Руханият • 23 Маусым, 2020

Бейсен Құранбек: Өмір деген – Құдайдың түсірген киносы

13789 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Мынау пәни дүниеден сүйкімді болып өту екінің біріне бұйыра бермейтін бақ қой. Бейсен бақиға озғанда, тіпті жарқырап жүрген күндерінде де оның көпшіліктің жүрегіне жол тапқан кілті қайсы деп ойланғанымыз да есте. Әйтпесе, таланттардың тағдырын түсінбейтін, ешкім ешкімді тұлға көре қоймайтын, әсіресе журналист деген қауымды жұрттың бәрі бірдей ұната бермейтін мына заманда осы Бейсен айналасына несімен жақты деген сұрақты өзімізге де қойғанбыз.

Бейсен Құранбек: Өмір деген – Құдайдың түсірген киносы

Алайда халықтың Бейсенді шын­ды­ғын­да жақсы көргенін мезгілсіз қаза­сы көр­сетті. Ол кеткенде қаймана қа­зақ­тың да жылағанын көрдік. Әлеуметтік желілерде жоқтамаған адам жоқ. Бірнеше күн­ге дейін бүкіл қазақ журналистикасы, әріптестері, көзкөргендер толассыз тұл­ғалы азаматты азалады. БАҚ-тағы ақ­па­раттың барлығы дерлік Бейсен Құран­бек­­ті жоқтады.

Өйткені ол әр адамды өзіндей көрді. Жур­налист қой деп жүгініп, алдына кел­ген­нің барлығының орнына өзін қой­ды. Әр­бір адамды түсінуге, шамасы келсе әр­кімге көмектесуге ұмтылды.

Ол өзімен қысқа уа­қытқа болса да кездескен, тілдескен жан­дардың іші-бауырына кіріп, етене жа­қынындай сыр тартып, байырғы дос­тар­дай бір жақсылық жасауға ұмтылып тұ­ру­шы еді. Іштен шыққан осынау шынайы құр­метімен-ақ адамның жанына шапағат сеуіп тұратын мінезін кім ұмытсын?!

Сондықтан да Бейсенмен тағдыр то­ғыс­тырған адамдарға оны жоғалту қан­дай қиын болғанын парықтай беріңіз. Алайда БАҚ, әлеуметтік желілерде болсын, Бейсенді қимаған естеліктер толассыз ағылып, сол жазудың майталманы, сөзге шешен, қаламы көсем ең жақын әріп­тестері әділетсіз келген ажалға сене алмай есеңгіреп қалды.

Сондықтан да бұл естелікті жазу әрі оңай, әрі өте қиын болатынын білгенбіз. Оң­ай болатыны, ол туралы, оның жақсы қа­сиеттері туралы айтатын адамдар жет­кі­­лікті. Жасындай ғұмырында Бейсен өз өмірінің өнегелі беттерін сауапты, ғи­б­рат­ты жолдармен жазуға ұмтылды. Сөз­дің нарқын, адамның парқын білетін сұң­ғы­­ла ақылдың иесі еді.

Бұл естелікті жазу қиын да болды. Өйткені біз білмейтін Бейсенді білетін ет жа­қындары мен ең жақын достарының көз жас­тары кепкен де жоқ. Аяулы жары да қазір сұхбат беретін халде емес... 

Біз Бейсенмен журналистикаға үзеңгі қа­ғыстыра қатар келген екенбіз. Бұл тә­уел­сіз елдің азат ойлы журналистикасы қа­лыптаса бастаған жылдар болатын. Біз «Egemen Qazaqstan» газетінің Президент пу­лындағы тілшісіміз. Ол «Хабар» агент­ті­гінің пулдағы журналисі. Бұл біздің алаулап жанып тұрған, тәулікпен есептес­­­пей еңбектенген кездеріміз екен. Осынау жылдар бізге егемендіктің елең-алаңын­да­ғы барлық айтулы оқиғалардың, тарихи сәттердің тұңғыш куәгері, жаршысы болу­ды бұйыртты.

