Сұхбат • 19 Маусым, 2020

Бибігүл Төлегенова: Айтылмаған бір әнім бар...

1935 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақтың бұлбұлы! Бұл абыройлы атақты әншіге халықтың өзі берген. Сонау бір жылдары іңкәр өнерге аяқ басқан ол жарқ еткен сұлу келбетімен, өзіне ғана тән сиқырға толы сыңғырлаған дауысымен тыңдармен жүрегін бірден жаулап алды. Ол шырқаған әндерге Кеңес Одағы кезінің өзінде тамсанбаған тыңдаушы болмады. Әнші дауысымен шартарапты шарлаған қазақтың халық әндері тыңдаушының ұлтына қарамай көңілін асқақтатты. Сұлу дауыс иесінің сызылта салған әні, сыңғыр үні міне, осылайша 70 жылдан аса жүректерді тербеп, көңілдерге көрік беріп келеді. Әншінің әсем әнін тыңдап ержеткен талай буын ұрпақ бүгінде оның үнін құбылысқа балап, аңыз қылып айтады. Мұқым қазақтың мақтанышы, ұлттық опера өнерінің аңыз тұлғасы, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВАМЕН өрбіген сырласу сұхбатымыз әнші әлемінің әдемі естеліктері мен еліміздің мәдени өмірі жайын баян етеді.

Бибігүл Төлегенова: Айтылмаған бір әнім бар...

– Санаулы күннен кейін еліміз елорда күнін атап өтпек. Бүгінде тарихын талай тағылымды оқиғалармен байы­тып үлгерген бас қаладағы ал­ғаш­қы концертіңіз қалай өтіп еді? Сол күндерді есіңізге алғанда ойыңызға не оралады?

– Иә, әлбетте есімде, бәрі күні ке­шегідей көз алдымда сайрап тұр. «Конгресс-холл» төрінде естен кетпес тамаша концерт беріп едім. Ол кезде басқа концерт залдары жоқтың қасы. Ақмола астана атанғанға дейін қаланың атауы Целиноград болды ғой. 1997 жылдан бас­тап қана еліміздің бас қаласы мәртебесін алды. Өзің айтып отырғандай, міне сол жылдардағы керемет естеліктер әлі жадымда. Ол кезде түрлі ойларға беріліп, халықтың санасы сан саққа жүгірген. Біреулер алдағы өзгерістерге қуанса, енді бірі «келешегіміз қалай болар екен» деп уайымға салынды. Отансүйгіш, тәуекелшіл жандардың көпшілігі бірден жаңа астанаға қоныс аударды. Алғашқы күннен бастап-ақ адымын апыл-тапыл басқан сәби шаһардың жетістігіне бірге қуанып, қиыншылығын бірлесе көтерді. Бас қаланың мәдени-рухани өмірінің жандануына атсалысты. Олардың қатарында – Айман Мұсақожаева, көптеген танымал музыканттар, опера және балет әртістері, ғалымдар мен құрылысшылар болды. Алайда Целиноградтың Ақмола болған кезіндегі естеліктерім де мен үшін ерекше қымбат. Ол кезде бұл шаһар тың игеру кезеңінен кейін қанатын кеңге жайып, біршама түрленген шағын ғана қалашық еді. Негізінен батпақты жер болатын. Тың игеру кезінде егін егуден бастап, егістіктен соңғы бидай дәнін жинағанша осы қалада болдым, үйге барған жоқпын. Ән салып, халықтың рухын көтеруге қызмет еттім. Ол кездегі концерттерімнің барлығы ауылды жердегі мал қораларында, егіс алқаптарында өтетін. Жер сыз. Со­ған қарамастан жалаң аяқ жүріп концерт бердік. Кейін өзім талай жыл өнер көрсетіп, тарихи кезеңдерінің бар­лығына куә болған шағын қаланың мегаполиске айналып, еліміздің астанасы болатынын естігенде, шыны керек, алғашында сеніңкіремедім. Бірақ жаңашыл бір өзгерістің келе жатқанын сезіп, қатты қуандым. Сезімім алдамаған екен. Енді, міне, Нұр-Сұлтанға келген сайын осынау арман қала, бақыт меке­нінің өсіп, өркендегенін көремін. Ештеңеден тайсалмай батыл тәуекелге барып, астананы көшіру туралы дұрыс шешім қабылдағаны үшін Елбасымызға алғыс айтқым келеді.

– Биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде атап өтілуде. Ұлы ақын, ком­­позитор туған топы­рақтың түлегі ре­тінде айты­ңызшы, Сіз үшін Абай кім? Ұлы ойшылдың шығармашылық өміріңіздегі орны қандай?

– Жалғыз мен үшін ғана емес, барша Қазақ елі үшін Абай – алып, Абай – ұлы тұлға. Хакімнің артында қалдырған әдеби мұрасы күллі адамзат бағыт бұрар рухани темірқазық десем, титтей де артық айтқандығым емес. Сөзсіз, мен үшін де солай. Адамзат ұлы ақын, ойшыл мұрасына қанша мәрте оралса, сонша мәрте кемелденеді. Мен де Абайға жиі оралып тұрамын. Әсіресе қара сөз­дерін оқыған сайын рухани тұрғыда бір сілкініп алғандай күй кешемін. Дәл қазір де осы кітапты оқып жүрмін. Кі­тапты парақтаған сайын өзім үшін тың дүние табамын. Рас, жастау кезімде ақын сөздерін басқаша қабылдайтынмын. Ал енді 90 жасымда мүлдем басқа биіктік бедерінде ұғып жүрмін. Мұның өзі кемеңгер тұлға мұрасының мәңгілік екендігін айғақтаса керек. Сондықтан да ұлы Абайдың рухани тағылымы дегенде менің әрдайым шығарар қорытындым біреу – хакім ойлары кез келген уақытта өзекті. Абайды әлемдік деңгейдегі философ, суреткерлермен бір деңгейде қойып салыстыруға болады. Өйткені Абай – құбылыс. Мың жылда бір туатын дара тұлға. Ұлы ақын туған топырақта кіндік қаным тамып, қасиетті жердің құнарын бойыма сіңіріп өскенімді мақтан етемін.

– Туған жер тақырыбына ауысқан екенбіз, өскен орта, ата-анаңыз туралы айтып беріңізші. Сонау қиын-қыстау заман­дағы музыкамен алғашқы таныс­тығыңыз қалай басталған еді?

– Ес білгелі музыка әрдайым менің жанымда. Әкем қарапайым жұмысшы бола тұра, скрипкада керемет ойнайтын. Кәсіби білімі болмағанымен, жаны музыкаға ерекше жақын еді. Даусы да өте әдемі болатын. Анам татар ұлтынан болғаннан кейін шығар, оған арнап үнемі татар әндерін айтатын. Сонда анамның риза болған жүзіне қарап ерекше шабыттанатын. Мен ол кезде әлі кішкентаймын. Бірақ музыкаға іңкәр көңілім әкемнің осы өнерін айрықша жақсы көретін. Үнемі қасында отырып, ол кісінің скрипка тартып, татар әндерін нақышына келтіре шырқағанына қарап қызығатынмын. Кейін, әлі дұрыс сөйлей алмасам да, әкемнің сол әндерін ыңылдап айна-қатесіз өзіне қайта орындап беруші едім. Сондайда әкем: «Менің қызым атақты әнші» болады дейтін. Алла аузына салған шығар. Анам да әнді жақсы айтатын. Әсем даусы өзіне ерекше жарасатын. Мендегі дауыс, бәлкім сол анамның сыңғыр үнінен дарыған шығар деп ойлаймын.

Ал балалық шағыма келсем, менде аса бір тамаша, бақытты балалық шақ болды деп айта алмаймын. Әкеміз халық жауы ретінде ұсталып, тұрмыс тауқыметін тым ерте тарттым. Әкем Ахмет кедей отбасынан шыққан. 1921 жылы аштық кезінде ата-анасы қайтыс болып, ағасы екеуі ауылдан Семейге көшіп келеді. Сол жерде нағашысынан пана табады. Соған риза болса керек, балаларын сол кісінің атына жаздыртады. Яғни біздің тегіміз шын мәнісінде Байқонысовтар болуы керек еді. Бірақ мен Төлегенова болдым. Әкем адам­гершілігі мол, өте қабілетті адам еді. Қарапайым ауыл диірменшісінен бас­тап, Катон-Қарағай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымына дейін көтерілді. Бірақ сол кездегі ауыр жағдай, сұрқай саясат салдарынан 1937 жылы тұтқындалып, тура бір жылдан кейін ату жазасына кесілді. Ол кезде мен 7 жастамын. 25 жастағы анам жүкті еді. Алты баламен жалғыз қалды. Бізді балалар үйіне алып кетпеуі үшін барын салды. Адам төзгісіз ауыр, тауқыметті тағдырды бастан кешіріп, бәрін жеңді. Бала-шағасының қызығына бөленген анам 91 жасында өмірден өтті.

