09 Қазан, 2013

Көңіл сыйған жерге бәрі сыяды

7096 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

IMG 0127Орталық Азия өңіріндегі бес бауырлас елдің береке-бірлігін арттыру орайына қазақтың осынау көне нақылы құп жарасар еді-ау

Адамзат өркениетін сақтаудың ең ұтымды жолы үнқатысу үлгісі екенін бүгінгі дүние мойындаған әлпет танытады. Бірақ, мойындай тұра, сол үлгіге жүгінбей, шоқпар ала жүгіретін мысалдар да жетерлік. «Адам сөйлескенше...» дегенді де атам қазақ әлдеқашан айтқан. Олай болса, қазақ тарабының ұйтқылығымен қырғыздың Ыстықкөлінде тамыздың соңғы аптасында «Жібек жолындағы сұхбаттар» атты тұрақты халықаралық семинарға қатысушылардың Орталық Азия өңірінің өткені мен бүгінін, болашағын, қазіргі мұң-мұқтажы мен арман-аңсарларын үш күн бойы талқылауы әлемдік деңгейдегі өрелі үнқатысу биігінен көрінді деп айта алсақ керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Мұхтар Әуезов қоры» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қорлары мұрындық болған осынау алқалы жиынның биыл жетінші рет өтуі. Осы жолы Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстан мен Өзбекстанның ғылыми және шығармашылық зиялылар өкілдерін жинаған семинардың әңгімеге өзек етіп алған тақырыбы да ерекше көрінді: «Ұлы Жібек жолының жадындағы соғыс пен бейбітшілік». Бұрнағылар сияқты, бұл кездесу де Орталық Азия өңірінің елдері мен халықтары арасындағы рухани байланыстарды жаңғыртып, жаңа сатыға көтеруді мақсат еткені анық.

 Орталық Азия өңіріндегі бес бауырлас елдің береке-бірлігін арттыру орайына қазақтың осынау көне нақылы құп жарасар еді-ау

Адамзат өркениетін сақтаудың ең ұтымды жолы үнқатысу үлгісі екенін бүгінгі дүние мойындаған әлпет танытады. Бірақ, мойындай тұра, сол үлгіге жүгінбей, шоқпар ала жүгіретін мысалдар да жетерлік. «Адам сөйлескенше...» дегенді де атам қазақ әлдеқашан айтқан. Олай болса, қазақ тарабының ұйтқылығымен қырғыздың Ыстықкөлінде тамыздың соңғы аптасында «Жібек жолындағы сұхбаттар» атты тұрақты халықаралық семинарға қатысушылардың Орталық Азия өңірінің өткені мен бүгінін, болашағын, қазіргі мұң-мұқтажы мен арман-аңсарларын үш күн бойы талқылауы әлемдік деңгейдегі өрелі үнқатысу биігінен көрінді деп айта алсақ керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Мұхтар Әуезов қоры» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қорлары мұрындық болған осынау алқалы жиынның биыл жетінші рет өтуі. Осы жолы Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Тәжікстанның, Түркіменстан мен Өзбекстанның ғылыми және шығармашылық зиялылар өкілдерін жинаған семинардың әңгімеге өзек етіп алған тақырыбы да ерекше көрінді: «Ұлы Жібек жолының жадындағы соғыс пен бейбітшілік». Бұрнағылар сияқты, бұл кездесу де Орталық Азия өңірінің елдері мен халықтары арасындағы рухани байланыстарды жаңғыртып, жаңа сатыға көтеруді мақсат еткені анық.

IMG 0127

Тақырыпқа сай, Қордайдан өткен соң, Ыстықкөлге барар жолда сол жақтан көрінген, ұрпақтардың кешірім өтіну белгісі ретінде қойылған Кенесары ханға арналған сынтасқа алыстан құрмет білдіріп, аруаққа тәжім етуіміз де көңілде бір толқу тудырды. Ал енді жиынның шалқар тілді, салқар ойлы, тізгін ұстаушы сардар модераторы М.Әуезов қорының президенті, айтулы мәдениеттанушы, алтынның сынығы, асылдың тұяғындай Мұрат Әуезовтің болуы бұл үнқатысуларға өзгеше үндестік бітіргендей еді.

