08 Қазан, 2013

Қазақстанда бекіре аулауға тыйым салынады

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

08 10-bekireҚоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров Парламент Мәжілісінің депутаттарына есеп беру кезінде экология мәселесіне қатысты өзекті мәселелер мен алда тұрған міндеттерді тарқатып айтып берді. Бұл туралы «Айқын» газеті жазды.

Биыл орманды алқаптардың кейбір бөлігінде аптап ыстықтар жиі болмағанымен, республика бойынша 1 мың гектарға жуық орманды жалын шарпыған. Ал өткен жылы еліміз аумағын құрғақшылық жайлағанда, 5313 гектар орман өртенген екен.

Қоршаған ортаны қорғау министрі сөз орайында алдағы мерзімде тағы 14 «айрықша қорғалатын табиғи аумақ» құру жоспарланып отырғандығын мәлімдеді. Сондай-ақ қазіргі 6 табиғи қорық-парктер ауданы ұлғайтылатын көрінеді. «Жалпы алғанда, 2015 жылға дейін айрықша қорғалатын аумақтар ауданы 24,5 миллион гектарға дейін, ал 2020 жылға қарай – 27 миллион гектарға дейін жеткізіледі, бұл – елдің жалпы аумағының 10 пайызы» дейді Нұрлан Қаппаров.

Каспий теңізіндегі бекіре балығының 4-5 жылда жойылып кетуі мүмкін. Осыған орай,бекіре балығын аулаудың шағын квотасы әзірленіп, ол Каспий жағалай қонған бес елге бөлінеді.-Каспий теңізінің судағы биоресурстары бойынша комиссия аясында бекіре тұқымдас балықтарды аулауға бесжақты мораторий енгізу мәселесі пысықталуда. Біз енді оны аулауға тыйым саламыз,- деген Н.Қаппаров бекіре балықтарын сақтап қалу – ең маңызды экологиялық проблемалардың бірі екендігін нықтады. Сондықтан қазіргі кезде Қазақстан Каспийдің өзіне қарасты бөлігінде бекіре аулауға жол бермеу шараларын қабылдауда. Мұнан өзге, бюджет есебінен еліміздегі ірі су қоймаларына жыл сайын осы құнды балық түрінің 158 миллион шабағы жіберілетіндігі мәлім болды.

Тағы бір назар аударар жәйт, Мемлекет басшысы қол қойған Қазақстанның «жасыл» экономикаға өту тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2020 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленетін болыпты. Бұл ретте қазақстандықтардың қазанына жол тартатын және шетелдік нарықтарға аттанатын бекіре балықтары арнайы фермаларда өсірілетін көрінеді.

Данияр Түймебай.

Соңғы жаңалықтар