08 Қазан, 2013

Хоккей. «Барыс» буллиттен «Витязьді» ұтты

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

08-10-13-talgat jailauov-1

Бүгін, 8 қазан күні Астананың «Барысы» Подольскінің «Витязін» қабылдап, 3:1 есебімен жеңді. Ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталып, матчтан кейінгі буллитте астаналықтар басым түсті.Бұл туралы Egemennews.kz тілшісі хабарлады. Буллит арқылы болған осы жеңістің өзі астаналықтардың көшбасылық орнының сақталып қалуына мүмкіндік берді. Біздің жерлестеріміз ойын басталғаннан оның тізгінін өз қолына алды. Бірақ оны жүзеге асырудың орайын келтіре алмай жатты. Бірінші кезеңде екі жақ та ақыры есеп аша алмай тарқасты. «Барыс» екінші кезеңде де басымдық көрсетті. Команда оның нәтижесін тек 31-минутта ғана көрсетті. Форвард Евгений Блохин әріптестері Максим Семеновпен және Талғат Жайлауовпен (суретте) бірер рет шайба алмасып алғасын, қақпашы Иван Лисутин қорғаған қақпаны алыс бұрышынан саңылау тауып үлгерді. Алайда, қонақтар да қарап қалмады. Олар араны көпке созбай, алаңда көп болған кездерін сәтті пайдаланып, есепті теңестіріп кетті. Мұны алаң иелерінің голкипері Ари Ахоненді қапы қалдырған Яков Селезнев жасады. Үшінші кезеңде Сергей Тополь қонақтарды алға шығарды. Ал «Барыс» бұл голдың жауабын айдында көпшілік болып жүрген кезінде ғана бере алды. Сол кезде олардың бес ойыншысы подольскіліктердің үш ойыншысына қарсы ойнап жүр еді. Сонымен, есеп 2:2-ге тұрақтады. Қалған уақытта да, одан кейінгі овертаймда да қарсыластар бір-бірлерінен асқан жоқ. Сосын хоккей «пенальтиі» - буллитке кезек берілді. Онда жеңіс соққысын Роман Старченко жасады. Қазір «Барыстың» қоржынында 29 ұпай бар. Екінші болып келе жатқан Қазанның «Ақ Барысы» 28 ұпаймен тұр. Айта кету керек, Шығыс конференциясында топ басына таласушы негізгі қарсыластар болып келе жатқан бұл екеудің ойындары саны екі түрлі. Айталық, қазандықтар қазірге дейін 14 ойын ойнап қойды. Ал астаналықтардың бұдан екі ойыны кем. «Барыс» келесі ойынын 10 қазан күні өз алаңында Мәскеудің «Динамосымен» өткізеді. Матч Астана уақытымен сағат 19:00- де басталады. Дамир Қожамқұл.
Соңғы жаңалықтар