Әлі есімде, бірде пулдағы журналистер Елбасының Алматыдағы ре­зи­денция­сында АҚШ-тың бұрынғы Пре­зид­енті Билл Клинтонның брифингін түн ортасына дейін күттік. Осындай кездерде әдеттегідей, сөзіміз жарасатын 3-4 жур­на­лист оңашаланып, алаңсыз әңгіме-дүкен құрамыз. Армандаймыз. Пікір алмассақ көзқарастарымыз тоғысатын, қал­жың­дас­­­сақ әзіліміз жарасатын, сырлассаң шы­ның­ды айтатын сол екі-үш адамның бірі – Бейсен еді. Уақыты жеткенде, бәрі де жа­зыла жатар.

 

Әркімнің өз Бейсені бар

Ол қандай еді? Өз тұстастарынан не­сі­мен ерекшеленді? Нені көздеді, не нәр­сеге құштар болды? Ендеше, бозбала Бейсен жайында жан жолдастарының бі­рі, танымал журналист Амангелді Сейітхан баяндасын.

«Бозбала Бейсен дедік пе... Боздап қала­мыз деп кім ойлаған? Ақырғы рет сөй­лескенім еске түсе береді. Соңғы көр­ге­німде өзі де мәңгіге бет алғанын ептеп сездірді. Айтпақшы, Гүлмира келіннен қоңырау түскен екен. Естімеппіз. Хабар­ла­ма қалдырды. «Ініңіз іздеп жатыр. Са­ғындым дейді». Сағынған ініден айна­ла­сың ғой. Дереу жиналдық та, іздеп бар­дық. Көргенде көңіл көншіді. Көз жа­нары жақсы екен. Күліп қарсы алды. Мұң­ның ізі де жоқ. Емделу кезінде дем беру дұрыс. Сөз арасында әлі-ақ оңалып кететінін айтып, сендіруге тырыстық. Ақылды ғой, басын изеп күлді. Күлді де, күр­сінді. Күрсінгенін жасырды бізден. Ар­тынша арқаланып, сөйлеп кетті.

Сол жолы ұзақ сөйлестік. Дәрігер екі келді. Көп мазаламауымызды қалағаны бо­лар. Оған да мән берген жоқпыз. Бая­ғы шақтан бүгінгі кезге шолу жасап, өмір­ді әңгіме еттік. Көңілді отырды. Бо­ла­шақты да бірге кездік. Дәл сол сәтте оңа­­лып кететініне оңай сендік. Өйткені өзге­лердің омалып қалмауына өзі себеп бо­лып еді ғой. Сөзімен жігерлендіріп, қиын­нан жол тауып беріп, талайлардың ауру­дан айығып кетуіне күш салған.

Балалық шағын білмейміз. Білеміз, өзі айтқан дәрежеде. Әкені аға деп таныды... Әжені шеше деп білді... Сол соңғы бар­ғанда сырын айтты. «Апамды кіші ағама тапсырдым, қайта оралсам, қолыма аламын ғой». Тапсырдым дегенде, денем селк ете қалды. Сезім деген де тым жүй­рік кейде. Бала кезінен талай сыр шерт­кен. Бозбала кезін жатқа соғамыз. Өйт­ке­ні қатар өстік.

Алғаш көргенім есімде. «Спорт» газе­тін­де едік. Бас редактор әрі ұстаз теле­фон соқты. Бөлімге, бөлмеге. Шақыр­ды, кабинетіне. Бардық. Барсақ, ал­дында бір бала отыр. Мән бердік, бермедік. Ұстаз әрі бас редактор қолыма дәптер ұстатты. «Мынау жігіт «тау қопарамын» дейді. Бәрін біліп тұр. Көрші, мә, жазғандарын». Нес-ағам (Несіп Жүнісбаев) әзілдеп сөй­ле­генді дұрыс көреді. Кейде шын сөзінің өзін қалжыңға балап алатын кезіміз көп. Баланы ертіп, бөлмеге келдік. Атын айтты, айтпады, анық есте жоқ. Дәптерін қалдырды. Тағы бірде соғатынын білдік. Дәптері қолымызда. Оқыдық, жазуы мар­жандай екен. Ұқыппен жазылған.

