Ол қандай болмақ?
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Болашақтың энергиясы – Еуразиялық перспективалар» деген тақырыпта VІІІ KAZENERGY еуразиялық форумы өз жұмысын бастады.
Ол қандай болмақ?
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Болашақтың энергиясы – Еуразиялық перспективалар» деген тақырыпта VІІІ KAZENERGY еуразиялық форумы өз жұмысын бастады.
Жер-ана барған сайын өз үстінде мекендейтін жеті млрд. адамзаттың сұранысын қанағаттандыруда күрделі қиындықтарға тап болуда. Жаһандану үрдісі белең алған сайын планетамызда азық-түлік тапшылығы, энергетика тапшылығы атты әлемдік қауіптер бой көтере бастады. Адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы бүгінде әлем алдында тұрған осы тығырықтарды тұсаулаудың жолын іздеуде. Қазақстан үшін бұл жаһандық проблемаларды шешуге үлес қосу адамзат ертеңі үшін жауапкершілік тұрғысындағы маңызды міндеттердің бірі. Міне, Сарыарқа төсіндегі елорданың Тәуелсіздік сарайында бас қосқан әлемнің озық ойлы энергетикалық, экономикалық сарапшылары, ғалымдары, ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері адамзат үшін ауадай қажет «Болашақ энергиясы» атты өзекті мәселені талқылады.

Тәуелсіз Қазақстанның астанасында осымен сегізінші рет өткізіліп отырған бұл дәстүрлі форумды KAZENERGҮ ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаев ашты. VІІІ KAZENERGҮ еуразиялық форумында алғашқы сөзді еліміздің Үкімет басшысы Серік Ахметов алып, Мемлекет басшысының форумға қатысушыларға арнаған құттықтауын оқып берді. «Қазақстан энергетика саласында өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты әрдайым қолдайды. Елімізді одан әрі дамытудағы маңызды үрдістердің бірі шикізат өндіруден энергетикалық ресурстарды қайта өңдеу және жаңа технологиялармен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа көшу болып табылады», деп атап көрсетілген құттықтауда.
Мемлекет басшысы өзінің құттықтауында инновацияларды, оның ішінде кен орындарын игеру кезіндегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына инновациялар енгізудің маңыздылығын атап көрсеткен. Біздің елімізде Қашаған кен орнын игеруді бастау оқиғасы арқылы болашақ өркениеттілікке ұмтылудың ұлттық моделі жасалынды. «Бізді алдағы уақытта бірқатар перспективалық жобалар күтіп тұр. Мұнай-газ индустриясы біздің еліміздің экономикасының шешуші саласы болғандықтан, алдағы уақытта технологиялық көшбасшылықты қамтамасыз етуге тиіс.
Біздің ортақ еңбегіміз және біздің серіктестігіміздің күші алға қойған барлық мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін», деп атап көрсетеді Президент өзінің құттықтауында.
Серік Ахметов өз сөзінде ел Үкіметі атынан KAZENERGҮ форумын өткізудің маңыздылығын атап көрсетті. Энергетикалық сала біздің экономикамыздың негізі болып табылады. Аз уақыттың ішінде Қазақстанда мұнай өндіру үш еседен астам өсіп, жылына 80 млн. тонна мұнай өндіру деңгейіне жетті. Ал газ өндіру бес есе өсіп, жылына 40 млрд. текше метрге жетті, – деді Премьер-Министр. – «Президент өзінің құттықтауында атап көрсеткен Қашаған жобасының іске қосылуы әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларының біріккен күш-жігерінің жемісі, технологиялық прогрестің жеңісі екендігі сөзсіз. Алайда, Қазақстан бұл жобамен ғана шектеліп қалмайды. Геологиялық барлау Қазақстанның ресурстық-индустриялық қуатын арттырудағы басым саясаттың бірі болып қалады».
«Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз энергетикалық ресурстарды пайдаланғанда шикізат іздеуден бастап жоғары қосылған құны бар тауар өндіруге дейінгі жоғары технологиялық байланысты сақтаймыз. Бұл орайда мұнай өңдеу және мұнай-химия саласын дамыту, энергия үнемдеу жөніндегі шараларды жетілдіру, дәстүрлі энергия көздерін «жасыл» энергетика дәрежесіне дейін көтеру, балама энергия қуатын тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық беріледі», деп қорытындылады өз сөзін Үкімет басшысы.
