![Түркістан тұмауратып тұр](/media/2020/06/22/ce2d30ce39f35b18f445beb735cc85b3.jpg)
Иә, соңғы күндері Түркістан қалалық орталық ауруханасына тұмаудың белгілерімен дәрігерлік көмекке азаматтар жиі жүгінуде. Науқастарда дене қызуының көтерілуі, жөтел және әлсіздік байқалған. Медициналық тексеру нәтижесінде олардан пневмония, яғни өкпенің қабынуы анықталып отыр. Тексеру барысында науқастардан коронавирус инфекциясына теріс нәтиже шыққан. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов ауруханаға түскен азаматтардан шұғыл түрде Covid-19 инфекциясына талдама алынатынын мәлім етті. Талдама анықталғанға дейін олар провизорлық бөлімде ем қабылдап, теріс нәтижесі шыққандары аурухана бөлімдеріне жатқызылып, тиісті емдерін қабылдауда.
«Статистика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысындағы ауруханаларда 303 науқас пневмониядан ем қабылдауда. Жалпы, 87 азамат жазылып шыққан. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ауруханаларда орын жетіспеушілігі туралы қауесет тарады. Бұл ақпарат та шындыққа жанаспайды. Ауруханаларда науқастарға төсек-орын жеткілікті. Кентау қалалық орталық ауруханасында 50 орындық соматикалық бөлімше қайта даярланды. Түркістан қалалық орталық ауруханасында да қосымша 30 төсек-орын әзірленген. Орын алған жағдайға байланысты науқастарды жоспарлы жатқызуларға шектеу қойылған. Жеке клиникалар да өздеріне бекітілген тұрғындарға тиісті медициналық қызмет көрсетеді», деді М.Пашимов.
Сондай-ақ облыстың бас дәрігері өңір тұрғындарын қарантин режімін сақтап, инфекцияның таралуына жол бермеуге шақырды. Медициналық бетперде тағып, антисептикалық заттарды үнемі қолдануға және екі метр қашықтықты сақтай отырып, қауіпсіздік шараларын қадағалауды ескертті.
Ал облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов карантин режімі облыс аумағында эпидемиялық ахуал тұрақтанған кезеңге дейін жалғасатынын айтты.
«Эпидемиялық ахуал тұрақтануы үшін өсім 1 апта көлемінде 5%-дан аспауы қажет. Егер өсім 2%-дан аспаса, қосымша жеңілдіктер енгізілуіне негіз болады. Ал өсім көрсеткіші төмендемеген жағдайда карантиндік талаптар қайта күшейтіледі. Тұрғындарға қарапайым сақтық шараларына ерекше назар аударылуы тиіс екенін еске саламыз», деді Нұрбек Садықбекұлы.
Облыстың бас санитар-дәрігері отбасылық, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің, түнгі клубтардың, батут және фудкорттардың жұмысына, мал базарларының қызметіне тыйым салынғанын айтты. Карантин режімін және шектеу шараларын сақтамаған тұлғаларға еліміздің заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шара қолданылатынын ескертті.
Нұрбек Нышановтың айтуынша, Түркістан облысы бойынша коронавирус індетін жұқтырған 594 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 7- і қайтыс болып, 265 адам жазылып шыққан.
Яғни Түркістан қаласындағы жағдайға қатысты WhatsApp әлеуметтік желісінде таратылған ақпараттар жалған болып шықты. Осы орайда облыс әкімдігі тұрғындарды ресми расталмаған ақпараттарды қабылдамауға және таратпауға шақырды.
Түркістан облысы