Бозбала Бейсен үздіксіз ізденетін. Кез келген мәдениетті зерттейтін. Қай сала болса да. Тереңдей берді. Табиғат берген қара күші тағы бар. Шығыс жекпе-жектерінің бірнеше түрін жақсы меңгерді. Каратэні көрді. Киокушинкайға барды. Оны кейін Сәрсен інісіне қалдырды. Сәрсен чем­­­пион атанды. Бейсенжан енді айкидомен шұғылданды. Тек қара күшін шыңдаған жоқ. Ерік-жігерін. Ақыл-ойын! Айтып отырады. «Аға, мынау айкидо не деген өнер? Қара күшті тіпті де қажет етпейді. Ақылға құрылған. Не деген мәдениет! Рухты шынықтыруға арналғандай». Тибет медицинасын зерттеген кезі болды. Біздің үйдің бір баласы секілді дедік қой. Әпкем Нұргүлмен көп әңгімелесетін. Музыка, философия, тарих, әдебиетті жақсы біледі. Әп­­кем айтады: «Бейсен жақсы келе жа­тыр. Өресі қатты өсті. Өзін қайда да­йын­­дап жүр? Ақылды шыңдап келеді. Дене күшін де шынықтырды. Денені ғана емес, нәпсіні де шынықтырып келеді. Бірнеше күн ұйықтамауы мүмкін. Бір­неше күн аш отыра беруі де. Ол қай­да дайындалып жүр?» Ол сұрақты тіке қоймасақ та, Бейсенжанға айтам. «Інім! Бір бағытқа дендеп еніп кетпе. Тоқ­тай­тын тұсыңды біл. Дер кезінде тежелу де өренің деңгейіне өлшем. Қазақы қалыптан ажырамау керек. Анау ұлыс былай ауқаттанады, мына ұлттың қорегі осындай екен деп, сүттің қадірі мен еттің қуа­тын ұмытпа». Інім күліп қояды. «Аға, бә­рі бақылауда. Күмәніңіз болмасын».

 

Староста Бейсен студент кезінде-ақ курсқа қамқор еді

– Бейсекеңді алғаш рет 1993 жылы КазГУ-ге құжат тапсырып жүргенде көр­дім. Үстінен ақ костюм-шалбарын тас­тамайтын оның жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстауы аса сенімді көрінгендіктен болар, оны жас мұғалімдердің бірі екен деп қалғанымыз рас. Ал сабақ басталғанда арамыздағы жасының үлкендігі бар, әрі сол кездің өзінде «Спорт» газетінде тілші болып жұмыс істейтіні белгілі бол­ғаннан кейін Бейсенді барлығымыз бір­ауыздан староста етіп сайлап алдық. Мек­тепті енді ғана бітірген біз үшін әс­керде болып қайтқан курстастан басқа кандидатура қарастырылған да жоқ. Содан ол курстағыларды білу, тану, қор­ғау міндетіне бірден кірісті. Груп­па­лас­тар­дың әрқайсысымен сөйлесе келе, кім­нің неге әуестенетінін біліп алғаннан кейін әр группаласқа жеке-дара құрмет көрсетіп, сәті келген жерде қолпаштай сөй­лейтін әдеті бар болатын. Кейін ойлап қарасам, Бейсекең әр қазаққа қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзін­де-ақ өмірлік миссиясы етіп алған екен, дейді Дәурен Құдайберген.

...Иә, мен де ел қатарлы қаралы хабар тараған сәттен-ақ қолыма қалам алып, оның азаматтығы, іскерлігі мен жана­­шыр­лығы жайында естеліктерді бір­інен соң бірін жазып отыруыма болар еді. Бірақ мен олай жасай алмадым, дәтім бармады. Оған үш себеп бар. Бі­рін­ші. Досымның өмірден өткеніне сене алмадым, нақтысын айтқанда сен­гім келмеді. Олай дейтінім Бейсекеңді білгелі оның бірде-бір рет еңсесі түсіп, тығырыққа тірелгенін, әл-дәрмені құрып, болды­рып, шаршағанын көрген емеспін. Себебі оның қашанда мерейі үстем, жүзі жарқын жүретін. Және ол бастаған әрбір ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймай, тыңғылықты істейтін. Ал оның нәтижесі бәрімізге белгілі «Айтуға оң­ай», «Қарекет» секілді бағдарламалар ар­қылы замандастарымыздың рухани әлеміне олжа болып оралып жатты. Және ол жеңіл-желпі аурулардан өз өзін йога тәсілімен емдеп алып отыра­тын. Амал нешік, уақыт ұзаған сайын асыл азаматтың бұл өмірмен қош айтыс­қа­нына көзім толықтай жеткенде барып, есімді жиғандай болдым. Екінші. Соңғы 27 жылда оның жасаған жақ­сылық­­­тарын саралап шығуыма маған бір­ша­ма уақыт қажет болды. Себебі досым­ның алдындағы қарыз мен үшін тым көп еді. «Сол қарызымды енді қалай өтей­мін, қалай жеңілдеймін» деген ойдың шыр­мауынан шыға алмадым. Үшінші. Өткен жылы «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығында соңғы рет көргендегі бей­несі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпей қойды. Және сол бейне маған әлде­нені айтқысы келетіндей әсерде жүр­дім. Күттім. Түсіме кірер, аян берер дедім. Бірақ ештеңе демеді...

