Руханият • 19 Маусым, 2020

Волонтер деген бір ұйым бар...

523 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін қарттарға, жалғызбасты аналарға, мұқтаж отбасыларға көмек беруге топтасқан волонтерлер қарасы көп болды. 6 жыл бойы еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастарды игі іске жұмылдырып келген «Қазақстанның волонтерлер лигасы» қоғамдық қоры да қиын-қыстау кезеңде қайырымды іске араласамын деген азаматтардың басын қосып, елге қызмет еткендердің қатарынан көрінді.

Волонтер деген бір ұйым бар...

2014 жылы 4 маусымда жұмысын бастаған қор биыл 6 жылдығын тойлады. Қоғамдық қор басшысы Айсұлу Ерниязова игі іспен айналысамын деген кез келген 14 жастан асқан азаматтың лигаға мүше бола алатынын айтады. «Біздің қатарымызда мектеп оқушылары, студенттер, тіпті «күміс волонтерлер», яғни 50 жастан асқан зейнет жасындағы адамдар бар. Кәсібіне, біліміне қарамастан кез келген адам еріктілер қатарына қосыла алады. Біз үшін олардың қоғамға пайдалы болсам деген ниеті маңызды», дейді қор жетекшісі.

Елде карантин жарияланғаннан кейін «Волонтерлер лигасы» барлық аймақ­та бөлімшелерін ашып, жұмыс­қа кірісті. Олар тек көмекпен шектеліп қоймай, жастар үйде уақытын пайдалы өткізсін деген мақсатта түрлі бағыттар бойынша республикалық онлайн курс­тарды ашты. «Еріктілер ағылшын, қазақ, қытай, түрік тілдерін, химия, био­логия, математика және басқа да пән­дерді ақысыз оқытты. Алматы қала­сында волонтерлер Алматы әкім­дігі жанын­дағы еріктілердің жедел штабы­мен бірлесіп, коронавирус инфек­циясы­ның таралуын тоқтату үшін әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне және қаланың аудан әкімдіктеріне көмектесті.

Волонтерлер қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілді. Оларға арнайы киім, маска, қолғаптар, аяқкиім мен антисептиктер уақыты үлестіріліп отырды. Сонымен қатар арнайы көлік бөлініп, мезгілімен тамақ ішіп тұрды», дейді А.Ерниязова.

Бүгінге дейін алматылық волонтерлер 10 000-нан астам мұқтаж және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматқа көмек көрсеткен, 12 000-нан астам азық-түлік пакетін жинаған. Құзырлы органдар ұсынған тізімге сәйкес, мүгедектер санатындағы тұрғындарға, қарттарға тамақ, дәрі-дәрмектерді жеткізіп отырған.

«Әлемдегі жағдай волонтерліктің маңызын түсіндіріп, ал еріктілерге өздерін жаңа қырынан танытуға мүм­кін­дік бергендей. Өйткені біздің жас­тар коронавирус инфекциясы ошақ­тарын­да жұмыс істеп, мамандарға көмек көрсетті. Коронавирустың емі де, салдары да белгісіз. Осындай қиын-қыстау кезеңде өздерінің пайдалы болсам деген ізгі ниеттерінен таймай, біраз жас бел сыбанып еңбекке араласты. Медицина қызметкерлерімен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеді. Бұл – үлкен тәжірибе. Жастар өздерінің бойындағы бұрын-соңды білмеген, ашылмаған қырларын таба білді. Өйткені коронавируспен күрес  кешенді жұмысты талап етеді. Сол кешенді жұмысқа белсенді түрде атсалысуы жастарымызға қанат бітіріп, олардың ынта-жігерін еселей түсті. Карантин кезінде 5 қайырымдылық акциясы өткізілді», дейді Айсұлу.

Ұйым басшысы айтып өткендей, волонтерлер құқық қорғау органдарына да қолғабыс еткен. Қоғамдық мониторинг негізінде құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті органдар қажетті шаралар қабылдап отырған. Волонтерлер көбіне төтенше жағдай кезінде жұмыс істеуіне шектеу қойылған сау­да орталықтарының және басқа да қыз­мет көрсету нысандарының тәртіп бұзғанын айтты.

Оған қоса 700-ден астам тұрғынға сенім телефондары арқылы көмек көрсетілген. Азаматтар түрлі арыз-шағым, өтініштермен хабарласқан. Олардың ішінде үйге шақырту бойынша да өтініштер келіп түскен.

Көптеген аймақта «Волонтерлер лигасы» Nur Otan партиясымен, Jas Otan жастар қанатымен және түрлі облыс­тық ұйымдармен бірге жұмыс істеді. Волонтерлердің тұрғын­дарға түсіндіру жұмыстарына да атсалысқаны бар.

«Шымкент қаласындағы Орталық саябақта және Арбатта волонтерлер коронавирус инфекциясынан сақтану шаралары, жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 1000-ға жуық медициналық бетперде мен ақпараттық парақшалар таратты. Өскемен, Алматы және Павлодар қалаларында еріктілер өздері бірнеше рет пайдалануға болатын маскалар тігіп, мұқтаж жандарға үлестірді. Қызылорда қаласындағы волонтерлер шетелдерден келген адам­дармен кездесіп, сауалдамалар жүр­гізді», дейді А.Ерниязова.

Жалпы, әлеуметтік бағдарлама­лар­ды әзірлеу және адамдарға көмек­тесу мақсатында «Волонтерлер лигасы» әлеуметтік және мәдени маңызы бар әртүрлі қалалық, республикалық және халықаралық шараларға қатысады.

Осы 6 жылда ұйым волонтерлері көптеген үлкен шараның өткізілуіне жәрдем етті. Олардың қатарында 2017 жылы Алматыда өткен XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиада, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі, «Алматының 1000 жылдығына 1000 игі іс», «Өз қалаңыздың қаһарманы болыңыз» акциясы, Star of Asia, Еура­зиялық медиафорум, Алматы кино­фестивалі, Қазақстан-Ресей жастар форумы, Іле-Балқаш фестивалі, Jastar Alańy жастар саммиті және басқалары бар. Бұл шаралардың барлығы біліктілігімізді арттырып, волонтерлік мәдениетін түсінуге мүмкіндік берді. 2019 жылы «Қазақстанның волонтерлер лигасы» қоғамдық қоры Ashyq Júrek қайырымдылық жобасын ұйымдастырды. «Бұл бастама туралы біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында Жастар жылының ашылуында айтқан болатынбыз. Жоба аясында 8 бағыт бойынша жұмыс жүргізілді. Әр бағыттың өзіндік миссиясы бар. Аталған жоба аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек беру, студенттерге түрлі тағылымдамалар ұйымдастыру, медициналық еріктілік пен саламатты өмір салтын дәріптеу, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтендіруге атсалысу, жануар­лар­ға қамқорлық көрсету, ардагерлерге көмек көрсету және экотуризм қарас­тырылған. «Волонтерлер лигасы» қатарымызға қосыламын деген аза­мат­тарға әрдайым ашық. Биылғыдай Во­лон­тер жылында жастар арасында ерік­тілік пен қайырымдылықтың ма­ңызын түсіндіруге тырысуымыз керек. Ал пан­демия – бір жағадан бас шы­ғар­сақ біз аспайтын асу жоғын көр­сетті», деп түйіндеді өз сөзін Айсұлу Ерниязова.