Форумды, әдеттегіше, оның барлық ауыртпалық салмағын, жауапкершілігін тең бөлісіп көтерісіп жүрген, Мұрат Мұх­тарұлының пікірлес те тілектес қолдау­шысы дерлік, жылма-жыл жиынға қа­ты­сушылар сайлап қойған бірінші ха­ным, «ҚХА Әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қорының бас директоры Лю­бовь Нидің ашуы да бек жарасып тұрды. Ресми рәсімдерін індете айтсақ, семи­нарға Қырғызстанның мәдениет ми­нистрі Сұлтан Раев, Қазақстан Респуб­ли­­касы Мәдениет және ақпарат ми­нис­тр­лігінің департамент директоры Данияр Таумұрат, ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялар өкілдері Әсел Өтегенова (бас хатшы, Қа­­зақстан), Шахло Абдурахимова (бас хат­шы, Тәжікстан), Саидфазал Мал­ла­ханов (бас хатшының орынбаса­ры, Өз­бекстан), ҚХА төрағасының орынбасары, «Мицва» еврей мәдени орталықтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Александр Барон, ҚХА ғы­лыми-сараптамалық кеңесінің хатшысы, саясаттану ғылымдарының докторы На­талья Калашникова, Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университетінің ЮНЕСКО ка­федрасының меңгерушісі Ға­ділбек Ша­лахметовтер құттықтап, ой бөлісті.

Әлбетте, семинарда салиқалы ой тиегі ағытылды, жанайқайлы толғаныстар өрбіді, пікір де таластырылды. Соның бәрі «Ырыс алды – ынтымақ» дейтін бір арнаға тоғысып жатты. «Бөлінгенді бөрі жейді, бірлесейік, үндесейік, тілдесейік, түйткілді мәселелерді бірігіп ақылдасып шешейік» дейді. Осы орайда өз баяндамаларында Фарход Толипов (Өзбекстан) «Ұлы Жібек жолының кеңістігі бүгінгі таңда кикілжіңдерден азат аймақ па?» деп сұрақты төтесінен қойып, соған жауап беруге тырысты. Голландиядан келген қарындасымыз, «Еуразия келешектері» орталығының директоры Зифа-Алуа Әуезова бұрынғы кеңестік ауқымдағы тарихтар соғысын зерделесе, Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, шетте жүрген тағы бір қандасымыз Александр Қадырбаев Ұлы Жібек жолының тарихын ой елегінен өткізді.

Өңір тағдыры, оның қилы шиеленіс­­тері зияткерлердің пікір таластырған толғанысты сөздерінде қызғылықты тұрғыдан көрініс тапты. Тәжікстан Ғылым академиясы Тіл, әдебиет, шығыстану және жазба мұра институтының директоры Акбар Турсунов, көрнекті қазақ жазушысы Смағұл Елубай, белгі­лі шығыстанушы, Абылай хан атын­дағы университеттің профессоры Сафар Абдулло сынды зияткерлердің көкі­рек көрігінде балқытылған ұстамды да ұлағатты толғамдары көпшілік көңі­ліне бірлікшіл де бейбіт өмір көгер­шіндеріндей қонақтап жатты. Ұзын-ырғасы қырыққа жуық гуманитарлар Жібек жолы біріктірген халықтардың жадында сақталған түбі бірге туыстықты, рухани бауырластықты, ортақ мәдениетті қайта жаңғырту үшін не істеу керектігінің жолдарын нұсқап, амалдарын іздестірді. Мұстафа Шоқай айтқан екен кезінде: «Қазақтар, түркімендер, өзбектер, қыр­ғыздар, тәжіктер бірге болайық» деп. Ал біздің қазір бір-бірімізді жатырқап, жатбауыр болып бара жатқанымыз өтірік пе? Тіпті, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғафур Гұләм, Берды Кербебаев, Мирзо Турсын Заде, Түгелбай Сыдықбеков пен Шыңғыс Айтматов кезіндегі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған мәдениет саласындағы бауырластық қайда? Кей-кейде «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін» шекарада шекісіп қалып жатқанымыз үшін осындай ұлы аруақтардан ұялмаймыз ба? Осындай ұсақ-түйектің ушығуына әлден тоқтау болмаса, жатсынуымыз бұдан әрі де ұлғая түссе, қуырдақтың көкесі сонда болып жүрмегей. Иә, ащы да болса осындай көп ақиқаттар айтылып бақты. Әсіресе, елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы мәдениеттер үнқатысуының ауадай қажеттігіне ешкім шәк келтірмеді. Бұл дегеніміз Орталық Азиядағы бауырлас бес елдің билігіне қазіргі күрделене түскен геосаяси жағдайдың шиеленісінен шисіз шығуға ақыл қосып, дем беретін нағыз халықтық дипломатияның шынайы көрінісі болды десек, артық емес.

