Алматы қаласы маңайынан «Көк жайлау» тау-шаңғы курорты салынатын болып ұйғарылды. Бұл туралы Meta.kz хабарлады.
Кезінде бірқатар экологтар ұлттық табиғи қорықтың кіндік тұсына орналасатын осы курортты сілеусін, тау ешкісі, марал сияқты жануарлардың жүруіне кедергі келтіреді деген болатын.Арада біраз уақыт өткеннен кейін Алматы қалалық туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламанов еліміз экологтарымен мәмілеге келгенін және «Көк жайлау» тау-шаңғы курортының 2015 жылы салынатынын мәлім етті. «Рас жаңадан салынатын «Көк жайлау» тау-шаңғы курорты төңірегінде біраз дау-дамай туындады. Бірақ, қазіргі қолданыстағы саяхат нысандарының көлемі шағын болуы себепті оған келушілер саны да аз. Мысалы, «Шымбұлақ» пен «Ақбұлақ» 6-7 мың адамға ғана қызмет көрсете алады. Ал болашақтағы «Көк жайлау» курорты осы олқылықтың орнын толтыруға қызмет жасайды»,- дейді Б. Жоламанов.
Жаңа нысан түсетін орын 2,7 гектар аумақты қамтиды. Ол жерден қонақүйлер, ресторандар, аттракциондар және тағы да басқа назар аударарлық нысандар бой көтереді. Жалпы алғанда, әлемнің бірқатар елдері тау шаңғы туризмін дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Егер біз «Көк жайлауды» іске қосар болсақ, Ресейдің Сібір жұрты да бізге келе бастайды. Өйткені, олар шаңғы тебу үшін сонау Альпі тауына барады екен.
Алматы қалалық туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламановтың мәлімдеуінше, «Көк жайлау» тау-шаңғы курорты құрылысы 2-3 жыл көлемінде бітуі тиіс. Ал 2017 жылы осы жерден Қысқы универсиада ойындарын өткізу жоспарланып отыр.
Данияр Түймебай.