Ожан Қали – журналистика саласындағы алғашқы қадамын Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде бастап, кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») басылымында Павлодар облысындағы меншікті тілші ретінде 20 жылға жуық қызмет еткен, зейнеткерлікке шықса да шығармашылық жұмыстан қол үзбеген қайратты қарт қаламгерлеріміздің бірі. Біз бүгін ағамыздың осы шығармашылық қыры жайлы сыр шерткенді жөн көрдік. Өйткені, жұртшылық қазақ және орыс тілдеріне еркін көсілетін оның қаламынан «Эхо времени», «Дәуір жаңғырығы» романдары, «Сыртолғау» өлеңдер, «Ойтолғау» дастандар жинағы, «Желтоқсан жаңғырығы» роман-дастаны, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған «Елорда» және «Беу, қазағым, Қазақстаным» секілді толымды дүниелердің туғанын, оларды автордың өзі көркемдеп, безендіргенін біле бермеуі мүмкін.
Ожан Қали – журналистика саласындағы алғашқы қадамын Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетінде бастап, кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») басылымында Павлодар облысындағы меншікті тілші ретінде 20 жылға жуық қызмет еткен, зейнеткерлікке шықса да шығармашылық жұмыстан қол үзбеген қайратты қарт қаламгерлеріміздің бірі. Біз бүгін ағамыздың осы шығармашылық қыры жайлы сыр шерткенді жөн көрдік. Өйткені, жұртшылық қазақ және орыс тілдеріне еркін көсілетін оның қаламынан «Эхо времени», «Дәуір жаңғырығы» романдары, «Сыртолғау» өлеңдер, «Ойтолғау» дастандар жинағы, «Желтоқсан жаңғырығы» роман-дастаны, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған «Елорда» және «Беу, қазағым, Қазақстаным» секілді толымды дүниелердің туғанын, оларды автордың өзі көркемдеп, безендіргенін біле бермеуі мүмкін.

Алдымен прозашылдық қыры туралы. «Эхо времени» және «Дәуір жаңғырығы» романдарында тарихи мәселелер жан-жақты қамтылған. «Ұлы» деп айдар таққан Қазан төңкерісі қазақ халқын да қанды қырғынға ұшыратса, дәулеттілерді жаппай кәмпескелеу туған жерден шетелге бездіруге мәжбүр еткені белгілі. Оның соңы саяси қуғын-сүргінге жалғасып, халқымыздың беткеұстар азаматтары опат болды. Осындай алапат оқиғаларды көзімен көріп, жанымен сезінген автор мұрағат деректерімен қоса жергілікті нақты оқиғаларға сүйену арқылы елеулі еңбек жазып шығарғаны қуантады. Бас кейіпкер Қапар мен оның зайыбы– Қызылжар өңіріндегі Сарман ауылынан шыққан тұңғыш зиялы қауым өкілдері. Екеуі де Омбы институтын бітірген. Мәскеудегі жоғары партия мектебін аяқтаған соң лауазымды қызметтер атқарған Қапар «халық жауы» атанып, тұтқындалып кете барады. Ожекең осы бір азаматтың өмір-дерегін романға арқау ете отырып, сол кезеңнің саяси, әлеуметтік астарлары мен құбылыстарын нанымды көрсете білген. Ожекеңнің қазіргі ұрпақты ата-бабаларының 20-40 жылдар аралығында қандай күйге ұшырағанын танып білуге, өткеннен ащы сабақ алуға, Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін танып-білуге ұмтылдыруы кітаптың басты құндылығы дер едік. Қаламгердің прозалық қай шығармасын алсақ та, фактілерге, деректерге, ауыл өмірін суреттейтін көріністерге бай. Тілі шұрайлы.