Келесі сөз форумның құрметті қонағы Францияның бұрынғы премьер-министрі Франсуа Фийонға берілді. Ол өзінің сөзінде адамзаттың дамыған ақыл-ойының нәтижесінде бүгінде бұрын белгісіз болып келген бірқатар энергетикалық қуат көздерінің ашылып жатқандығын атап көрсетті. 2020 жылға таман әлемнің көптеген елдері жаңа технологияларды қолдану арқылы жаңа кен орындарын ашу және көмірсутегінің дәстүрлі емес түрлерін игеру арқылы өздерін өздері энергетикалық қуат көздерімен толық қамтамасыз ететін болады, – деді Франсуа Фийон. – «Егер біз Жерорта теңізінің оңтүстік-батыс бөлігінде табылған газдың мол қоры және дәстүрлі емес көмірсутегі шикізатының қорын есепке алатын болсақ, онда болашақта батыс блогы тағы да өзін сенімді сезінетін болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын біз бұған мүлде қарама-қайшы көзқараста болған едік». Сонымен бірге, Францияның бұрынғы премьер-министрі Жапониядағы Фукусимада болған апаттан кейін атом электр стансаларынан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған Германияның әрекетіне қосылмауға шақырды. Жаһандық климаттың өзгеруі барған сайын үлкен қатер төндіруде. Энергетикалық қауіпсіздік және экологиялық қатерлер энергетикалық табиғи қорлардың азаюына әкеп соғуда. Адамзат алдында тұрған бұл қатерлер жаһандық ауқымда бірігуімізді, сөйтіп, ортақ қиындықтарды жеңуімізді қажет етеді. Бұл ретте қоршаған ортаға қауіп келтірмейтін атом энергетикасын дамытуды жоққа шығаруға болмайтындығын да тілге тиек етті шешен.
Испанияның бұрынғы премьер-министрі Хосе Мария Аснар өз сөзінде Қазақстан өзінің көшбасшылығының арқасында мұнай «қарғысына» ұшырамағандығын атап көрсетті. Оның пікірінше, экономикалық тар шеңберге маманданған елдердің көзқарасы тұйықталып қалады. Сондықтан олар балама табыс көздерін іздемейді. Ал Қазақстан өзінің көшбасшылығының арқасында мұнайды игеру арқылы ғана табыс табу ауқымынан шығып кетті. Оған мысал ретінде, Хоса Мария Аснар Қазақстанда бастау алған «жасыл экономиканы» дамыту бағдарламасын атап көрсетті. Сонымен бірге, ол болашақ энергиясын дамытудың түбегейлі жолдарын қарастыратын ЭКСПО-2017 көрмесінің өскелең тақырыбын да тілге тиек етті.
VІІІ KAZENERGҮ еуразиялық форумында сөйлеген Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының болашақта әлемдегі ең ірі жетекші 30 мұнай компаниясының құрамына кіретіндігін айтты. Қазірдің өзінде ұлттық компанияның халықаралық дәрежедегі рөлі артып келеді. Алдағы 10 жылдың көлемінде біздің «ҚазМұнайГаз» компаниясы әлемнің жетекші 30 компаниясының құрамына кіреді және қол жеткізген бұл жетістіктерін одан әрі нығайтады, деді өз сөзінде Ұ.Қарабалин.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бүгінде әлемдегі энергетикалық ахуал жаһандану үдерістерімен астасып, энергетикалық шикізаттарға қол жеткізу жөніндегі бәсекелестік күреске ұласатындығын айтты. Бұл ретте дамудың алғышарты болып есептелетін көмірсутегінің әлемдегі қорларының тең дәрежеде бөлінбеуі салдарынан жағдай шиеленісуде. Бұл өз кезегінде мемлекетаралық экономикалық және саяси қарым-қатынасқа әсер ететін факторға айналуда. «Осы орайда, Еуразия жалпы әлемнің тұрақты дамуы мәселесінде шешуші рөл ойнайды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, біздің құрлыққа, Таяу Шығысты қосқанда дүние жүзіндегі мұнай қорының 59 пайызы, газ қорының 80 пайызы тиесілі. Бүгінде әлемдегі өндірілетін мұнай мен газдың басым бөлігі – тиісінше 62 және 60 пайызы Еуразия құрлығының үлесіне тиеді. Сондай-ақ, жаһандық тұрғыдан келгенде біздің құрлық энергетикалық ресурстарға деген сұраныс деңгейін айқындайды. Сондықтан, Еуразия құрлығында болып жатқан үдерістер болашақтағы жаһандық энергетиканың даму сценарийін жасайтын болады», деді өз сөзінде Сауат Мыңбаев.
– Осы форум ашылар қарсаңында Қашаған кен орнында алғашқы мұнай алынды. Бүгін Қашағаннан тәулігіне 60 мың баррель мұнай өндірілуде. 2025 жылға таман біздің еліміз жылына 108 млн. тонна мұнай және конденсат өндіру деңгейіне қол жеткізеді, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы.
Форумның «Болашақтың қуаты – тиімді шешімдер іздеу» атты тақырыпта өткен бөлімінде келешектің қуат көздерін қайдан, қалай алу жолдары мен оларды тиімді пайдалана білу мәселелері талқылауға түсті. Әуелі бірқатар ұйымдар мен компаниялардың өкілдері саланы жетілдіруге арналған баяндамаларын ортаға салды. Бөлімді Халықаралық энергетикалық форумның бас хатшысы Альдо Флорес-Кирога жүргізіп отырды. Ол осындай ауқымды шара ұйымдастырып, әлем халқының назарын «жасыл экономика» мен «жасыл» энергетикаға аударып отырған Қазақ еліне алғысын айтты. Сөйтіп, бұл салада Қазақстанның бүгінгі күнге дейін қол жеткізген табыстары мен перспективаларына кеңінен тоқталып, алғашқы сөз кезегін Еуропа парламентінің мүшесі Марио Дэвидке берді.
Бүгінгі күн тәртібіне шығып отырған тақырып бүкіл адамзатты толғандырып жүр. Өйткені, уақыт алға жылжыған сайын энергияға деген сұраныс күн сайын артып, салдарынан жер планетасы ластанып, табиғатымыз зардап шегіп жатыр. Планетаның экологиялық карталары ұлғайып, адамзатты тығырыққа тірей бастағаны да белгілі. Сондықтан, болашақтың ең тиімді қуат көздерін іздестіру ісі мен оны табу, өндіру бүгінгі күннің басты жұмысы. Десек те, осы күннің өзінде қуат көзін үнемдеуді әрбір адам басты парызының біріне санауы керек. Негізі энергияны барынша үнемдеуді жеке адамдарға қарағанда, шағын және ірі компаниялар мықтап қолға алғаны дұрыс деп білемін. Себебі, компанияларда ғылымды, инновацияны дамытуға әрі оны жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Ірі компаниялар жаңа инновацияларды дүниеге әкеліп, жеке адамдардың игілігіне жаратып отырса, жер планетасына төніп тұрған экологиялық қауіп-қатерлерден арылар едік.
Бүгін Қазақстан көтеріп отырған мәңгілік тақырыбы таяу жылдарда күн тәртібінен түсе қоймайтыны мәлім. Бұл ғаламат мақсаттарға жетудің жалғыз жолы, әлемдегі дамыған және дамушы елдер энергетикалық ынтымақтастыққа ұйысқанда ғана жете аламыз. Мәселен, осы тұрғыда Қазақстан Үкіметі жоғары амбициямен арнайы энергетикалық бағдарлама қабылдады. Оның сәтті орындалуына тілектеспін. Қазақстан БҰҰ мен басқа да бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше. Бұйыртса, таяу уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына да қабылданады, деді Марио Дэвид.
Сөз кезегін алған ЭксонМобилдің президенті Нил Даффин, 2013 жыл Қазақстан үшін тарихи жыл болып отыр, деп бастады баяндамасын. Өйткені, биыл Қазақстан Қашағанды құрықтап, одан алғашқы мұнайды ала бастады. Сондай-ақ, бұл елдің алғашқы тәуелсіздік жылдары біріншілердің қатарынан болып, мұнай саласына инвестиция салған «Теңізшевройл» компаниясы осы жылы өзінің 20 жылдығын атап өтіп отыр. Бұл игі шарада менің айтпағым, әлемнің көптеген сарапшылары соңғы уақытта жер шарының энергетика мәселелері жөнінде уайымға жетелейтін сөздер айтып жүр. Мен олардың пікірімен мүлде келіспеймін. Мен бұл мәселелерге оптимистік көзқараспен қарауға шақырамын. Иә, жер планетасындағы халықтың саны жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде, көлікке және де өзге қуат көзін пайдаланушы жабдықтарға сұраныс есепсіз өсіп жатыр. Бүгінгі күнде бұл сұраныстарды қажетінше қанағаттандырып жатырмыз. Қазіргі болжамды есеп бойынша 2040 жылға дейін әлем экономикасы 40 пайызға дейін өседі екен. Сондықтан сары уайымға салынудың ретін көріп тұрғаным жоқ.
Ал келешекте энергия көздері сарқылады деген бұрынғы пікірлер бүгінде жоққа шыға бастады. Өйткені, қуат көзін өндірудің түрлі жолдары табылды. Керісінше, жердің экологиясын ластап, бүлдіретін технологиялар азайып, жаңа инновациялар өркендеп дами бастады. Әлем болып энергияны үнемдеу шараларын да қолға алдық. Еуропа елдері мен АҚШ-та желден, күннің көзінен және судан энергия өндіру ісі қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ атом отынын бейбіт өмірге пайдаланып, адамзатқа, табиғатқа зиянын тигізбей өндіру жұмыстары да ілгерілеп жатыр. Бұл тұрғыда атом энергиясынан мүлде бас тартқан Германияны ешкімге үлгі тұтпаймыз. Табиғи апат салдарынан атом стансасының зардабын тартқан жапон елі келешекке шынайы көзқараспен қарап, саланы әлі де дамыта түсуге әрекет етіп отыр. Сондықтан, адамзатқа пайдалы қандай да қуат көзін пайдаланудан алдын ала бас тартпай, оптимист болғанымыз жөн. Бұл тұрғыда, қазақстандық әріптестеріміздің «жасыл экономика» мен «жасыл» энергетика саласындағы көпжақты ізденістері кім кімге де үлгі боларлық, деді Нил Даффин.
Осынау халықаралық маңызды шараға қатысып отырғаным үшін Қазақстанның Үкіметі мен KAZЕNЕRGY жетекшілеріне ризашылығым мол. Талқыланып отырған тақырып өте өзекті екендігінде дау жоқ. Болашақтың энергиясын тиімді өндіре білу үшін оңтайлы қуат көздерін табумен қатар, оны ысырапсыз әрі залалсыз пайдаланудың жолдарын да терең зерделеуіміз қажет. Өйткені, болашақтың өркендеуі жер шарының экологиялық тазалығына да байланысты. Рас, қазір көмір отыны мен мұнайды қуат көзіне пайдалануды көптеген елдер азайтып, шегеріп жатқаны мәлім. Әйткенмен, көмірді де, мұнайды да нөлдік деңгейде адам мен табиғатқа зиянын тигізбей өндірудің технологиялары жасалып жатыр. Сондықтан таяу жылдарда мұнай мен көмір шикізатын өндіру мүлде тоқтатылады деген жаңсақ пікір, деді Орталық Азия мен Құрлықтық Еуропаның аға вице-президенті Майкл Борель.
«Болашақтың қуаты – тиімді шешімдер іздеу» тақырыбына «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер, Норт Каспиан Оперейтинг компаниясының төрағасы әрі басқарушы директоры Пьер Оффан мен Петрофактің бизнесті дамыту және энергетика саласында кешенді қызмет ету бойынша атқарушы вице-президенті Гэвин Грэхам баяндама жасады. Олар «жасыл» энергетикаға, «жасыл экономикаға» көшудің түрлі жолдарына әңгіме тартып, Қазақстанның осы салада жасап жатқан батыл қадамдарына ризашылықтарын білдірді.
Форумның бірінші күні үш дөңгелек үстел өткізілді. Шара аясында халықаралық энергетикалық форуммен бірге «Болашақтың қуаты – тиімді шешімдер іздеу» және «Дәстүрлі энергетика – дәуірдің түгесілер тұсы ма, әлде саланың түрленуі ме?» деп аталатын панельдік секциялар жұмыс істеді. Сондай-ақ, форум аясында «Энергетиканы тұрақты дамытудағы әйелдердің рөлі» атты отырыс ұйымдастырылды. Аталған іс-шара мұнай-газ және энергетика саласындағы әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, гендерлік және өзге де мәселелерді талқылады. Бұлармен бірге, KAZENERGY жастар форумында интеллектуалдық «Зерек» ойыны болды. «Болашақтың қуаты: қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер» атты ЭКСПО-2017 интерактивті пікірсайысы мен KAZENERGY білім беру бағдарламасы шәкіртақы иегерлерінің слеті, сондай-ақ, Мұнай және газ министрінің «Жастармен диалог – кәсібилік аспектілері» атты шеберлік дәрісі өтті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
------------------------------------
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.