– Әке дегенде ойыңызға не оралады?

– Әкем – мәңгілік сағынышым. Мен сол кісіге тартқанмын. Түр әлпетім де, көзім де әкеме ұқсайды. Әлі есімде, 18 жасымда Семейдің ет комбинатында жұмыс істеп жүргенімде ән байқауына қатыспақ болып Алматыға алғаш рет келдім. Көп ән білмеймін. Білетін, дайындалып келген әнді орындадым. Дауысым бар болғанымен, сапар үстінде тамағыма суық тигізіп алдым. Сондықтан да орындаған әнімнің лирикалық бояуы солғындау шықса керек, комиссия мүшелері басқа ән орындауымды сұрап, біраз сұрақ қойды. «Әкең бар ма?» деді. «Жоқ» деп жауап бердім. «Егер қазір әкең есіктен кіріп келсе не істер едің?» деп сұрады әлгі кісі. Мен бақырып жылап жібердім. Өйткені бұл менің жанды, жаралы жерім болатын. Менен мұндай әрекет күтпесе керек, комиссия мүшелері жабылып жүріп жұбатты. Одан бері қанша уақыт өтсе де, әкеме деген сағынышым бір сәт те бәсеңсіген емес. Қазір де солай. Есімде еміс-еміс қалыпты, бала күнімде әкем үнемі:

Аққу едім-ай көлдегі,

Сұңқар едім-ай шөлдегі,

Амалым бар ма-ау?

Әттең, Тәңірім,

Шөлдедім..., – деген әнді айтып жүретін. Толық мәтіні есімде жоқ. Тек осы қайырмасы мен әуені ғана ойымда жатталып қалыпты. Асанәлі Әшімов тыңдап көріп, Алаш арыстарының гимні болар деп топшылады. Мүмкін. Әке дегенде осы бір ән ойымнан кетпейді. Сахнада талай әнді шырқап жүрмін ғой. Бірақ менің өмірімде айтылмаған бір ән бар. Ол әкем салған ән еді...

– Тағылымды өнер жолыңызда небір есімі аңызға айналған тұлғалар­мен әріптес, сыйлас болды­ңыз. Ба­тасын алып, шапағатын сезіндіңіз. Солар­дың ішінде өміріңізге елеулі әсер еткен кім? Бәлкім, үлгі тұтар тұл­ғаңыз бар шығар?

– Жастайымнан 7 баламен жалғыз қалған анама көмектесемін деп, қала­уымның барлығына қол жеткізуге мүмкіндігім бола бермеді. Бірақ адам­ның арманын ешкім тартып ала алмайды ғой. 18 жасымда алғаш рет Ал­матыға келдім. Ол кезде Семейдегі ет ком­бинатының жұмысшысы болатынмын. 1943-1948 жылдар аралығында ет комбинатында, кейін ағаш, қаңылтыр-қалбыр зауытында жұмыс істедім. Қаңылтыр құтыларды осы қолымызбен жасадық. Бірақ көңіл түкпіріндегі әнге деген іңкәрлік басылмай қойды. Қара жұмыста жүрсем де, өнерден қол үзгім келмеді. Ән айтуды өте жақсы көретінмін. Көркемөнерпаздар арасында белсенді болдым. Ол кезде цехымыздың бастығы Игорь Анатольевич Лебедев деген кісі еді. Бір күні директорға арнайы жолығып: «Мына әртіс қызға көмектесіңізші. Ән айтса болды, бәрін де ұмытады» деді. Содан комсомолдың қалалық комитеті мені Алматыға жіберді. Барар жолда суық тиіп, тиісті деңгейде өнер көрсете алмадым. Үйге қайтып оралдым. Кейінірек көркемөнерпаздардың қалалық бай­қауына қатысып, жүл­делі орынға ие болдым. Сөйтіп ет ком­­бинатындағы ұжымымның намы­сын абыроймен қорғап шықтым. Міне, осы байқау менің одан кейінгі өмірімді түбегейлі өзгертті. Комиссия мүшелерінің қатарында бір әйел адам болды. Ол – Галина Серебрякова деген жазушы екен. Ол кісі әнді жақсы айтатын. Бір кездері шетелде тұрып, италиялық бі­лікті мамандардан тәлім алған арнайы музыкалық білімі мен бай тәжірибесі де бар. Медицина саласын да жақсы білетін жан-жақты адам екен. Кезінде жазушы Максим Горькиймен жақын таныс болып, ұлы қаламгердің кеңесімен жазушылық жолға түсіпті. Сол байқаудан кейін Га­лина Серебрякова өнеріме тәнті болып, маған айрықша қолдау көрсетті. Ол кісіден италиялық ән айту мектебін мең­герсем, кейін Надежда Николаевна Самышинадан консерваторияда оқып жүріп орыс ән мектебін үйрендім. Міне, осы екі мектептің үйлесімінен Бибігүл Төлегенованың есімі дүниеге келді. Театрға қызметке келген кезде Күләш Байсейітованың өнер көрсетуіне тамсанатынмын. Ол кісі шынында да біздің пір тұтқан тұлғамыз еді. Сахнаға шыққан кезде әнші жан-жағына ерекше шуақ шашып, айналасын түрлендіріп жіберетін. Бірақ өнерде ешкімге еліктеген жоқпын. Барлығын құрмет тұтқаныммен, ән айтуда өзгеге ұқсамайтын өз жолымды тауып, соны сүрлеуімді салғым келді. Сол жолда іздендім. Шүкір, бүгінде тағдырыма ризамын. Ән айтуды арман­дадым. Сөйтіп ән менің тағдырыма айналды.