Ал енді көне тарих не дейді? Осынау «Сұхбаттардың» үлкен мұратын маз­датқан Ұлы Жібек жолы жайында не білеміз? Осы сұраққа мәскеулік ғалым А.Қадырбаев бірсыдырғы жауап берген сияқты. Ұлы Жібек жолы туралы алғашқы деректер біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда пайда болады. Бұл – ертедегі қытайлықтардың географиялық танымдарын кеңейтуіне байланысты. Олар бұған дейін өздеріне беймәлім болып келген «Си-юй» делінетін Батыс өлкені, былайша айтқанда, «әлем терезесін» ашқан. Бұл өлкеге, ең алдымен, қазіргі Шығыс Түркістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстаннан құралған Орталық Азия, одан әрі Қытайдың батысында жатқан барлық жерлер кірген. Хань әулетінен шыққан Қытай императоры ғұндардан қорғану үшін одақтас іздеп Орталық Азияға елші аттандырады. Осылайша кейін «Ұлы Жібек жолы» деген ат алған трансконтиненталдық халықаралық жол қызмет ете бастайды. Ол ежелгі Қытайды Қашғар, Жетісу және Ферғана оазистері арқылы Орталық және Батыс Азия, Еуропа өркениеттерімен байланыстырады. Ал ғылыми әдебиеттегі «Жібек жолы» деген атау Жаңа заманда пайда болады.

Орталық Азия елдері тарихындағы Жібек жолының мән-маңызы қайшы­лыққа толы. Ол бір жағынан бүкіл Еуразия кеңістігіндегі экономикалық, рухани және мәдени байланыстардың дамуына ықпал етті. Орталық Азия құрлықтың ұлы өркениеттері тоғысқан тоғыз жолдың торабына айналды. Сауда керуендері арқылы тауар ғана емес, дін мен діл де ағылды. Қытайға буддизм келді. Ежелгі және орта ғасырларда Жібек жолының қызмет етуі арқасында Орталық Азияда қалалар мен оазистік отырықшы мәдениет гүлденді. Солармен осынау өңір халықтарының көшпенділер өркениеті үйлесе дамыды. VI-VIII ғасыр­ларда тек Шу алқабында ғана Суяб, Тараз сияқты 18 ірі қала тіршілік етіп тұрды.

Ұлы Жібек жолы соғысты да көп көрді. Әсіресе, Орталық Азияға қарай бағытталған Қытай басқыншылығы дүркін-дүркін өрлеп тұрды. Ақыры, 751 жылғы Талас шайқасында тарихи таңдау жасалды. Жергілікті одақтастарға сүйенген арабтар қытай әскерін жеңіліске ұшыратқаннан кейін өңір халықтарының хақ дінді қабылдауына жол ашылған еді. Моңғол шапқыншылығы мен Шыңғыс хан империясы тұсында Ұлы Жібек жолы ортағасырлық алғашқы жаһандануға ықпал жасады. Ұлы географиялық ашылымдар дәуірінде Ұлы Жібек жолының күні батады. Әлемдік сауда жолдары мұхит айдындарына ауысады. Сөйтіп, Орталық Азияның қалалары тоқырап, Ресей империясы шеңгелін салған уа­қыттарда өңір өзі де дағдарыңқы күй кешкен мұсылман әлемінің бір шалғай түкпіріне айналған-ды.

