Nur Otan партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәлім етуінше, өңірде "Biz Birgemiz!" акциясы аясында 9000-нан астам отбасыға 222 миллион теңгенің көмегі көрсетілген. Атап айтқанда, жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да мұқтаж жандарға әлеуметтік пакеттер үлестірілген. Азық-түлік себетін 300-ден аса партия белсенділері мен еріктілер жеткізіп берген.
"Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған "Birgemiz" республикалық қоғамдық қорынан "Birgemiz-Atyrau" аймақтық қоғамдық қорына 787 млн. теңге қаражат түсті. Бұл қаржы Атырау қаласынан, Жылыой, Мақат, Махамбет, Исатай аудандарынан 7 санат бойынша анықталған мұқтаж 15 741 азаматқа 50 мың теңгеден берілді. Алдағы уақытта Құрманғазы, Қызылқоға және Индер аудандарының мұқтаж 3904 азаматына 50 мың теңге мөлшерінде көмек көрсету жоспарлануда", -деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ Атыраудан су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтарал ауданына 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмек пен 20 тонна балық жөнелтілген. Қосымша қаржылай көмектер жіберілген.
"Осындай жұмыстарды ұйымдастыруда алғы шептен көріндіңіздер. Ііндеттің өршіп тұрғанына қарамастан, волонтерлық қызметтеріңізді адал орындап, мұқтаж жандарға көмектескендеріңіз үшін алғыс білдіремін", -деді облыс әкімі.