олынан іс келетін кәсіпкерлер тек үлкен қалаларда ғана емес, алыс аудандарда да бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге бет бұруда. Сондай кәсіпкердің бірі – Әлімжан Балжігітов Атырау облысының Жылыой ауданында тұрады. «Атырау сауда» серіктестігін басқаратын кәсіпкердің бұрыннан жолға қойған кәсібі бар, енді оны «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржылай қолдауымен кеңейтуге мол мүмкіндік алды. Сөйтіп, кәсіпкер жігіт өзі туып-өскен Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында құс фабрикасын іске қосты.
Қолынан іс келетін кәсіпкерлер тек үлкен қалаларда ғана емес, алыс аудандарда да бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіруге бет бұруда. Сондай кәсіпкердің бірі – Әлімжан Балжігітов Атырау облысының Жылыой ауданында тұрады. «Атырау сауда» серіктестігін басқаратын кәсіпкердің бұрыннан жолға қойған кәсібі бар, енді оны «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржылай қолдауымен кеңейтуге мол мүмкіндік алды. Сөйтіп, кәсіпкер жігіт өзі туып-өскен Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында құс фабрикасын іске қосты.

Шындығын айту керек, Атырау облысында соңғы жиырма жылда бірде-бір құс шаруашылығы құрылған емес. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп, жаңа жобаны бастаған кәсіпкер «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан қосымша қаржы ретінде 250 миллион теңге алыпты. Несие лизингтік негізде 7 жыл мерзімге 9 пайызбен берілген. Жылдық пайыздың 80 пайызын мемлекет төлейді. «Мемлекеттің қолдауының нәтижесінде бизнесімді одан әрі дамыттым. Бірнеше адамға тұрақты жұмыс орны табылған аймақтағы ең ірі құс фабрикасын іске қостым», дейді кәсіпкер Ә.Балжігітов.
– Осы жобаны іске асырудағы басты мақсат – Атырау өңірінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұған «Атырау сауда» ЖШС лайықты үлесін қосатын болады. Қазір мұндағы еуропалық стандарттарға сай жаңа технологиялық желі жылына 11 миллионға дейін жұмыртқа шығарады, – дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тың ресми өкілі Ринат Кемешов.
Оның айтуынша, «ҚазАгроҚаржы» АҚ соңғы сегіз жылда Атырау облысында бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 1,6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Аталған компания республика бойынша «Құс фабрикаларының желісін құру және қолданыстағыларын дамыту» жобасы шеңберінде 20,3 миллиард теңгелік 18 құс фабрикасының жобасына қаржы салыпты. Тек биылдың өзінде елімізде үш құс фабрикасы іске қосылмақ.
Ал атыраулық кәсіпкер «ҚазАгроҚаржыдан» алған қаржысына құс қоралар салып, балапандар, жұмыртқа басатын тауықтар мен қоспа жем дайындау цехы үшін жабдықтар сатып алған. Қазір құс фабрикасында 38 мың тауық бар. Италия мен Германияның ең озық технологияларымен жабдықталған фабрикада қазірдің өзінде тәулігіне 45-50 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Мамыр-қыркүйек айларында өндірілген жұмыртқа саны 5 миллион данадан асыпты. Әрине, жұмыртқа өндіру де оңай емес. Оның үстіне технологияның бәрі шетелден әкелінген. Сол себептен, шетелдік технологияның тілін білетін білікті қос маман Мақсот Мағзомбаев пен Айдар Алпысовты Қарағанды облысынан арнайы шақырыпты. Ауданнан 30-дан астам тұрғын тұрақты жұмысқа тартылған. Соның бірі – аға құс өсіруші міндетін атқаратын Рысжан Көшмағамбетова «Бұрын әр кәсіпорында жұмыс істеуші едім. Вахталық жұмыстың өз қиындығы да бар ғой. Бірде жұмыс болады, енді бірде қысқарып қалып жататынбыз. Міне, енді тұрақты жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Атқаратын жұмысым өзіме ұнайды», дейді.
Қазір бұл құс фабрикасында кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Нақтылай айтқанда, фабриканың екінші ғимараты мен қондырғысы дайын тұр. Енді үшінші ғимараттың іргетасы қалануда. Сонымен бірге, мұнда инкубаторды іске қосу жобасы да бар. Демек, болашақта дәл осы құс фабрикасында құс шаруашылығының кластерлік жүйесі құрылмақ. Кәсіпкердің ойынан күні-түні бір шықпайтын кластерлік жүйе толық жүзеге асырылса, таяу жылдары «Атырау сауданың» құс фабрикасында жылына 54 миллион дана жұмыртқа, 60 мың тоннаға жуық құс етін өндіру көзделіп отыр.
– Жақында екінші құс қораның құрылысын толық аяқтаймыз, – дейді өз ісін тиянақты атқаруға құлшынып жүретін «Атырау сауда» ЖШС бас директоры Әлімжан Балжігітов. – Содан соң 26 қазанда балапандар әкелінеді. Ал үш айдан кейін жұмыртқа шығаратын тауықтар саны 70 мыңға жеткізіледі. Бұрын әкелінген тауықтар союға жіберіледі. Сөйтіп, күніне 163 килограмға дейін құс етін өндіруді жолға қоямыз.
Құс фабрикасының Құлсары қаласында іске қосылған өнімді Атырау қаласына да, сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы тұтынушыға да тасымалдауға ыңғайлы болып отыр. Қазірдің өзінде Атырау облысы тұрғындарының жұмыртқаға сұранысының үштен бір бөлігі қамтамасыз етіледі. Енді сапалы өнімге Атырау облысындағы мұнай-газ өнеркәсібінің кәсіпорындары да ден қоя бастапты. Жақында ең ірі шетелдік компания жұмысшылары үшін құс фабрикасынан күн сайын 5 мың жұмыртқа алуға келісім жасалған. 2014 жылдан бастап мұнайлы өңірдің жұмыртқа өніміне сұранысын толықтай қамтамасыз етуді мұрат тұтқан «Атырау сауда» басшысы Ә.Балжігітов бір күндік балапандарды Ресейдің Свердлов облысынан сатып алуға мәжбүр екенін айтып қалды. Неге? Осы сауалымызға орай «Мұндай балапандарды Талдықорғандағы құс фабрикасынан сатып алуымызға болар еді. Алайда, оларда балапан таситын арнаулы көлік жоқ болып шықты. Арнаулы көлік балапандардың шығынға ұшырамай, тапсырыс берушіге дін аман жетуі үшін қажет. Ресейліктер балапанды арнаулы көлікпен өздері жеткізіп береді. Сол себептен, өзге елдікі болса да, ресейліктердің балапанын сатып алып отырмыз», деді ол.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.