Жақында тәуелсіздік алған Орталық Азия елдері үшін Ұлы Жібек жолын жаңғырту ұраны тым жақын екендігін семинарға қатысушылар бір кісідей құрметтеп, бірауыздан усто, яғни ұстаз деп атап кеткен Акбар Турсуновтың ой-пайымдарынан да жақсы байқалды. Бұл кісі Шыңғыс Айтматовпен сыйлас дос болған, енді Шықаңның баяғы «Ыстықкөл форумын» қайта жаңғыртуға мұрындық болып жүргендердің бірі көрінеді. Акбар усто осы семинарға даңқты жазушы Мұхтар Әуезовтің баласынан шақыру алғанына қатты қуанғанын айтты. Мұнда ізгілік өркені бар. Басқа бір гуманист Шыңғыс Айтматовтың да бас­ты мұраты мәдениеттерді жалғастыру болатын. Қазіргі жаһандану заманында мұның мәнісі бөлек. Себебі, Жібек жолы жаһанданудың алғашқы үлгісі болған-ды. Бұл жолмен екі балама – бейбітшілік пен соғыс қатар жүрді. Осы жайды айқындап зерделегенде ғана біз Жібек жолының тарихи өзіндік құнын дәл бағамдай алмақпыз. Сондықтан, Акбар устоның бұл екі ұғымды тереңнен түсінуге шақыруы тегін емес-ті. Жаңа замандағы жаһандану америкаланумен астарласып жатыр. Осы жағдайда әрбір ел өзінің даралығын, бет-бейнесін сақтап қалуға ұмтылуы заңды. Бұл дегеніміз – сол ұлттың сақталуы, жаһандану аласапыранында аман қалуы. Ленин бейбіт қатар өмір сүру қағидатын алға тартқан болатын. Бүгінгі таңда оны мәдениеттердің, ұлттар мен өркениеттердің бейбіт қатар сақталу қағидаты ығыстырып жатқаны анық. Әрине, біз осы ретте Акбар устоның діндер қазір үнқатысуға дайын емес, олар жақындаса алмайды деген пікірімен іштей келісіңкіремей де отырдық. Ал енді мәдениеттерді жақындастыру деген не? Алдымен осыны анықтау қажет. Әйтпесе, әуелі мақсат-мұратын айқындап алмай, ұлы мемлекетті құлатып тынған Горбачевтің кебін киіп жүрмейік. Мәдениеттерді жақындастырудың жөні осы екен деп бәрін бір тілге, бір дәстүрге тықпаласа, соғыс содан шығады. Тобырлық мәдениет зұлымдық әкеледі, өшпенділік туғызады.

Төзімділік таныту мен бейбіт қатар өмір сүруде, қанша айтқанмен, бір-біріне деген самарқаулық, енжарлық басым. Ал бізге түсініктірегі, жанымызға жақынырағы – мәдениеттердің ортақ індеттен бірлесе қорғанып, бір-біріне деген жанашырлықпен жан сақтауы. Олай болса, алда өткелі жатқан «Ыстықкөл форумының» да, бүгінгі «Жібек жолын­дағы» сұхбаттардың да мұраты бір. Сұхбаттас шын пейілмен, дос ретінде қабылданады. Мұнда бір-біріне деген жанашырлық, тілектестік басым. «Мен және сен», «Біз және олар» деген екінің бірін таңдау сәтіндегі қарым-қатынас мәдениеті қандай болмақ керек? Этностар біз олардан кем емеспіз, біз олардан жақсымыз дегенді орнықтырса, «Біз не олар» деп мәселені ширықтырып шекесінен қойса, ондай өркөкіректік өркениеттерді тығырыққа тірейді. Бейбіт қатар жан сақтау қағидаты «Бізге де болсын, оларға да болсын» болуы тиіс. Оның дәстүрі менікін, менің дәстүрім оныкін жоққа шығармайды. Менің сау-саламат сақталуым басқалардың да амандығы. Барлық мәдениеттер өз даралығымен аман болсын, жер бетінен жойылып кетпей, сақталып, өмір сүрсін деп ойлауымыз ләзім. Әйтпегенде, бір мәдениет екінші бір мәдениеттің іске аспаған мүмкіндігі емес екендігіне кім кепіл? Ұлттардың жақындасуы, қосылуы деген коммунистік ертегі болған. Ол бүгінгі таңда қабыл алынбайды. Ғарыштық температуралар теңелсе, ғалам күйрейді екен. Жер бетіндегі халықтардың бәріне бірдей ортақ бір мәдениет болса, біткен жеріміз де осы. Ендеше, әлемдік прогрестің қозғаушы күші – әралуандық.

Осы арада қазақ – қырғыз, қазақ – өзбек, қазақ – тәжік, қазақ – түркімен әдебиеті мен мәдениетіндегі ұлағатты байланыстарды еске түсіріп қана қоймай, қайта жандандырған абзал. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттердің бірлесе сақталуы қағидатын ұсынып отыр. Бір кезде Мұхтар Әуезовті Бабажан Ғафуров қорғаған екен. Бүгінде тәжік Сафор Абдуллоның қазақтарға сыйғаны былай тұрсын, сыйлы зияткеріне айнал­ғанына қуаныштымыз дей келе, Акбар Турсуновтың басқа мәдениетті құрметтей отырып, өз дара мәдениетімізді сақтау­ға шақыруын сұхбат-семинарға қатысу­шылар әбден құп алды.

