тұрғындар мен қонақтар назарына көрме ұсынады.
Мерекелік көңіл-күйді Н.Бекежанов атындағы театрда сағат 15-те «ҚазГерМұнай» БК ЖШС-нің 20 жылдығына орай өткізілетін республикалық ақындар айтысы мен сағат 19-да «Сыр Ана» монументі маңында Қазақстанға танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен болатын «Ән тербеген Қызылорда» ретрофестивалі одан әрі көтере түседі.
«Қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар шымылдығы 11 қазанда Орталық алаңда Гала-концертпен жабылады», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Дарияның жағасында бір қала бар
Айналған Сыр елінің мақтанына...
Өткен ғасырдың сонау 60-шы жылдарының басында осылай шырқала бастаған ән, әрине, Қызылордаға арналған. Ол ән сондықтан да «Қызылорда вальсі» деп аталады.
Бүгінде осы әнмен ер жеткен ұрпақ та аға буынның қатарына жақындап қалды. Ал «Қызылорда вальсі» әлі сол жасаң қалпында, жайсаң шағында тұр. Себебі, оны бұл аймақтың бүгінгі ұрпағы тап қазір ғана туындап, енді ғана жұрт арасына таралып жатқан кезіндегідей көңілдеріне жақын, жүректеріне ыстық қабылдайды.
Биыл сол Қызылорданың ірге көтеріп, қонысқа айналғанына тура 195 жыл толып отыр. Алайда, қала бүгінде жасына жас қосылған жасарып, жаңғырып келеді. Оны жасартып та, жаңғыртып та жатқан ең алдымен оның жандары жаз тұрғындары, өсіп келе жатқан өскелең жас ұрпағы. Әлбетте, сол келе жатқан буынды жақсы жолға салып, биікке қарай талпынтып отырған бұл өңірдің билігі басында отырған абзал азаматтары болса керек.
Қызылорда, әсіресе, биылғы жылдың басынан бастап даму мен өркендеудің, жасару мен жайнаудың жаңа даңғыл жолына түскендей. Тап қазір қала былтырғы жылдан бері барып көрмеген адамға қатты өзгеріп кеткендей әсер қалдырады. Соның ішінде қаланың көшелері атымдарының жақсы ізге түсіп қалғаны бірден көзге ұрады.
«Көше» демекші, Қызылорданың сонау Ақмешіт заманынан келе жатқан тар көшелерін кеңейтіп, жол бойларына әдемі тротуарлар салу үрдісі ең алдымен облысты Бердібек Сапарбаев, қаланы Бақберген Досмамбетов басқарған кезден қызу қолға алынды. Сол тұста қамыс қалалық дәуірден іргесі көтерілген шаһар бір жайнап қалып еді.
Одан кейінгі қауырт жаңару облыс тізгінін Серікбай Нұрғисаев, қала басшылығын Қожахмет Баймаханов алып тұрған кезеңде жүргізілді. Бұл уақыт аралығында Қызылордада шын мәнінде де жаңарудың дүркіреген дүмпуі керуен керді.

Мұнан кейін Ақмешіттің аумағы облысты Мұхтар Құл-Мұхаммед, қаланы Серік Қожаниязов басқарып тұрған барынша қысқа уақыттың ішінде адам танымастай болып өзгеріске түсе бастап еді...
Міне, сол салынып кеткен сара жол, ежелгі еңселі дәстүр биыл тағы да дүркірей көтерілді. Бұған облысқа бірінші басшы болып Қырымбек Көшербаевтың, ал қалаға Нұрлыбек Нәлібаевтың келулері өте күшті серпін беріп отыр. Қаланың жаңаруы мен жасаруы оның кескін-келбетінің өзгеруінен ғана көрініп тұрған жоқ, ол сонымен қатар, барлық жерде мұнтаздай тазалықтың қолға алына бастағанынан да аңғарылады.
Бүгін Қызылордада – үлкен той. Қаланың 195 жылдығын тойлау өзінің шарықтау шегіне жетті. Ол 12 қазан күні облыс орталығында өтетін «Алтын күз» сабантойымен аяқталады.
Руслан Игілік.