 

Соңғы алты жыл Бейсенге ауыр болды

– Соңғы алты жыл Бейсекеңе өте ауыр болды, – дейді «Жетісу» телеар­на­сы директорының бірінші орынба­са­ры, досы Досан Қызайбекұлы. – Талды­қорғанда «Жетісу» арнасының жұмыс­та­ры, Алматыда «Айтуға оңай», кейін «Қарекет» хабарының түсірілімдері, ара­сында басқа да жобалар мен шаруалар­ды реттеп көп шапқылады. Өзгесін айтпағанда, бір ғана «Айтуға оңай» ток-шоуы қатты қажытты. Жылына эфирге 235 хабар шығады, сүзгіден өтпей, архивке кеткені қаншама. Осы хабарды толық сегіз жыл жүргізді. Енді есептей беріңіз... Хабарға жылап келген қанша мыңдаған кейіпкердің көз жасын сүртіп, бірге егілді, сүйіншілеп келген қан­ша мыңдаған жұртпен бірге қуанды. Адам­ның жүрегі – тас, жаны темір емес қой. Күн­­дердің күнінде ол да шаршайды. «Бір адамға болса да пайдамыз тисін» деп, ел үшін, қазақ үшін тыным таппай жүрген бауы­рымызға құрғыр кеселдің жабыс­қа­нын байқамай да қалыппыз.

«Бөрі арығын білдірмес...» Тоғыз ай жаны қиналып, адам төзгісіз азапқа түссе де, сыр білдірмей кетті ғой. Керісінше, көңілін сұрай барған жұртқа басу айтып, жұбатып жататын. Қайран, Бейсеке! «Секе, Досеке, бұл дертті әлі-ақ жеңеміз! Үшеуіміз зейнетке шыққанда көрші боламыз, шығармашылықпен айналысамыз. Немере бағамыз» деген арманы бар еді. Сол арманына қатты асықты. Ауырып жүрсе де, болашақ үйімізді салатын жер­ді де жылдамдатып алдырған еді. Әттең! Енді, міне, ішіміз күйіп, жанымыз жетім­сі­реп қалды. Еңіреп жыласақ та, иен дала­ға кетіп айғайласақ та, іштегі шерден жуық арада арыла қоймаспыз.

 

«Жылы жүректің иесі еді»

Бұл туралы Еуропа Биранкай Халықа­ра­лық Айкидо федерациясының негізін қалаушы, Крис Муни былай дейді: «Бейсенді жоқтап сөйлесу тым ауыр. Біз алғаш рет 2001 жылы кездестік. Содан бері өткен жиыр­ма жылда мен оны таныған үстіне тани түстім. Мен оны сая­си журналист ретін­де емес, қарапайым Бейсен ретінде таны­дым. Айкидо өнеріне құмартқан шә­кірт ретінде білдім. Уақыт өте келе оның бойында ерекше ерік-жігер, асқақ рух барын сездім. Ол маған – шәкірт, мен оған ұстаз едім. Бірақ кейін арамыз бұдан да жақындай түсті, ол менің серігіме, досыма айналды. Ол жомарт еді, жүрегі, жан дүниесі кең еді. Менің Қазақстанға ендігі сапарым мүлдем бас­қаша болады, өйткені Бейсен жоқ. Біз енді жолықпаймыз. Бірақ мен оны ұмыт­пай­мын, оның бейнесі мәңгі жадымда сақ­талады. Ол Айкидо қауымдастығын Қазақстанда құрып, оны дамыту үшін орасан еңбек сіңіріп, көп көмек қылды. Мен өмірімде осындай адаммен кездескеніме, онымен дос болғаныма ризамын».