Смағұл Елубай ағамыздың осынау жиында әмбе өрелі ойлар айтып, қаншама елдердің танымал зияткерлері алдында зият биіктен табылғанына тақымымызды біз де қыса түскен едік. Ол Акбар усто ортаға тастаған мәдениет­тердің аман қалуы теориясы осындағы әр мәдениеттің, әр этностың өкілін толғандыратынына тоқталды. Былайша айтқанда, мәдениеттердің тіршілік үшін күрес, жойылып кетпеу жолындағы жанталасы. Әсіресе, шағын халықтардың басындағы осы жағдайды Смағұл Елубайдың жанайқай дәрежесіне жеткізе айтуы түсіністікпен қабыл алынды. Ізгілікке толы Жібек жолын адамзаттың қару ұстаған құдайсыз бөлігі қауіп-қатер жолына, ұлттық мәдениеттердің жойылу жолына айналдыруы қынжылтады. Бұл зұлматты жол – жаһандану деп аталады. Ізгі ниетті адамзаттың оған қарсы шығуы да сондықтан. Бұл көкейкесті мәселе кеңес дәуірінде өзінің ана тілін жоғалтып ала жаздаған қазақ ұлтының алдында да өткір тұр. Әлбетте, мұндай проблемалар Орталық Азияның басқа республикаларында да жоқ емес. Демек, мәдениеттеріміздің бірдей сақталуына, қатар өмір сүруіне біздің бәріміз бірге ұмтыламыз. Ата-бабаларымыз, әкелеріміз мұраға қалдырған мәдениетті сақтауға өз үлесімізді қосамыз.

Ұлы Әуезовтер, Айтматовтар, Садриддин Айнилер, Берды Кербебаев­тар, Ғафур Ғұлямдар бір-бірімен дос болды. Солар көтерген, бізге сол ұлы­лардан қалған мәдениет. Олар бізге осы мәдениетті сақтауды аманат етті. Қазақта аманат сөзі өте қасиетті. Ендеше, Орталық Азияның ұлдары мен қыздары төл мәдениетімізді жаһанданудың жалмауыз аранына түсірмей, сол аманатты адал орындауымыз керек.

Қазақ жазушысының көршілес елдердің ақпараттық кеңістігі бір-бірінен ажырап қалғандығы туралы пікірі де назар аудартты. Теледидар арналарында олардың тыныс-тіршілігі көрініс таппайды. 20 жыл бойы қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік зиялылары не істеп, не қойып жатқанынан бейхабармыз. Қазақ зиялы қауымының өмір тынысын олар да білмейді. Әсіресе, ақпараттық тұрғыдан біз неге осыншама алыс болуға тиіспіз. Түсінбеймін. Олай болса, мәдениет және ақпарат саласындағы бес министрімізден де бір үстел басына жиналып, осындай ақпараттық бытыраңқылықты жоюын, мұндағы кедергілерді алып тастағанын сұрауымыз керек шығар деген Смағұл аға пайымдары кімді болса да ойландырғандай еді.

Өзбек ғалымы Фарход Толиповтың ойлары да бес туысқан елдің береке-бірлігін сақтау орайындағы қазақ жазушысының пайымдарымен орайлас келді. Иә, бұрын Кеңес Одағы деген алып бір елдің бес саусағындай болып, бір жұдырыққа жұмылғанымыз рас. Қазір өңірдің бес республикасы әрқайсысы өз алдына егемен мемлекеттер. Демек, өңірлік және халықаралық саясат тұрғысынан алғанда олардың әрқайсысы ұлттық мүддеге жүгінуі заңды. Міне, кейбір қайшылықтар мен келіспеушіліктер де нақ осыдан шығады. Әрине, әр елдің ұлттық мүддесі өзіне қымбат. Бірақ осы категорияның да объективті әрі субъективті жақтары бар екенін ескеру керек сияқты. Өз мүд­десінде әркім-ақ артық өзімшілдік танытары аян. Ендеше, ұлттық мүдделерді үйлестірудің жолдары қандай?

Кеңес Одағы құлағаннан кейін көп ұзамай-ақ Орталық Азия респуб­ли­каларының бес президенті өңірлік инте­грациялық құрылым – өз Достас­тық­тарының құрылғаны туралы жария етті.

