Медицина • 22 Маусым, 2020

Балалардың бас дәрігері

1141 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қостанайдағы облыстық балалар ауруханасында бұған дейін жүйке жүйесі дертіне ешбір операция жасалмайтын. Мұндай дертке душар болған балалар әдетте жолдамамен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы нейрохирургиялық орталықтарға жіберілетін, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Балалардың бас дәрігері

Ата-аналар тіпті шекара асып, Челябі, Екатеринбург қалаларына барып, науқас балаларына ота жасатып қайтатын.  Өйткені облыста бұрын-соңды мұндай күрделі отаға қолы баратын дәрігер маман болмай келген.

Былтыр облысқа өзге өңірлерден 200-ге таяу дәрігер келді. Оның жартысына жуығы тәжірибесі толысқан білікті мамандар. Сол лектің ішінде бүгінгі облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, облыстағы жалғыз балалар нейрохирургы Ұлықбек Асылбеков те бар. Білікті маман келе салысымен, балалар ауруханасынан 5 орындық нейрохирургия бөлімін ашып,  жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға жергілікті жерде ота жасай бастады.

Ұлықбек Егенұлы еңбек жолын Алматыдағы балалар клиникалық ауруханасында бастады. Қазақтың тұңғыш балалар хирургы Камал Сәруарұлы Ормантаевтың дәрістерін тыңдады. Элияс Рудольф Иванович сынды білікті дәрігер-ұстазынан тәлім алды.

"Ол кісінің ұлты – неміс. Қазақстанға соғыс басталған жылдары келген жас баланы қазақ отбасы асырап алған екен. Содан қазақ мектебін бітіріп, алпысыншы жылдары мединститутты тәмамдайды. Сол жерде қалып, ғылымға бой ұрады. Ол кезде медицина ғылымының кандидаты еді, қазақша таза сөйлейтін. Неміс тілін де білетін. Өзі бір алтын кісі еді", - дейді Ұлықбек Егенұлы ұстазы жайында.    
К

Қостанай облысында бір жылда шамамен 14 мыңға жуық бала дүниеге келсе, соның 400-ге жуығы шала туады екен.  Бұл санаттағы нәрестелердің ішінде суми, жұлын жарығы дертіне ұшырағандар жиі кездеседі.  Дәрігер-нейрохирург бүгінге дейін осындай 50 шақты нәрестеге күрделі операция жасаған.

Ұлықбек Егенұлының шипа-шарапатының арқасында беті бері қарап, ауыр дертінен айыққан баланың бірі – Евелина Шарафутдинова.  Дәрігердің алдына өздігінен тұрып, жүре алмайтын, айтқан сөзге түсінбейтін есі кіресілі-шығасылы  ауыр қалде келген  алты жасар қыз бала  жедел түрде ауруханаға жатқызылып, компьютерлік томография жасалады. Басында ісік бар екені анықталған соң,  магнитті томография тағайындалады.  Мишықтағы үлкен ісік су жүретін жолдың бәрін бітеп тастап, ми қарыншаларының бәрі кеңейіп кеткеніне көз жеткізген  тәжірибелі маман дереу операция жасау керек деген шешімге келеді. Бірақ бала күрделі операцияны көтере алмауы мүмкін еді. Сондықтан білікті дәрігер отаны екі кезеңге бөліп жасауға бел байлайды. Алдымен миға шунт  қою арқылы нәзік қан тамырларына дәрі-дәрмек құйып, жетілуін күтеді. Арада он күн өткен соң, ісікті толық сылып алып тастайды. Сәтті жасалған отадан кейін оңала бастаған науқас қыз жолдамамен Нұр-Сұлтандағы "Бала мен Ана" ғылыми орталығының онкологиялық бөлімінде емделді.

"Қызым о дүниенің шетін көріп келді.  Қазір жағдайы жақсы. Ажалдан арашалап қалған қолы алтын оташы Ұлықбек Егенұлына алғысымыз шексіз. Ол кісі болмаса, қызымыз қазір бар болар ма еді, жоқ болар ма еді, тіпті ойлаудың өзі қорқынышты. Нағыз білікті, өз мамандығына адал дәрігерге кездескенімізге шүкірлік етеімн.  Қазір қызым дәрігерге өз аяғымен келіп-кетіп жүр.  Қосымша ем-дом қабылдап, кеңес алып жатырмыз", - деді Евелинаның анасы.