 

Күн сайын көз алдымызда биіктей берді

Бейсенді әлеуметтің журналисі ретін­де танытқан «Айтуға оңай» ток-шо­уының продюсері, қарымды журналист қарын­дасы Әлия Құдайбергеннің де есте­ліктерін кейінге қалдырсақ та, мына жол­дардан аттап өтпеу парыз.

«Сіздей адам жоқ екен, осыған күн өткен сайын көзім жете түсуде.

Бірде, ағаның атын атап, қолайсыздау бір жазбалар жазып, сыртынан біраз сөз айтқан адамды жерден ап, жерге сап, шыр-пырымыз шығып отырғанбыз. Аға кіріп келді. «Туысқандар, қалайсыңдар!» деп. Арқасындағы зілдей (іші толы кітап) рюкзагын терезенің алдына қоя салды да, бұрыштағы диванға барып жайғасты. Айтқымыз келіп отыр, әлгі жазба жайлы. Айта алмаймыз. Бір кезде әйтеуір, ебін тауып айттым-ау. Және «Дәл қазір өзіне хабарласып айтыңыз, екіжүзділігін» деймін ғой, зілденіп.

Аға түк таңғалмастан, тура сурет­те­гідей жымиып қана: «Өөй, Әлек-е-е, көр­дім оны. Ерунда. Жақсы жігіт ол, әлі-ақ тү­сінеді қатесін. Оған бола көңілдерің түс­песін» дей салды. Болды, тақырып жа­былды.

Тағы бірде жап-жас боп ағаға неше­түр­ліні айтып, сыртынан біраз нәрсе ұйым­дастырмақ боп, көңілін ауыртқан адам­ға арада бірер жыл өткенде ақша беріп жүргенін байқадым. «Аға, бұл не сонда? Не деген ұяты жоқ адам анау?» дегеніме: «Әлеке, қиналып жүр екен. Жағдайын айтып, көмек сұрады. Жа­рай­ды, Әлеке, бақытты болсын» деген еді.

«Ағаның алдында бір адамды жамандап, сыртынан сөз етудің қажеті жоқ. Бәрібір қосылмайды. Түк естімеген адамдай монтиып отыра береді» деп күлетінбіз. Рас! Адам деген солай да тәрбиелейді екен ғой, жан-жағын. Бір адам туралы бір ауыз жаман сөз айтпас­тан, ешкімді сөз етпестен өмір сүру мүм­кін бе, жалпы деп, таңғалам! Ағаға сырын айтпаған, мұңын шақпаған адам кемде-кем шығар?! Соның бірін де сыртқа шығармайтын. Айналасына кектену, тістену, біреуден қарымта қайтару, жөн-жосықсыз өкпе-реніш деген атымен жоқ еді ғой, ағада», дейді Әлия Құдайберген.

 

Өлді демейін, байырғы қазақтарша, қайтты дейінші

Әу бастан Бейсенмен бірге келе жат­қан идеялас жан досы, «Жетісу» теле­ар­на­сының ендігі директоры, журналист Серік Әбікенұлы не дейді?

«Бейсеке: «Өмірдің соңы – өлім. Кімнің кім екені өлген соң белгілі болады» депсің. Екіұдай ойға қалдыратын сөз... Өлді демейін, байырғы қазақтарша қайтыс болды, қайтты дейінші. Мына ғаламды дөңгелек киіз үйіндей көретін қазақ әр адам шеңбер-сүрлеуі аяқталғанда өз бастауына қайта оралады дейді. Сенің жасаған жақсылық пен жамандығың да сол шеңберді айналады, өзіңе тимесе ұрпағыңа бұйырады, жақсылық болса шапағатқа бөлейді, жамандық болса маңдайын жарады. Бабалардың өткен мен болашаққа тас атудан қорыққаны содан еді. Сенің біреуге тас атқаның есімде жоқ, бауырым. Ал жасаған жақсылығыңды, төккен мейіріңді мыңдап айта аламын. Демек сен өз бабаларыңның, қалтыраған саусақтарын жайып бар адамға жақсылық тілейтін қарт анаңның ізінен жаңылмай ұрпағыңа жарқын, ықылас пен шапағатқа бө­леген жол сілтедің. Әке үшін, азамат үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Шаңы­ра­ғына құт қондырған ер ғана көпке шуақ шаша алады.

Айтарым көп еді, дәл осылай сөзден қы­сылам, тосылам деп ойламаппын. Лық­сып келіп қысып тұр. Осы шақ пен келер шақтан басталатын сөздің бірден өткен шаққа өтіп кеткені тілге күрмеу болды ма? «Әй, туысқандар, қалайсыңдар?» деген қамшылар лебізіңнің жетпей тұрғаны-ай. Тілдің сөзі тоқтап, жүректің сөзі төгілер сәтте қысылғаным... Есболат Айдабосын да тілге шешен ғой: «Көңілімнің көшесі бос қалғандай, екі досыңыз сол көшеде теректей басы теңселіп барады», депті сенің қаралы жұрт тарқап, құлазып қалған «Арайлыңда» ту сыртымыздан қарап тұрып. Рас...

Е, Бейсеке, азаматтығы бір биік, адам­дығы бір биік, адалдығы бір биік, Күрең­бе­ліңдей асқақ жігіт едің ғой. Таудың көк тасындай мықты екенсің, морт кет­тің, үгілмедің. Шынтағыңнан демеп әр дәрігердің босағасынан бірге аттап жүр­ген Ермек Даутов досың «Айкидодан алғаны ғой, сыр бермеді» деді. Рас, спорттың бекзадасы – айкидоның шебері, Биранкай Айкидо федерациясының өкілі, атақты Крис Мунидің шәкірті, бірінші дан иегері екеніңді көп адам біле бермеді. Жауынгер өнердің сардары, талай жекпе-жекте мерейлі болып едің. Ақырғы айқаста да сен жеңдің. Батқан күнмен кеткен жоқсың. Арда ұлға құрмет көрсетейік деп ағылған жұртқа ешкім бөгет болмады. Сонысы үшін облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы Баталовқа көп рахмет! Тұтас әлемді тұншықтырған вирустың әлегіне қарамастан азаматтық жасап, қаралы жиын өткізді. Егіліп тұрып сөз сөйледі. Журналиске бұлай құрмет көр­сетілгені әріптестеріңе, қазағыңа, маман­дығыңа мәртебе болды. Жанарбек Әшімжан інің «Ана тіліне» жария етіп, Жур­налистер үйіне есіміңді беруді сұрады. Алты алаш тұтас қолдап жатыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында дәл өзіңдей ел сүйіспеншілігіне бөленген азамат аз. Бір кездері саудыраған қаңқасы ғана тұрған жаңа ғимараттың ішіне әр кіріп, телеарна декорацияларының үздік үлгіде жасалуына, елдің түкпір-түкпіріндегі арналар тамсанатындай дәрежеге жетуіне сенің қосқан үлесің өлшеусіз.

Өміріңнің соңғы сәтіне дейін айналаңның амандығын тілеп жаттың. Халқыңмен бақұлдасқанда соңғы сөзің «Ризамын» болыпты. Сен ағайын туыс, сүйген жар, еліңе разы болсаң, олар саған разы. Бәріміз алақанмен қалқалап, жанталаса қорғаған Үміттің әлсіз шырағы жалп етіп сөнді. Бірақ оның сәулесі талай жүректе қалып қойды, қайта маздайды, Бейсеке. Шырағың сөнбесін».

 * * *

Бұл жұлдыздай жарқыраған Бейсен Құранбек туралы мақаланың басы да соңы да емес. Бұл жолдар – талантты журналистің тағдырын түгел қамти алмасы да анық. Естелік айтқан, айтар жандардың әлі де өкініші мен өксігі тарқамағандықтан қазірге әріптестері айтар сөз сипаты осындай боларын, болмысыңды бір мақалаға сыйдыра алмасымызды сезген де едік.

Шырағың сөнбесін!

 

АЛМАТЫ