Енді поэзиясы жайлы. Ағамыз бұл салада да құлашты кеңге жазғаны байқалады. Солардың арасында өлеңдер мен дастандардың басын біріктіретін «Ойтолғау» жинағының шоқтығы биік. Дастандардың ішінде ең қомақтысы да, шұрайлысы да – «Аманат». Автор ұлы Абайдан бергі екі ғасырлық заманға лирикалық шегініс жасай отырып, қазақ даласының тарихын, тұрмысын жырлайды, өзіндік баға беріп, ой елегінен өткізеді. Елінің болашағына алаңдайды, елеңдейді, абыз, ақсақал ретінде толғанып, тебіренеді. Уақытынан озып туған Абайдай дана, Абайдай жұмбақ жанның образы арқылы сол заманның полотносын жасауға ұмтылады. Ішкі жан толқынын ақтарады. Әр тарауды түйіндеп, тиянақтап отырады. Бір ұтымдылығы, Абайды дәріптеу секілді жаттанды әдістер, таптаурын ойлар жоқ. Керісінше, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымнан» алған өнегемен өзгеше сипат береді. Ой және жыр тұтастығы бір-біріне дәнекер болып, жалғасып жатады. Ақынның «Ордабасы Қожаберген» дастаны да – құрылымдық өзгешелігімен, эпикалық кеңдігімен, қилы заманның ауыртпалығын барынша нанымды суреттей білуімен назар аудартатын кесек дүние. Елге тұлға, тұтқа бола білген батырдың, дауылпаз жыраудың бейнесі көз алдымызға келеді. Тарихи уақиғалардың түп-тамырына үңілу арқылы «Елім-ай» жырының туу туралы дерекнамасын дәлелді түрде ашып көрсетеді. «Ойтолғау» жинағында өмірден түйген сырларын жырға айналдырып, көңілдің күпті ойларын отты сезімдерге ұластырады.
Ожекең өткен ғасырдың 70-ші жылдары аты аңызға айналған қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлымен кездескен, сырласқан. Өміріндегі осы бір ұмытылмас, қайталанбас сәтті «Күнтөбеде Күләнда» поэмасында қаз-қалпында суреттейді. Кейін бұл шығарма Баукеңнің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген 30 томдық жинаққа енгізілген. Ал «Адам мен Жер-ана» ғылыми гипотезалық дастаны тың тақырыпты жырлауымен құнды дер едік. Жаратылыстың тылсым құбылыстарын поэзия тілінде өрнектеу мол білімділікті қажет етері анық. Мұнда адамның ой зердесі ұғып болмайтын дүние жұмбақтарын пәлсапалық түрде зерделеуді мақсат тұтқаны анық аңғарылады. Шығарма ертедегі сақ (скиф) заманы көсемдерінен қалған аңыз-тағылым, келер ұрпаққа ескерту сөздерімен аяқталады.
Ожекең бойына ана сүтімен дарыған өнердің бірі– суретшілікпен бала жасынан әуестенген. Педагогикалық училищеде оқып жүргенде Сәлім Ибрагимов деген ұстаздан тәлім алып, қарындашпен, акварельмен, тушьпен салуды үйренген. Кейін Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевті жолықтырып, майлы бояумен сурет салуды тиянақты меңгереді. Оның «Түнгі Астана» суретін сурет өнерінің корифейі жоғары бағалап, ақ батасын берген. Ожекең үйінің тұтас қабырғасын табиғат көріністері мен қазақтың ақын-батырларының, сал-серілерінің тұтас галереясы алып тұр. Бірқатар портреттік және полотно еңбектері түрлі көрмелерге қойылып, түрлі дәрежелі дипломдармен марапатталған. Мәселен, «Ақан сері Қорамсаұлы» портреті «ВДНХ»-ның бас жүлдесін жеңіп алып, ағамыз Бүкілодақтық көрменің лауреаты атанған. Бейнелеу өнеріндегі екі еңбегіне айрықша тоқтала кеткен жөн секілді. Біріншісі – қазақ тарихында ескерусіз қалып бара жатқан ХV ғасырдағы Көшім хан көші. Орыс тарихшылары осы тұстағы қанды қарақшы Ермактың Сібірге жорығын, басқыншылық әрекеттерін жағымды тұрғыда дәріптесе, ағамыз алғашқылардың қатарында осы олқылықтың орнын Сүзге сұлудың трагедиялық бейнесі арқылы толықтыра алған. Оның бойына қазақ қыздарына тән өр мінезді шеберлікпен қиыстырған. Екіншісі – Троицкідегі «Уазифа» медресесін бітіріп, оқу-білім іздеп, шетел асқан, Мысырдағы әл-Асхар оқу орнында 5 жыл оқыған, қазақ қызы «Ұмсын сұлу» портреті, сүйгеніне қосыла алмаған оның мұң-зарлық халі. Сол сияқты, Баян батыр, Тұрсынбай батыр, Құлсары әулие, Сегіз сері, тағы басқа портреттері де ерекше шабытпен салынған.
Сегіз қырлы, бір сырлы Ожан ағамыздың Отан алдында сіңірген көп жылғы мінсіз қызметі ондаған медальдармен атап өтілсе, таяуда ғана Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы салтанатты жағдайда тапсырылды. Мұның өзі 85-тің сеңгіріне шықса да, қатардан қалмаған қарт қаламгерге көрсетілген үлкен құрметтердің бірі болса керек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.