Қоғам • 18 Маусым, 2020

«Бөкей Орда» резерваты қашан ашылады?

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында «Охотзоопром» инспекторлары киіктің 280 мүйізін алып келе жатқан браконьерлерді ұстап алды. Ресейде тіркелген «SUZUKI» маркалы автокөлік жүргізуші – батысқазақстандық азамат. Ол соңына бақылау түскенін сезіп, Чапаев ауылында бірнеше күн жасырынып жүрген екен.

«Бөкей Орда» резерваты қашан ашылады?

– Биыл жыл басынан бері ақбө­кенге қатысты 18 қылмыс­тық іс ашылды. Өткен жылы мұндай қылмыстың саны – 26, ал 2018 жылы 43 болған еді. Біз­дің инспекторлардың ерен ең­бегі және мемлекеттік қорғау шараларының күшеюі арқасында бұл салада қылмыс саны азайып келе жатыр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Закария Тұралиев.

Батыс Қазақстан облысы қа­зір елімізде ақбөкен саны ең көп шо­ғыр­ланған өңірге айналып отыр. Орал киік популяциясына кіретін жануарлардың бүгінгі ареалы – Ақжайық, Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда, Жаңақала және Тасқала аудандарының аумағы. 2019 жылы әуе санағында, өңірдегі киік саны 217 мың екені анықталған еді. Биыл карантин салдарынан төлдеу мау­сымы алдындағы дәстүрлі әуе санағы жасалмай қалған. Бірақ инспекторлардың, бақылаушы мамандардың болжауынша, Батыс Қазақстанның байтақ даласындағы киік саны былтырғыдан 2-2,5 есе өскені бай­қалады. Яғни бүгінде Орал киік популяциясының саны 450-500 мыңға жетіп қалуы әбден мүмкін. Енді нақты әуе санағы 2021 жылдың құралай маусымы алдында өтеді.

Киік саны көбейгені жалпы ха­лыққа жағымды ақпарат бол­ғанымен, ақбөкенді аймақты жай­лаған шаруа қожалықтары жайылымы мен шабындығынан айрылып, су тапшылығын бастан кешіріп жатқаны туралы дабыл көбейген еді. Бірақ өңірдегі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы басшысының орын­басары За­кария Тұралиев бұл ақпаратты жоққа шығарды. Деген­мен ақбөкендер үшін «Бөкей Орда» мемлекеттік резерватын құру жұ­мы­сы сиырқұйымшақтанып, әлі шешілмей келеді.

– Киік санының артуы, оның таралу аумағының кеңеюі қорғау жұмыстарына да айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, біздің инс­пекторлар киікті қорғау, күзету жұ­­мыстарына 15 күндік ауыспалы режіммен шығады. 20 инспектор 8 автокөлікпен 4 топқа бөлініп қызмет етеді. Алайда бұл құрам киік мекендейтін аумақты толық қамтып үлгермейді. Яғни ақбөкен ең көп шоғырланған, 5 мың-20 мың басқа дейін жететін үйірлерді қадағалайды. Ал 100-200 бастан құралған шағын үйірлер назардан тыс қалады. Мамандар инспекторлар құрамын көбейтуді немесе басқа аумақтардан жедел топтарды тартып, әуе күзетін жүргізуді сұрап, еліміздің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі коми­тетіне және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның басшылығына хат жолдаған болатын. Бірақ ол ұсыныс әзірге аяқсыз қалып тұр.

Осы кезге дейін ақбөкен аула­ғаны, мүйізін алып, саудаламақ бол­ғаны үшін талай адам жазаға тартыл­са да бұл қылмыс азаймай тұр. Құқық бұзушылардан жыл басынан бері 305 киіктің еті және ақбөкеннің 1280 дана мүйізі тәр­кіленген. 2020 жылы мемлекетке келтірілген залал 1 305 438 750 ­теңгені құрапты. Айта кетейік, елімізде 1 киік текесінің құны 4 167 000 теңгеге бағаланған. Ал ешкісі мен лағын өлтіргені үшін айыппұл – 2 916 900 теңге.

Киіктің төлдеу маусымы кезін­де «Киік» кең көлемді ак­циясы құрылып, Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Ұлт­тық қа­уіп­сіздік комитеті үш­жақты бұй­рыққа қол қойған бола­тын. 15 сәуір мен 15 мамыр ара­лығында өткен акцияда облыс­тық аумақтық инспекция­лары, таби­ғат қорғау, құқық қорғау меке­­­ме­лерінің мамандары 46 рейд­т­ік іс-шара жүргізген. Осы кезең­де өңірде 3 қылмыс ашылды. Құқық бұ­зу­шы­лардан 8 киік ұшасы, 623 да­на киік мүйізі, «ИЖ» маркалы 1 ұң­ғымалы мылтық және 3 авто­көлік тәркіленген.

 

Батыс Қазақстан облысы