Тарихи айғақ мынаны айтады: шық­қан тектің бірлігі, мекен еткен ортаның бірлігі, мәдениеттер мен тілдердің жақындығы, дін мен тарихи тағдырдың бірлігі. Сөйткен бауырлас мемлекеттер жай бейбітшілдікті ғана паш етіп қоймай, жаңа одақ құруға талпынысын танытқан еді. Ал 1997 жылы Өзбекстан, Қазақcтан мен Қырғызстан арасында жасасылған Мәңгілік достық туралы келісімшарт баға жеткісіз құжат болды. Бауырластық пен достық солай бекітілген еді. Келесі жылы өңірдің барлық бес мемлекеті тағы бір маңызды қадам жасап, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялады. Осынау үдеріс одан әрі дами түсіп, 2001 жылы Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы құрылды. Ақырында, 2005 жылдың басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құруды ұсынып, бұған берік негіз бар екендігін атап көрсетті.

Ф.Толиповтың пайымдауынша, осынау интеграциялық үдеріске екі жайт – ұлттық мүдде туралы әсіре түсінік пен дәйексіз геосаясат кері әсерін тигізген. Соның салдарынан өңір елдері әртүрлі шиеленіс, қақтығыс, жанжалдар, тіптен, соғыс ықтималдығымен бетпе-бет келген. 1990 жылы Ош қаласында өзбектер мен қырғыздар арасында бұрқ ете қалған ұлтаралық кикілжің сондай беталыстың алғашқы нышаны-тын. Нақ осындай жанжал 2010 жылдың мау­сымында одан да үлкенірек ауқымда қайталанды. Өңірдің әрбір елінің ішінде әйтеуір бір түйткіл бар. Тәжікстандағы 1992-1997 жылдардағы азамат соғысы. 2005 жылғы мамырдағы Әндіжан оқиғалары. Қазақстандағы 2011-2012 жылғы бірқатар лаңкестік әрекеттер. Сонымен бірге, Ауғанстандағы ахуал, осынау елдің аумағынан бас көтерген қауіп-қатерлер де Орталық Азиядағы интеграциялық үдерісті айтарлықтай тежеп отырғаны анық.

Ең бір қынжыларлық жайт, 2006 жылы қайдағы бір қаймана себеппен Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы таратылғаннан кейін өңірдегі түйткілді ахуалдарды үйлестіретін және интеграциялық үдерісті стратегиялық тұрғыдан қамтамасыз ететін дербес те тәуелсіз саяси құрылым қалмады. Президент Назарбаевтың 2007 жылы Орталық Азия одағын құруға тағы да шақыруы сондықтан болса керек.

Орталық Азия елдерінің қарым-қатына­сында шекараларда жиі болып жататын дау-дамай, атыс, жергілікті тұр­ғындардың наразылығы да бірігуге қызмет етпейді. Жанжалдың тағы бір көзі – су мәселесі. Мұның да шешім таппауының себебі әсіре өзімшіл ұлттық мүдделерде жатыр. Демек, осы және басқа жанжал тудыруға бейім үлкенді-кішілі проблемаларды тар шеңберлі, өзімшіл, теріс түсінілген ұлттық мүдде емес, инновациялық тұрғыдан шешу жолына түскен абзал. Міне, осындай пайымдармен келіспеу де қиын. Осы ретте биылғы маусымда Қазақстан мен Өзбекстан арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылуы өңірдің жаңа интеграциялық үдерісіне жол ашады деп үміттенуге болар. «Интеграция жөнінде бірлескен конференция неге өткізбеске?» деп сауал тастаудың да жөні бар сияқты. Иә, Орталық Азия елдерінің алдында бірлескеннен, үндескеннен, үйлескеннен, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғаннан басқа жол жоқ. Қай шешен сөйлесе де, сөзінің тиянағы осыған саяды.

Ғасырлар бойы бейбіт өмір кешкен халықтарымыздың арасында кикіл­жің тудыратын қиындықтар қол­дан жасалған, деді Сафар Абдулло. Әйт­песе, екі түркінің бір-бірінің тілін түсін­беуі қалай? Бір көрпенің астында жатып әртүрлі түс көруіміз неліктен? Бірақ енді қанды Қа­ра­бах қайталануы тиіс емес. Осыны ұқпағандар ештеңені де ұқ­пай­ды. Халықтар бірін-бірі ешқашан жек көр­ген емес. Осындай жүрекжарды тол­ға­ныстарын айта келе, қазақтың тәжік зият­кері Сафор Абдулло Қазақстанда «Ор­­талық Азия халықтарының мәде­ние­­ті» атты журнал шығарып тұруды ұсынды.