- Бізде қазір жас нәрестелер нейрохирургиясы жаңа дамып келе жатыр. Бұрын 1 келіге толмай туған балалар түсік болып есептелетін. Қазір жаңа туған баланың салмағы 500 грамм болса, ол тірі туған болып есептеледі. Бұлар -  22-24 апталық, яғни 6 айлық, тіпті алты айға да толмаған  сәбилер. Мұндай нәрестенің ішкі ағзасының бәрі - өкпе де, жүрек те, ішек те жетілмей туады. Енді Жаратушы адамға анасының ішінде жату үшін  9 ай, 9 күнді бекерге берген жоқ қой. Адам бастапқы кезеңде құрсақта жатып дамып, осынау жарық әлемде өмір сүре алатындай шамаға жеткенде ғана дүние есігін ашады. Сондықтан шала туған сәбидің тамырлары да дұрыс дамымайды, өте жұқа болады. Мидың ішіндегі қарыншаларына қан құйылады, содан мидың ішіндегі су жүретін иненің көзіндей жолдардың бәрі бітеліп қалады. Содан суми пайда бола бастайды. Қазір 1 келіге дейін туған балалардың 80%-інде мидың қарыншасына қан құйылады. Ол жай ғана сылып алып тастайтын нірсе емес. Бір келіге дейін туған қызылшақаның бәрі арнайы медициналық құрылғының көмегімен жасанды түрде тыныс алады. Оны 2-3 келіге жеткізгенше, ми клеткалары жансызданып кетеді. Бас сүйектің ішінде мидың орнына 80% cу ғана қалады. Сондықтан шала туған сәбиге уақтылы көмек көрсетілуі керек: суды сыртқа шығару керек, жуып-тазалу керек. Неонатальды нейрохирургия деп аталатын бұл сала бізде енді-енді қалыптасып, дамып келе жатыр, - деген бас дәрігер бұл мәселетаяу уақытта Қостанай облысында да оң жолға қойыла бастайтынын аңғартты.  Қазір облыстық балалар ауруханасында 35 төсектік жаңа туған нәрестелер патологиясы деген бөлімше жұмыс істеп жатыр. Шала туған сәбилер дәрігерлердің қырағы қадағалауымен осы жерде жетіліп, дамиды.

Елордада 2012 жылы заман талабына сай үлкен аурухана салынды. Қазір көп салалы №2 қалалық балалар ауруханасы деп аталады. Ұлықбек Егенұлы біраз жыл сол емдеу мекемесінде жұмыс істеді. Нұр-Сұлтандағы заманауи ауруханада ең озық үлгідегі медициналық құрылғының бәрі бар. Ал Қостанайда жағдай басқаша. Мұнда ғимарат - көне, құрал-жабдық ескі, сондықтан көп мәселеге келгенде кәнігі маманның  қолы байланып қалып жатады. Бас дәрігердің айтуынша, биыл облыс әкімінің қолдауымен біраз дүниені түгендеп алуға қам жасалып жатқан көрінеді. Мәселен, таяу күндері балалар ауруханасының ғимараты күрделі жөндеуге жабылады. Алты қабатты ғимарат 14 жылдан бері күтім көрмепті. Желдеткіш жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Жуырда ғана республика бюджетінен 1 млрд 400 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, кеше ғана жобалық-сметалық құжаттар дайын болыпты. Енді мердігерді анықтап алу қажет. Күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімі қымбат болса да қажет құрылғыларды алып беремін деген уәдесін беріпті.

Бас дәрігердің ендігі мақсаты да  - осы: миға аса нәзік операциялар жасауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі озық құрылғыларға қол жеткізіп, науқас балаларды шалғайға сабылтпай,  облыстық аурухана қабырғасында емдеу. Қазір қасында қабілетті көмекшісі бар. Өзіне шәкір етіп алған, бар білгенін үйретіп бағуда. Амандық болса, бір жылдан соң, ол дәрігер де нейрохирургиялық ота жасай бастайды.          

- Өзіңіздің қолыңыздан өткен ауыр науқастардың кейін айығып, күліп

жүргенін көргенде қандай күйде боласыз? – деп сұрадым Ұлықбек оташыдан.

Дәрігер сәл тосылып қалды да: "Бостан-босқа жер басып жүрмегеніме көзім жетіп, сәл ғана толқыныс пайда болады. Ол сезімді сөзбен суреттеп жеткізе алмайсыз. Сондықтан айтпай-ақ қояйын. Мен өзімен адам өміріне арашашы болуды нәсіп еткені үшін Жаратушыға сансыз шүкіршілік етемін", - деді.      

 

Қостанай облысы