– Осылайша консерві зауы­ты­ның жұмысшы бойжеткені консер­ва­торияның студенті атанды дейсіз ғой...

– Иә, бұл бір қызық жағдай. Әлгі байқаудан кейін мені Галина Серебрякова оңаша шақырып алып, консерваторияға баруға кеңес берді: «Қызым, маған сенің дауысың ұнады. Үнің де ерекше, Италияның атақты әншісі Амелита Галли-Курчиға қатты ұқсайды екен. Сен міндетті түрде кон­серваторияға түсіп, музыкалық білім алуың керек», деді. Мен консерваторияны қайдан білейін. Көргенім – зауыттың қара жұмысы. Екеуін бір деп ойласам керек: «Мен оны қайтемін? Онсыз да консерві зауытында жұмыс істеймін ғой» деп жауап бердім. Мән-жайды түсінген зиялы әйел сөйтіп маған ерекше қамқор болып, өнер әлеміне бастар жолымды ашып берді. Сол қамқорлығы үшін де ол кісіге әлі күнге дейін қарыздармын. Ұстаз тұтамын.

– Ән әлемінде бағындырған жетіс­тіктеріңізге қарамастан, кезін­де кей­бір әртістер барудан бас тарт­қан шал­ғайдағы елді мекендерге, алыс түк­­пір­дегі ауылдарға жиі барып, өнер көр­сеттіңіз. Бұл жан­кеш­тілі­гіңіз­ді өнер­ге деген шексіз махаб­батыңыз деп бағаласақ бола ма?

– Әрине ең әуелі әнге деген сүйіс­пеншілік. Ол сөзсіз. Екіншіден, ол кезде менің кішкентай екі қызым және анам бар еді. Олардың жалғыз асыраушысы мен болдым. Сондықтан да күні-түні тынбай еңбектенуге тура келді. Ол кездері ай сайын 1 500 сом ақша алатынмын. Яғни 100 пайыз жалақы алу үшін 17 концерт беруге тиіс болдым. Отбасымды асырай алмаймын деп қорқатынмын. Баспана жоқ. Балаларым Семейде анамның қолында, өзім Алматыда шағын бөлме жалдап тұрамын. Ауылды жерлерді аралау былай тұрсын, тіпті шахталарға түсіп те концерт беретінмін. Міне, осындай еңбек маған танымалдылық әкелді. Жоғарыда сіз айтқан мәртебелі атақтар маған кездейсоқ берілген жоқ деп ойлаймын. Мұның бәрі – таланттан бөлек, қиын да табанды еңбектің арқасы.

– Қазір музыка әлемінде әдемі дауыстар көп. Десе де, кәсіби мамандар елімізде драмалық тенорлар мен бас дауысты таланттардың тапшылығын алға тартып, дабыл қағады. Дарындарымызды жоғалтпау үшін не істеуіміз керек?

