Саясат • 18 Маусым, 2020

Халық денсаулығына қатысты кодекс мақұлданды

203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері, мемлекеттік шекара туралы және басқа да заң жобаларын талқылап, мақұлдады.

Халық денсаулығына қатысты кодекс мақұлданды

Депутаттар қалдықтарды энер­гетикалық кәдеге жарату мә­се­лелеріне қатысты заң жо­ба­сын бірінші оқылымда мақұлдады.

Құжат тұжырымдамасында тұрмыстық қатты қалдықтарды жағу арқылы оларды кәдеге жарату ұсынысы қарастырылған. Бұл қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайтуға және олардың көмуге жататын кө­ле­мін қысқартуға мүмкіндік береді.

Заң жобасының тұжырым­дама­сына сәйкес бұл ұсыныстың негізгі қолдау тетігі – қоқыс жа­ға­тын кәсіпорындар өндірген электр энергиясын кепілді сатып алу. Ал ол өз кезегінде жа­ңар­тылатын энергетика саласын қолдаудың қолданыстағы теті­гіне ұқсас болады. Осыған бай­ланысты, заң жобасында Эко­логиялық кодекс пен «Электр энергетикасы туралы» және «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңдарға түзетулер енгізу көзделген.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар жергілікті ат­қарушы органдарды қоқыс жа­ғатын кәсіпорындарды қал­дықтардың қажетті көлемі­мен қамтамасыз етуге міндеттей­тін норманы алып тастауды, сонымен бірге Экологиялық кодекстегі жергілікті атқарушы орган­дардың жер заңнамасына сәйкес қалдықтарды энергетика­лық кәдеге жарату жөніндегі объек­тілерді қамтитын әлеу­меттік инфрақұрылымды салу үшін жер учаскелерін бөлуі мә­се­лелерін нақтылауды, қол­да­ныстағы заңнамамен және Мәжі­ліс қарауындағы заң жоба­­ларының нормаларымен үйлес­тіру мақсатында құқықтық кол­лизияларды жою туралы және басқа да ұсыныстар мен түзету­лер енгізді.

Одан әрі депутаттар «Мемле­кет­тік шекара туралы» заң жо­б­асын бірінші оқылымда ма­құлдады.

Заң жобасында өткізу пункт­терінде құқық қорғау мен арнаулы органдар, прокуратура органдары қызметкерлерінің болу тәртібін регламенттейтін, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы» заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағыт­талған нормалар көзделеді.

«Заң жобасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара туралы заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нормалар ұсынылды. Осылайша жолау­шыларды түсіруді (отыр­ғызуды), жүктер мен тауарларды тиеуді жүзеге асырмайтын жағдайда ғана, Қазақстан аума­ғын транзит түрде темір жол көлігімен өтуде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін жүргізбеу ұсыны­лады», деді Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан.

Сонымен қатар құжатта Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қажетті ин­же­нерлік-техникалық құ­рал­­дарды, құрылыстар мен бө­геуіш­терді орнату жөніндегі құзыреті нақтыланады. «Заң жоба­сында Шекара қызметімен пилотсыз ұшу аппараттарын қол­данудың ережесін бекіту бойын­ша Ұлттық қауіпсіздік коми­теті­нің құзыреті қарасты­рылады. Мұнымен қоса шекара кеңістігінде құқық бұзушы­лық­тардың жолын кесу кезінде ҰҚК Шекара қызметі алған жануар­ларды, балықтарды және өсім­діктерді, браконьерлік аулау құралдарын, браконьерлік жүзу жабдықтарын есепке алу, сақ­тау мен бағалау және одан әрі пай­далану жөніндегі жұмысты ұйымдастыру құзыретін жергі­лікті атқару органдарына беруді қарастырады», деді Қ.Ержан.

Одан кейін депутаттар «Ха­лық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына Сенат енгізген толықтыруларды талқылап, ол бойынша келісімін берді. «Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің отырысында бер­ген тапсырмасына сәйкес, Пар­ламент Сенатының депутаттары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған кодекс жобасының тұжырымдамалық мәнін өзгертпейді», деді Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова.

Отырыста палата бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олардың қатарында бюд­жет заңнамасын жетілдіру мәсе­лелері туралы заң жобасы, сондай-ақ Қазақстан мен Моң­­ғолия арасындағы азамат­тық және қылмыстық істер жөнін­дегі өзара көмек туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы және ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Сер­бия арасындағы еркін сауда ту­ралы келісімді ратификация­лау туралы заң жобалары бар.

Отырыс соңында депутаттар мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков Үкімет бас­шысы Асқар Маминге бала­ларға арналған спорттық инфра­құрылымға қатысты депутат­тық сауал жолдады. «Бұқаралық денешынықтыруды дамыту пира­­мидаға айналуы керек. Сон­да бізде дені сау, белсенді жас­тар көбейеді. Сайып келгенде, денсаулығы мықты ұлттан жаңа чемпиондар көп шығады. Бұл бағытқа заңнамалық қолдау, сонымен қатар бұқаралық спортты дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қажет», деді депутат өз сауалында. Сонымен бірге қо­мақ­ты қаржы жұмсалатын фут­бол саласына тоқталып, шетелден келетін спортшыларға қатысты мәселе көтерді.