Машина жасау саласының дамуы туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, мұнай-газ саласындағы машина жасау туралы энергетика министрі Н. Ноғаев, саланың өңірлерде дамуы туралы Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндады. Сондай-ақ Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы М. Пішембаев және бизнес өкілдері — «Astana Group» президенті Н. Смағұлов, «KARLSCKRONA» ЖШС бас директоры В. Ахметов және «KazRostEngineering Ltd.» директоры Д. Иманмұсаев баяндама жасады.
Машина жасау — ҚР өңдеу өнеркәсібінің негізгі драйвері болғандықтан, оның жүйелі дамуын қамтамасыз етеді. Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша экономикадағы құлдырауға қарамастан, машина жасау саласында өндіріс көлемі 535 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 18,5%-ға жоғары.
Қазіргі таңда Қазақстанда машина жасау саласында 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олар әртүрлі өнімдерді – бөлшектерден бастап дәлдігі жоғары техникалар шығаруға дейін игерді. Осылайша мұнай-газ, металлургия және аграрлық өнеркәсіп секілді экономиканың негізгі секторларының қажеттілігін қамтамасыз етуде. Сала секторларына байланысты жергіліктендіру деңгейі 35%-дан 95%-ға дейін құрайды.
Үкімет басшысы машина жасаудағы жергілікті қамтуды ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Елдегі автопарктің 70%-ының қызмет ету мерзімі айтарлықтай асып кеткенін назарға алсақ, бұл өте маңызды. Оны жаңарту отандық кәсіпорындардың қуатын жүктеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісте және жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, елде экологияны жақсартуға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешіміне сәйкес, моторлы көлік құралдары өндірісін жергіліктендіру деңгейін кемінде 50%-ға жеткізу керек екенін атап өтті. Осыған орай, автоөндірушілердің өз міндеттемелерін орындауын бақылауға алу қажет.
Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жергіліктендіруді, өндіріс көлемін арттырып, машина жасау өнімдерінің экспортын кеңейтуді, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, бір ай мерзімде ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
А. Мамин қазіргі уақытта Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 70% тозғанын, пайдалану мерзімі өткенін атап өтті. Қазақстанның азық-түлік хабы ретіне қалыптасуын ескере отырып, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін жаңа перспективалы өндірістерді құру мақсатында елге инвестициялар мен серіктестер тарту қажет. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту кезінде өз өндірісі есебінен еңбек өнімділігі жақсарып, ауыл шаруашылығы өндірісі артады.
Премьер-Министр энергетика және индустрия министрліктеріне мұнай-газ жабдықтарын өндіретін компанияларды тарту, отандық машина жасау кәсіпорындарының ірі мұнай-газ операторларының сатып алуларына қол жеткізуін кеңейту, сондай-ақ саладағы жүйелік кедергілерді жою жөніндегі кешенді шаралар бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Үкімет басшысы бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өнімді отандық экспорттаушылар үшін жаңа қолдау шараларын көрсету мүмкіндігін пысықтауды, сондай-ақ ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында осы жылдың 1 шілдесіне дейін Өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырды.