...Алматыдан Зайдахан жеңгей телефондайды.
– «Егемен Қазақстан» газетін күніге асыға күтіп, қолыма алып, ағаң жайында сенің мақалаң шықты ма екен деп алаңдап асығып қараймын...
Мен не дерімді білмей іштен тынамын.
Бұдан бұрын Мәкиза, Күлжәмила, Бағдад, Бәдеш, Қазына, Үрсұлу... жеңгейлер телефондар еді. Бәрінің тілегі – бір тілек. Халқына қаламымен құландай жортып қызмет етіп, жарық дүниеден бақилыққа аттанып кете барған жарларын аңсау. Ағымдағы баспасөзде өз өмірінің бүкіл мән-мазмұнына айналдырған жарлары жайында жақсы лебіз айтылса деген тілек. Тілек те орынды-ақ. Халқымызға дарын дәреметі жеткен жерге дейін қызмет еткен ардақты ағалар жайында жазылып та жатады. Бірақ, көзі тірісіндегі үлпі құрмет жоқ. Немесе ортайған. Ол да заңды. Ағалар қаншама дауылдардан өтті, қаншама селдеткен жауындардан өтті. Ол уақыт та келмеске кетті. Уақыт-заманамен жағаласа жүріп жасаған ағалар әдебиеті жайында әңгіме әуені де олардың көзі тірісіндегідей «қаламымен советтік Отанына адал қызмет етті» деген сарыннан тіпті бөлек сабақталатын уақыт жетті. Дегенде, жарлары жайында тіпті қандай сөз айтылса да көз көрген, жақсылығын көрген, сыйласқан інілері айтса деген тілек-ау жеңгейлердің көксегені.

...Алматыдан Зайдахан жеңгей телефондайды.
– «Егемен Қазақстан» газетін күніге асыға күтіп, қолыма алып, ағаң жайында сенің мақалаң шықты ма екен деп алаңдап асығып қараймын...
Мен не дерімді білмей іштен тынамын.
Бұдан бұрын Мәкиза, Күлжәмила, Бағдад, Бәдеш, Қазына, Үрсұлу... жеңгейлер телефондар еді. Бәрінің тілегі – бір тілек. Халқына қаламымен құландай жортып қызмет етіп, жарық дүниеден бақилыққа аттанып кете барған жарларын аңсау. Ағымдағы баспасөзде өз өмірінің бүкіл мән-мазмұнына айналдырған жарлары жайында жақсы лебіз айтылса деген тілек. Тілек те орынды-ақ. Халқымызға дарын дәреметі жеткен жерге дейін қызмет еткен ардақты ағалар жайында жазылып та жатады. Бірақ, көзі тірісіндегі үлпі құрмет жоқ. Немесе ортайған. Ол да заңды. Ағалар қаншама дауылдардан өтті, қаншама селдеткен жауындардан өтті. Ол уақыт та келмеске кетті. Уақыт-заманамен жағаласа жүріп жасаған ағалар әдебиеті жайында әңгіме әуені де олардың көзі тірісіндегідей «қаламымен советтік Отанына адал қызмет етті» деген сарыннан тіпті бөлек сабақталатын уақыт жетті. Дегенде, жарлары жайында тіпті қандай сөз айтылса да көз көрген, жақсылығын көрген, сыйласқан інілері айтса деген тілек-ау жеңгейлердің көксегені.
Енді, міне, Зайдахан жеңгей Бекхожина. Қадірменді Қалекең, қазақтың адуын ақындарының бірі – Қалижан Бекхожиннің жары.
Екі дүние арасында жатып, бақилыққа аттанарда: «Ашып қойшы тереземді, Зайдахан. Мына кең әлемге көзімді толтырып бір қарайын», деп ақын жыр арнаған ару жан. «Айналады жел билеп, Ысырады түн әлемін. Отыр ана әлдилеп, Сол сүйкімді бөбегін», деп Мирасгүлін кеудесіне қысқан ана образына бейне етіп алған Зайдахан.
Табиғаттың мизамы сол әуелгі, –
Күн болмаса түнек басар әлемді.
Меңіреу болып жүрмесін деп
еркектер,
Шұғыладан жаратыпты әйелді,
– деп толғанғанда түптұлға етіп алған Зайдахан!
Асылы Зайдахан жеңгеміз, көлеңке басы ұзарған шағында ақын бауырына жар болып кіріп, Ерлан, Мирасгүлдей перзент сүйгізіп, еңкейген екіндісін шаңқай түске айналдырған, Қалижандай ағамызды алдымен адам райында өмірде қайта түлеткендей асыл жар. Кеуіп қалған алпыс екі тамырына қайыра қан жүгіргені секілді, Зайдахан жеңгемізге оңтайымен жолыққан ақынның сол тұста: «Жаса-жаса, менің советтік Қазақстаным» деген жалаңдау пафосқа құрылып семіп бара жатқан поэзиясының да қайта гүрлеп, қайта дүрлеп жүре бергенін қайтерсіз...
Сөйткен, Қалекең жоқ мынау жалғанда. Жалғанды жалпағынан басып, көңіліне алған тақырыбын жырлап-жырлап өте шықты өмірден. Зайдахан жеңгеміздің Қалекең жайындағы әдебиеттегі ендігі сөз қалай сабақталар екен деп алаңдап отырысы анау! Жарының қолынан талай дәм таттық. Бірде бала, бірде дана шайқы шалмен талай сырластық. КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өтуге өз қолымен жазып кепілдік берді бізге. Қарыздармыз.
Әдебиетке біреу кездейсоқ келеді, із тастай алмай кездейсоқ кетеді. Енді біреу заңды жолмен келеді, әдебиетке қызмет етеді. Әралуан із қалады қаламгерден. Қалижан Бекхожиннің әдебиетке келуі табиғи құбылыс. Әкесі Нұрғожа Троицкідегі Зейнолла ишанның медресесінен ескіше оқыған кісі. Троицк – Мұхамеджан Сералиннің атақты «Айқап» журналын ашатын қаласы. Онда татар, башқұрт, қазақтар мидай араласып, «атамыз бір түрік» деп қоралас тіршілік кешкен. Зиялы шаһарда Шиғабуддин Маржанидың «культі» жүрген. «Айқаптың» іші-сырты түрікшілдікке толы болатын себебі осы жерден бастау алады. Ол кездің оқығаны татар ықпалында. Ал анасы татар қызы Мұхамеджан Сералиннің қазақы ұлтшылдығына кісі қайран қалады. Татар ұлтшылдығынан аман. Кезінде материал жинау мақсатында Қарабалыққа барып, көзкөргендерге жолыққанда туысқаны Ақыш ақсақал Бейсембай Кенжебайұлына: «Мұқаң асқан ұлтшыл кісі еді ғой. Оны зерттеу қатер емес пе?!» деген екен. Мұхамеджанның нағашысы Яуышев атақты бай кісі. Қазақтың жүн-жұрқасын жинап алып Ресей асырып сатып байыған. Бірақ, барынша зиялы. Жиені Мұхамеджанға өз қаржысына «Айқап!» сияқты журнал ашып беруінің өзі не тұрады десеңізші?! Нұрғожа, міне, осындай ортадан білім алған көзі ашық кісі. Кітаби ақын, суырып салмалығы бар, шежіре кісі.
Нұрғожа екі ұлының үлкені Қайыржанды жаңаша, тіпті, орысша оқуға, кіші ұлы Қалижанды діни ескіше оқуға береді. Мұнда жаңа заман жаңалығын да, жаңа заман зәйілін де жіті аңғарған зиялылық жатады. Ескіні қимау, жаңаның аңысын аңду. «Диқанның бір иіні болмаса, бір иінінен...» әкелік бейілі тағы бар. Өзі айтады: «Сірә мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молдасымақтарға діни оқуға берді. Ал менен үш жас үлкен Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін жастайынан орыс мектебінде оқытты...
Ал әкем мені дін оқуына қаршадайымнан шырмап қойды. Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет. «Бисін бе, биясін-би, бә-би-бо» деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз», деп қияс тарта сөйлегені мәлім. Шамасы, кеңестік идеологиядан қаймығу, кезең саясатына жалпақтау... Әйтпесе, Қалижан Бекхожинді ақын еткен мектеп сол діни оқу орындары. Әрине, «қадым» мен «жәдид» арасында айтыс, тартыс жүргені хақ. Бәрібір, ол кездің діни оқу орындары әрі білімді, әрі жаңаша. Уақытында «Батыр Науан» дастаны үшін қатты қуғындалған жүрекшайлы ақын діни оқуды көз қылып жамандап отырғаны. Әйтпесе, білімдар ақын Қалижан тап сол жерден діни оқу, діни қисса-дастандардан басталады.
Оның өзі де: «Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз-хикаялар, ертегі-дастандарды кәніге оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі кітаптарға толы болатын. Және қаладағы (Кереку – Қ.Е.) татар дүкендерінде Бұхарада, Қазанда, Ташкентте басылып шыққан кітаптар көп сатылатын. Бала кезімде сол Қазан, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса-дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезде оқығаным татардың ұлы шағиры Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл иемшілері» атты өлеңдер жинағы», деп тағы бірде ескі оқуға қияс қараған көзқарасын қайыра түзейтіні бар. Ақындық мінез!
Қалекеңнің ақындық жолға шындап ден қоюы, жорға ашуы– отызыншы жылдары. Отызыншы жылдары ақын романтикалық сарында бірсыпыра өлең жазды. Менің архивімде бір фотосурет бар. Күміс қоспадан арыла бастаған кезеңнің жұқалтаңдау фототуындысы. Абдолла ақын (Жұмағалиев) және Қалижан. Қалижан қалыпты бозбала кейпінде. «Жаны сәби, әншіл бөбек, Еркеледі-ау дүниеге аз?! Ақын еді туған бөлек, Жастай өліп кетті-ау, сабаз!» деп жырлайтын ақын досы – Абдолла бұйра шашын сілкіп жіберіп барып фотообъектив алдына отыра қалған болуы керек. Толқынды бұйра шашы төгіліп бетін жауып тұр... Романтик ақынға жарасады. Байронға еліктеп өсіп келе жатқан қос қазақ ақыны. Бірінің өлеңі романтикалық рухта табиғи өріледі. Екіншісінің өлеңі жасандылау шыға береді. Қолыма қайдан түскенін білмеймін ол фотосуреттің. Тысына: «Тенге! Сүйген жүректен!» деп жазылған. Тен – Абдолла Жұмағалиевтің соғысқа дейін сүйген, сүйген де үйленген жары деседі. (Соғыстан соң қазақ ұшқышына тұрмысқа шыққан). Корей қызы.
Бір суреттің ізіне түсіп әңгімелеуде мән бар. Қалижан мен Абдолла жан аяспас, қиыспас достар. Екеуі де Байрон поэзиясын күндіз қолтықтап жүреді, түнде жастықтың астына жастап жатады... Қалижан ақынның отызыншы жылдардағы поэзиясы романтикалық рухта. Күйінгіш те сүйінгіш. Қандай тақырыпты жырласа да өз көңіл әуенін қызықтап отырып алады. Өз көңіл сөзіңді айтуды ол уақытта саясат көтермейді. Интимдік лирика саналады. Ұлы Байронға еліктеуден жас ақын өлеңдеріне лептілік (бәлкім, оттылық) дарыды. Алайда, тәжірибесіз жас романтикалық саз, романтикалық лепті ептілікпен дамытып ала жөнелген жоқ. Оны уақыт та көтермеді. Ақындық табиғат деген және бар. Жас ақын әп деп бастағанда үнін асқақ ала отыра өзі жоғарыда айтқан қисса-дастандар рухына түсіп кете берді. Поэтикалық шешімнің бірі – композиция әл-әзір ақын қаперінде жоқ. Алайда, ақындық сан тарау ізденіс бар. Тіпті Сұлтанмахмұт рухымен сырласуы да сәтті. Асау жүрек ақын жайында Қалекең ілгері-кейінді үш өлең жазған. Сәтті дерлік. Ақынның ақынды тануы бар. Ақынды ақынның рухпен сырласа отырып тұлғалауы бар.
Ақындық кейде бір ғана сөз, бір ғана жолдың әдемілігі, образдылығы, тосындығынан да жалт етіп көрініп қалып жатады. Ақынның жыр сұлтаны – Сұлтанмахмұт жайлы өлеңінде:
Түнгі боздақ, жұлдыздай,
Жарқ етті де, ол сөнді.
Азалы болған Арқаны,
Жыры кезіп жөнелді – деген жолдар бар.
Қазақ ағып түскен жұлдызды құйрықты жұлдыз атайды. Ұлы Абайда осындай дәстүрлі аяда қолданылады. «Құйрықты жұлдыз секілді, Туды да көп тұрмады.» Жан перзенті Әбдірахманын жоқтап сөйлеу. «Құйрықты жұлдызды» «аққан жұлдыз» атап, Шоқан жайында шығарма жазған үлкен жазушы Сәбит Мұқанов. Кейде «Аққан жұлдыз» атамай, Шоқан жайындағы шығарманы «Құйрықты жұлдыз» атаса қайтер еді деп ойлайсың. Қалыпты ойлау, машықты ойлау. Бірақ, дәстүрлі. Алайда ескі. «Аққан жұлдыз» дәстүрлі ұғымның өзін жаңалап беру. Ұғымның мазмұнын сақтап, жаңаша түрлеп беру! Сәтті. Сол секілді Қалижан ақын Сұлтанмахмұтты мезгілсіз ағып түскен жұлдыз ретінде атай отыра оны «Түнгі боздақ, жұлдыздай, Жарқ етті де, ол сөнді» деп жаңаша бере білді. Ақын сол сияқты Бауыржан Момышұлына арнаған «Қол бастаған батыр» өлеңінде: «Қарсы ұшқан қардай борап ашулары», деп кейіпкер мінезіне тұп-тура бастай жөнелетін поэтикалық тіркес табады. Поэтикалық шеберлік көп компонентті. Қалижан ақынның бірыңғай ұтыстан ғана емес, бірсыпыра ұтылыстан да тұратын отызыншы-қырқыншы жылдардағы ізденіс сораптары көбіне тұтас өлеңнен гөрі, өлеңнің өн бойына жан беріп, қан таратып, поэтикалық рух дарытып тұратын жекелеген ұтқыр айтылым, ұшқыр қиял жемісіндей жекелеген образды жолдардан бас құрайды.
Жасын жыр қалдырып өткен Сұлтанмахмұт – Қалижан Бекхожин жиі барған, тәлім алған бір ақындық мектебі. Сұлтанмахмұт ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет арасына өлеңді роман жазып көпір салса, Қалижан ақын өлеңмен кәдімгі реалистік роман жаратқан сирек ақынымыз. Оның «Мәриям Жагор қызы» деп аталатын туындысы әдебиет тарихына «дастан» атымен енген. Алайда, аталған көлемді поэтикалық шығарманы жанры жөнінен дастан емес, өлеңді роман деп танимыз. Шығармада жыр жасыны Сұлтанмахмұт әсері айқын жатады. Сонымен қатар, кәдімгі Сәбит Мұқановтың ілгеріде «Жұмбақ жалау», бертінде «Ботагөз» аталатын қарасөзді романының әсер-ықпалы мол-ақ.
Сұлтанмахмұтты Қалижан ақын сүюдейін сүйеді. Рухымен сырласып жыр жазады. Біліп, танып, көзге көрсете еліктейді. Сөйте тұра, ана бір қилы кезең, қиын жылдары өзі сүйген Сұлтанмахмұтының қорғаушысына айналу орнына, оны зерттеушілерді жазалаушыға айналып сөйлегені бар. Сұлтанмахмұтты үзіліс-үздіксіз зерттеген (Содан да солақай саясаттан аман алып қалды ғой) табанды зерттеушісі профессор Бейсембай Кенжебайұлын уақытша науқанға беріліп «буржуазияшыл-ұлтшыл ақынның адвокаты» атап «Казахстанская правда» газетінде солақай мақала да жазған Қалекең. Уақыт солай, замана желі жойдасыз соққанда майыспай, қайыспай тұра алмаған ақын. Оның үстіне өзінің ұрма мінезі де жетерлік. Жә, ол үшін үлкен ақын, білімдар жан Қалижан Бекхожинге өкпе артып жатудың қажеті жоқ. Неге? Сұлтанмахмұтты айтамыз, Қалекең өзі жазған, өзінің бүкіл шығармашылығындағы ұлттық болмысты, айрықша асқақ туынды «Батыр Науаннан» безінген кезінде. Жаздым, жаңылдым деп социализм жайнамазына бас ұрған қалбалақтап...
Ақын замананың теріс үдерісінде аяғын шалыс басқанын Қадыр ақынға:
Саған қызық көктемдей ғой
өткен күн,
Жас шағыңнан мадақты да
көп көрдің,
Біз жұқарсақ, мәні бар ғой,
Қадыр-ау,
Қатерінен өттік талай өткелдің, – деп мұң шаға отырып сыр етіп айтқан.
Отызыншы-қырқыншы жылдары Қалижан Бекхожин қазақтың белді, беделді қаламгеріне айналады. Мұхтар Әуезов жас ақынға сеніп қабатына алып «мойынсерік» етіп мақаланы бірге жазады. Сәбит Мұқанов оқулық-хрестоматияны бірге құрастырып шығады. Тағы да сенім. Тағы да «мойынсерік». Үлкен сенім еді. Отызыншы жылдары Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары жарық көрді. Советтік саясатқа иығын бере жазылған эпикалық дүниелер шынында әдебиеттегі үлкен құбылыс дерлік. Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэтикалық романын да оқырман жұрт аталған шығармаларға терезесі тең құбылыс ретінде қабылдапты. (Бүгінгі жай басқарақ). Бозым Қалижан еліктеген де, еліктей отырып үйреніп дастандық ойлау биігіне көтерілуіне себепкер де осы аталған шығармалар шоғыры. Әсіресе, Сәбит Мұқановты ұстазы райында аузынан тастамай айтып та, жазып та өтті ақын. Сапарларда шәкірттік бейілден қосына ілесті іні болып. 1962 жылы жазушы Шығыс Қазақстан облысына сапарлағанда қаламгерлік құрамда бірге болған Қалижан қаламдас ағасымен өкпелесіп қалады жол-жөнекей. Бұртиюы оңай еді жарықтықтың. Шығыстың шыңының біріне «Сәбит шыңы» (Бұрынғы «Қызыл шың») атағы беріліп, ол ресми қатталып жәмиғатқа хабарланған бір сәтте байқампаз Сәбең: «Шиіріп мұртын, Бұртитып ұртын, отырысын қарашы антұрғанның», деп өлеңмен қағытады. Ақын інінің арқасының құрысы, көңілінің тырысы жазылып, қайта жадырайды. Келесі бір ауылда «Қалижан асуы» пайда болады. Сәбеңнің бағалауы, халықтың құрметі. Сәбит Мұқановтың кітапқа жазған ең соңғы алғысөзі де Қалижан Бекхожиннің алпыс жылдығына арнап шығарылған «Алты асу» қос томдығы!
Бәлкім отызыншы жылдардағы ойранның, содырлы сойқанның салдары, бәлкім қоғам бойынан өтіп жатқан қатерлі шындықты айту, оқырманға жеткізу жолындағы табылған поэтикалық тәсіл – ол кезең ақындарының аңыздық тақырыптарға көбірек ден қойғанын байқайсыз. Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, Қ.Бекхожин есімін осы орайда атап айту парыз. Отызыншы жылдардың аяқ шенінде «Ақсақ құлан», «Батыр Науан» аталатын екі поэма келді дүниеге. Екеуі де Қалижан ақынның елеулі табысы. Бала кезде құныға оқыған қисса-дастандардың сюжет өткірлігі, шығыстық өрнектер, тіл құнары поэтикалық шеберлік болып қызмет етті Қалижан ақынға.
Ақын осы екі шығарма арқылы өзін, өзінің бойындағы ақындық дарын бейімін тауып, ақындық аңғарын біржолата поэма, дастанға бұрды деп білеміз. «Орман қызы», «Ақсақ құлан», «Сұңқар туралы аңыз», «Мәриям Жагор қызы», «Тұрлаулы тағдыр», «Менің мекендестерім», Сері күйші», «Теңіз дастаны», «Әппақ-наме» секілді эпикалық туындылар туды ақын қаламынан. Аталған шығармалардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясына қосылған үлес болып келді кезінде. Бүгінгі ұрпаққа Қалекеңдей бекзат ақынның уақыт елегінен өткен елеулі туындыларына айналып жетіп отыр.
Поэма, дастандарды ақын ерекше ізденіспен жазғанын аңғарасыз. Кейіпкері әрекет етер тарихи кезең ақын тарапынан шұқшия зерттеледі. Тақырыпты ашатын уақыт, кезеңге сай тіл өрнегі, сөз, сөйлем байламдары, поэтикалық ырғақ аса талғампаздықпен сұрыпталып, шығарма ағзасына барынша табиғи жымдасып пайдаланылады ол эпикалық туындыларда.
«Дариға, қандай еді Сығанағым? Сәулеті жадыратқан Сыр алабын. Өртелді мәуелері, күмбездері, Тұлдыр жоқ, обасындай сұр даланың», – дегендей аңыздық тақырыпты тарихи деректермен дәйектеп, нақтыландыра түседі. «Әппақ-намеде» ел жүрегіндегі аңыз бен тарихи шындық телқабысып, өзара әдемі жарасым түзеді.
Эпикалық туындыларында Қалижан ақын драматизмді де асқындыра түседі. Әмірші Жошы ханның қаһары жер басып жүрген жұмырбасты пенде түгілі табиғатты да тітіреткендей етіп бейнелейді. Бұл бір жағынан Табиғат пен Адамның тілқатысу диалогы секілді. «Ақсақ құлан» поэмасындағы
Тау шіркін, тітіренеді:
«Тықпадым» – деп,
Сілкінді жер:
«Ұлыңды жұтпадым» – деп.
Еркесі ен даланың жел жүгірді,
«Аударып атынан мен
жықпадым»,
– деп келетін тебіреністі жолдар соның айғағы.
Аңызы мен тарихы аралас, ақындық философиямен әдемі көмкерілген «Ақсақ құлан» бір ғана Жошы хан емес, билеуші атаулының астамшылығын аяусыз сынайтын шығарма. Тарихи тұрғыдан алғанда Шыңғыс ханның қыпшақ даласына жорығы ескі көзқараспен (жаулаушы, күйретуші, жойымпаз) жырланады. Ол үшін ақынға кінә арта алмайсыз. Шыңғыс хан жайында күні кешеге дейін тарихи көзқарас кінәратты болып келгені мәлім. Оның үстіне кез келген соғыс, белгілі дәрежеде қантөгіс, кісі өліміне соқтырады, өркениеттің күйреуіне алып барады. Есесіне, ақын Шыңғыс хан туралы көзқарасын «Батыр Науанда» ақырындап, абайлап былай беретіні бар:
Ол өзі қалың жолдан
таймайды екен,
Бір өзі мың кісіні
жайпайды екен.
Бейне бір атышулы
Шыңғыс дейді,
Дауылдай өрт ішінде
ойнайды екен.
Ер Наурызбайды бейнелей отырып, оның арғы атасы Шыңғыс ханды ақын оқырман есіне осылай баспалай салып отыр. Уақытында бұлай сөйлеу, сөйлей алу – үлкен ерлік. Бұдан артық ашық айтуды, ашып сөйлеуді саясат көтермейді ол кезде.
Сол сияқты, патшалық Ресейге шен-шекпен үшін сатылған шен құмар, шекпен құмар қазақты да ақын:
Ыржыңдап әңгіме айтып
отыр қазақ,
Шелтиген офицерге тағзым
жасап:
«Бар қазақ бас иеді енді Сізге,
Көнбесе тартқызамын
бәріне азап»,
– деп лирикалық кейіпкерін аша іштей әшкерелеп береді.
Ақынның белгілі бір шығармасына нақтырақ тоқталуда мән бар. «Батыр Науан» – уақытында замана шындығын тарихи тақырыпқа арқа сүйеп ащы айта білген шығарма. Әріптес ағасы Әбділда Тәжібаевтың «сталинизмді» аңыздық астарлы туындысымен сынайтын, сынайтын да айықпас бәлеге басы шатылатын (КОКП Орталық Комитетінің арнайы қаулысы алынған) «Біз де қазақпыз» поэтикалық драмасы секілді ұлттық мүдде айқын жырланатын, поэтикалық ажары ашық туынды. Шығарма келер күндері де ұлт батыры рухын асқақтата жырлаған шығарма райында өмір сүре береді.
«Ақсақ құлан», «Батыр Науан» сияқты тағы бір асыл туындысы «Әппақ-наме» поэмасы ақынның. Әппақ апамыздың Низамидей ұлы ақынның жары ретінде кешкен бақытты өмірі, туған жерден жырақта ғұмыр кешкен қыпшақ қызының туған елін, туған жерін сағыну шері, ақын жарын азаға бөлеп қапияда қаза табар бақытсыз өлімі Қалижандай көрнекті ақынымыз қаламынан өрісті өлең, шығыс сазына бөленген өрнекті поэзияға айналып, тамаша жырланады.
Поэма, дастан жазу жолындағы тарихи ізденіс, эпикалық жанр талабына сай асқынған драмалық қуат, әлеуметтік тартыс ақынды ақыр-соңы драматургияға алып келді. Ол қазақ халқының тәуелсіздігін аңсап «Ұлан асу» поэтикалық драмасын әкелді дүниеге. Қазақ хандығы дәуірі шындығын уақыттан оза айшықты тартысты көрсете білген туынды «Ұлан асу» поэтикалық драма уақытында кәделі театр сахналарына қойылды. Әдебиетпен бірге режиссер, актер дегендей театр труппасы қатысуымен сахнаға көтерілген туынды театр өнеріне шегілген сәтті сапары болды ақынның.
Ақын соңына бірсыпыра «мүлік» қалдырып, мәңгілікке аттанып кеткелі де бірсыпыра уақыт. Бәрі бірдей асыл болмас, бәрі бірдей жасық болмас. Ұлттың ұлан асу жолдарын жырлаған ақын ұлттың руханиятына бірсыпыра асыл дүниелер беріп кетті. Ақынның ендігі ғұмырын ұзартары да, егер тұтынар ұрпақ болса, дүйім жұрт игілігіне жарар сол жаһұт жырлар! Ақын жыр, дастандары бейне көнеден жеткен бір күй күмбіріндей...
...Ақынның табиғи ғұмырын ұзартқан, енді келіп оның жыр-мұрасының жайына ақ-адал бейілден алаңдап отырған Зайдахан жеңгейге де, «Егемен Қазақстан» газетінің оқырмандарына да айтарымыз міне, осы жайлар!
Құлбек ЕРГӨБЕК.
ТҮРКІСТАН.