Жиында ақпараттар соғысының, тарихтар соғысының қауіптілігі, ұлт­тық тарихтардың әр елде өзінше бұрма­ланып, өз мүддесіне икемдей жазылуы­ның келеңсіз салдарлары жайында да аз айтылған жоқ. Әрине, бұл ретте зияткерлер арасында аз-кем парасатты пікірталас та болмай қалмады. Біздің Әлімжан Хамраевтың тарихшыларда тұтас көзқарас жоқ дегеніне А.Қадырбаев, А.Турсуновтың дін мәдениет сияқты оң ықпал жасай алмайды деп қайырғанына біздің Гүлнар Аннақұлова келіспеді. Дегенмен де, Акбар устоның өңір халықтарының үндесуінде зияткерлер мен зиялылардың, мәдениеттердің рөлі зор екендігі туралы толғаныс-пайымдары пәрменді естілді. Менің студент кезімде мәдениеттің 250 анықтамасы болған, одан беріде оған өркениеттің 70 анықтамасы қосылды. Осы ретте біз ағартушылық қызметке көп көңіл бөлуіміз керек дегені де көкейге қонады. Ал енді ғылымның тым саясаттанып бара жатқаны шындықтан алыс емес-ау. Тарих ғылым болудан қалды, ол идеологияға айналды деген жанайқай да жайдан-жай тумағанын аңғарамыз. Кеңес кезеңінде іс жүзінде гуманитарлық ғылымдар болмағанын ескерсек, енді тәуелсіз елдерде оның маңызы да, жауапкершілігі де арта түспек. Тарихтар соғысынан тартынбаса, сақтанбаса болмайды. Ана жылғы армян-әзербайжан жанжалдарының алдында әуелі тарихшылар мен академиктердің айтысы болғанын естен шығарудың реті жоқ.

Семинарда «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі» халықаралық ұйымы атқарушы дирек­торының орынбасары Қанат Тумыш мырзаның мазмұнды баяндамасы ықыласпен тыңдалды. Шынында, Орта­лық Азияның мемлекет құраушы бес халқына – қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен мен өзбекке бүгінгі таңда ең керегі бауырластық, бірлік және интеграция емес пе? Тіпті, 1940 жылы жапон министрін қабылдай отырып, Сталиннің өзі: «Біз, азиаттар, бірге болуымыз керек» деген әулиелік сөздерді айтып жіберген екен. Ендеше, Қанат Тумыш бауырымыздың ақпараттық мәңгүрттіктің алдын алуға шақырып, «Бір Азия – бір арман» мұратын алға тартуын да азаматтық парасат үлгісі деп таныдық. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы атқару комитетінің аға сарапшысы Бахрам Ауанасовтың ШЫҰ кеңістігіндегі есірткі терроризмі мен трафигінің қауіп-қатері мен залал-зардабын егжей-тегжейлі баяндауы және оны әлсірету орайындағы нақты ұсыныстары да көпшілікті келелі ой-түйіндерге жетелегені кәміл.

Үш күн бойы өткен алқалы жиында айтылған ұлағат, көтерілген көкейкесті мәселелердің бәрін бір мақалада қамту, әрине, мүмкін емес. Смағұл Елубайдың семинар материалдарын жеке кітапша етіп шығаруды еске салғаны да сол себептен болар. Қалай болғанда да, «Жібек жолындағы сұхбаттардың» интеграциялық, бірлестіруші, бірікті­руші, достыққа дәнекер фактор екендігін қоғамдық пікір мойындап үлгерді. Ыстықкөлдегі күндер халықтық дипло­матияның мерейін асырып, ыстық ықылас пен ынтымақты тірлік жолын нұсқағандай. Жібек жолының жасампаз тарихи жады біз сәлем еткен Шолпан Атадағы М.Әуезовтің мұражай-үйінде, семинардың бірінші күнгі жиыны өткен Ш.Айтматов атындағы «Рух Ордо» мәдени орталығында да жаңғыра күмбірлеп тұрғандай болғанын ұмыта алар емеспін.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы – Ыстықкөл – Алматы.

Соңғы жаңалықтар