Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лэ Юйчэнді қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лэ Юйчэнді қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен қазан айының 14-17-сі аралығында қазақстандық парламенттік делегацияның Қытайға сапары жоспарланған. Осы қарсаңда тараптар өзара іс-қимылдың маңызды мәселелерін талқыға салды.
Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дәйекті әрі үдемелі даму жолына түскендігі тілге тиек етілді.
Өз сөзінде Нұрлан Нығматулин ҚХР Төрағасының біздің елімізге сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің арасында қол жеткізілген жоғары деңгейлі келісімдер екіжақты қарым-қатынастың стратегиялық көрсеткішінің тағы бір дәлелі екенін атап өтті.
Ал Лэ Юйчэн өз кезегінде Қазақстанның жетістіктеріне қатысты жылы лебізін білдірді.
– Астанаға келген алғашқы күннен бастап, мені Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген жетістіктер мен екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы таңғалдырды, – деді елші.
Қос елдің парламентаралық байланысы да назардан тыс қалмады.
– Парламентаралық өзара ынтымақтастықты дамыту жолында, заң шығармашылық жұмысында тәжірибе алмасу, яғни маңызды бастамаларды заңнамалық қамтамасыз ету, салалық комитеттер арасында байланыстарды нығайту, парламентаралық ұйымдар аясындағы әріптестік басым бағыттар болып табылады, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Нұрлан Нығматулин мен Лэ Юйчэн парламенттер өкілдерінің байланысын алдағы уақытта да белсенді нығайтуға сенім білдірді.
– Қазақстан мен Қытай парламентшілері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту – екі мемлекеттің стратегиялық әріптестік қатынасын одан әрі жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Мәжіліс Төрағасы.
Кездесу иелері мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық болашақта да екі елдің игілігі жолында қарқынды дами береді деген ортақ пікірлерін жеткізді.