– Бұл – өте күрделі сұрақ. Дауыс – табиғат берген тарту, мәселе сонда. Бізде қазір есімімен ел мақтанатын Димаш Құдайберген сынды дүлдүл талант бар. Міне, оған дауысты Алла берген. Ешбір ұстаз оның дауысының табиғатына ықпал ете алмады. Бұл өзге бас, тенорларға да қатысты. Бұрын сопрано дауысты әншілер көп болса, қазір баритондар өте көп. Алайда меццо жетіспейді. Себебі бұл ұлттық дауыс нақышына байланысты жағдай. Яғни бізде төмен дауысты әншілер тапшы. Моңғолия, Қытай, Жапония әншілерімен салыстырғанда, Қазақстанда бас дауыс­ты дарындар әлдеқайда аз. Бірақ ешбір маман оны арнайы жаттығу, ізденіспен қайта дайындап шығара алмайды. Дауысты табиғат өзі береді. Егер табиғат саған осындай дауыс желбезегін берсе, дұрыс дем алып, дұрыс дыбыс шығаруға үйренуге болады. Алайда баритоннан драмалық тенор жасау мүмкін емес.

– Мәдениет қайраткері ретінде бүгінде мәдениетіміздің аяқалысын қан­шалықты бақылайсыз? Ұлт­тық өнеріміздің даму қарқыны көңілі­ңізден шыға ма?

– Сөзсіз, бұл мәселе мені толған­дырады. Әрдайым әртістермен араласып тұрамын. Мәдениет саласы қыз­меткерлерінің жалақысы артқанын білемін, балет әртістерінің әлеуметтік төлем алатынынан хабардармын. Мұның бәрі, әрине тамаша. Әсіресе Мәдениет министрлігінің карантин кезіндегі қызметін мұқият бақыладым. Өздерінің онлайн жобаларымен олар халықтың рухын тамаша көтере білді. Қаншама іс-шараның көрсетілімі өтті. Тіпті Абай атындағы опера және балет теат­ры­ мен «Астана Опера» карантин ке­зе­ңіндегі онлайн трансляциялар бойынша ТМД елдерінің үздік опера және балет театрларының рейтингісінде ТОП-5 үздік опера және балет театрлары қатарына енгені туралы жаңалықты оқыдым. Мәдениет саласының қыз­меткерлерінің медициналық маскалар тігіп, тегін таратқанынан да хабардармын. Осындай жақсы істердің басы-қасында композитор, зиялы тұлға Ақтоты Райымқұлованың жүргені қуантады. Ол өте білімді отбасынан шыққан. Министр лауазымына отырғанына көп уақыт өте қоймаса да, бірталай жұмыс атқарып үлгерді. Министрдің жаңа шығармашылық одақтар құру туралы шешімін қолдаймын. «Қазақконцерт» бір­лестігі негізінде мемлекеттік кон­церттік ұйымдардың концерттік-гас­троль­дік қызметінің орталығы құ­рылғаны белгілі. Бұл көптеген қазақ­стандық алаңдардың концерттік қыз­метін жеңілдетеді деп ойлаймын. Та­нымал этнограф, Қазақ КСР Халық әртісі А.Затаевичтің 150 жылдығын мерекелеу аясында этнографтың бұрын жарияланбаған мұрасы – қазақ әндері мен күйлерінің 3-ші томының таныс­тырылымы өткендігі де мені қатты қуант­ты. Яғни бүгінде мәдениет саласында бағалауға, қуануға тұратын қо­мақты жұмыстар тындырылып жатыр. Жақсы бастамалар лайым жалғасын таба берсе деген тілектемін.

– Табиғат берген дарыныңыздың тағы бір қыры – актерлік шеберлік еке­нін тыңдармандарыңыз жақсы біледі. Ғаламат әнші ғана емес, тамаша актриса ретінде де өнеріңізге тән­тіміз. Кино саласында қомақты тәжі­рибесі бар маман ретінде сұрасақ, жаңадан жарыққа шығып жатқан қазіргі төл фильм­дерімізді көресіз бе? Отандық кине­матографияның дең­гейін қалай бағалайсыз?

– Мүмкіндігінше зерделеймін. Бірақ киноның барлық жанрын көремін деп айта алмаймын. Оған уақытым да жете бермейді. Негізінен тарихи фильмдерге көңілім ауып тұрады. Археологиялық қазындылар, тарихи жәдігерлер туралы танымдық ақпарат алған ұнайды. Ойлап қараңызшы, мыңдаған жылдар бұрын қара жер өз қойнауында адам нанғысыз заттарды сақтап қалған. Ал бүгін сіз бен біз соларды өз көзімізбен көре аламыз. Мұның танымдық тұрғыдан өнегесі мол. Осындай мазмұндағы фильм­дер жастарды рухани жағынан тәр­биелейді. Жалпы, отандық кинематография дамып келеді деп сеніммен айта аламын. Бұл сөзсіз көңілге қуаныш ұялатады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»