Әдебиет • 23 Маусым, 2020

Сіз – Өлеңсіз!

219 рет көрсетілді

Өлеңді түсінерсің – өзі жоқта…
Өмірді түсінерсің – күзде ғана…

Жанна Елеусіз

Өлең – жүректің сөзі. Ол жанның толқынысынан туса керек. Көңілдегі кірбің, зар, мұң, сағыныш пен өкініш, арман мен аңсардың түбі – өлең. Мөлдір өлең. Ешкім жазайын деп жазбайды (һәм жазбайын деп жазбай кетпейді екен). Ақын қаламынан туған өлеңнің бәрі – өмірдің ісі. Жалпы, өлеңді жазу да, өлеңді оқу да – жүрекпен. Адам кез келген уақытта өлеңге бармайтыны тағы анық. Құлазиды. Көңілі босайды. Жалығады. Бәлки, біреуді сағынар. Сосын өлең оқиды. Ақын сөзімен жыртық көңілін жамайды. Жұбанады.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қамығып түссе қара Түн

айналар Жырға күндізгі Ой…

Айдан да әппақ Қанаты

бұл Пырақ – біздей бір Қыз ғой!..

Қабағын бермей кейде үміт,

жүрегімізден жүн түтіп!..

Тіріде – Ақын… дейді жұрт

Өлгеннен кейін – Пір тұтып…

Жанымыз – кітап көнерген.

Жарығы – сонау жұлдызды із!

Жұбатып Елді Өлеңмен

көрінбей Жерде – жүрміз Біз…

Түрлі тағдырлар тоғысқан жұмыр жердің бетінде «көрінбей» жүріп, талай жүректі жылытқан ақын – Жанна Елеусіз. Мына халық Жанна Елеусіздің өзін білмесе де, өлеңіне құштар. Ақын қаламынан өз күйін сезген жұрт – өлеңді қапсыра құшақтап, тіпті жібергісі келмейді. Көңіл пернесін шерткен мөлдір өлеңге жүрегін шайып отыра бергісі келеді. Қайтсін... Осы жалғандағы әрбіріміз жылт еткен үмітке құлай кетіп, жанымызға дәру іздеп үйреніп қалған жоқпыз ба?!. Содан болар, әр жүректе ақынның бір өлеңі қалды. Мәңгілік.

...Менің Жаным үстіндегі жейдесін

жабады үнсіз жылағанға:

«Тоңасың»...

Неге осы қоңыр күзде еңсені мұң басады? Сарғайып түскен жапырақта сағынышымыз бардай біртүрлі қимаймыз. Әлде күздің екінші аты сағыныш па... Неге адамдар күздің жауы­нына жасын жасырады? Тал-ағаш біткеннің бәрі жапырағынан айырылып, сүреңсіз қалыпта қалуы – адамдардың шарасыздығын сездіретін болар, сірә. Көңілдің жел-қайығын тербеген күрең күз ақын қаламына да жиі ілігіпті. Бейнебір, сарғыш тартқан әр жапырақ ақынның бір өлеңін құшып, жерге асыққандай. Бәлки, осы тіршіліктегі бар белгісіздіктің сырын күз ғана білетін шығар. Сол үшін Жанна Елеусіз өз мезгіліне асығатын болар...

...бояуы Аз мезгіл –

Көп нәрсе білетін секілді:

қай құстың – қай жаққа қонарын,

қай бақты – қандай жел тонарын,

қай бұлттың – Жаңбыр боп жауарын,

қай сұрақ – аларын Жауабын,

қай жарық – ұзақтау жанарын,

қай арық – қай көлге тамарын,

қай теңіз – қай күні шегінен шығарын,

қай жұлдыз – қай түні көгінен құларын,

қай мұңның – қаншаға жетерін,

қай шаттық – өтерін, кетерін,

қай арман – қай күні орындаларын,

қай сұмның – өлгенше жолын бағарын,

қай сөздің – қаншалық бекемін,

қай өлең – Ғасырлық екенін...

 

Түнеріп біресе,

біресе күледі күн – несін?

Бұл – Күз ғой:

Білгесін...

Кейде өлең ақынның көз жасы сияқты. Қосылып сен де жылайсың. Кейде қара түнді бұзып-жарып естілген шат күлкі сияқты. Онда да тымырайып отырмайсың: сен де жымиясың. Өлең табиғаты жаныңа медеу болған соң ақынның көңіл күйінен алыстап кеткің келмейді. Қашанда ақын жанының толқынымен бірге жүзгің келеді. Өйткені екі жүректің арасында перде жоқ. Тек ұқсастық бар. Кейде сендегі ой өлеңнен табылады. Өз сөзіңнің ақын қаламымен жымдасып, үндесіп жатқанына әрине ішің жылиды. Бірақ сендегі тереңде тұнып жатқан маржан-сырды күллі жұртқа жайып салған өлеңге, бір жағы, өкпелейсің.

...Аңыз ғана – өлмей қалды.

Аз...

әйтпесе, Нағыз адам...

Жүрегімді сезбейді әлгі...

қаласы көөп тағы заман.

 

Баспана боп жаныма Өлең.

Кетем шығар...

сүйіп Елес.

...мен Біреуді сағынар ем!

Әттең...

ешкім – Биік емес...

P.S. Біз ақын емеспіз. Құдай бізге өлеңге тебіреніп, жұбаныш табар жолды ғана бұйырыпты. Ал Жанна Елеусіз – шын ақын. Дүниедегі ең нәзік көбелектің қанаты дерсіз. Біздіңше, әуелде адамның жаны нәзік, содан соң Жанна Елеусіздің қаламы нәзік секілді. Ақын өлеңдері жүректегі сағынышты алып-ұшып, шоқ жұлдыздай ағып өтеді. Әне, сонау түнгі аспанда жұлдызды ізі жатыр. Жап-жарық.

 

Соңғы жаңалықтар

Шәміл

Тарих • Кеше

ZOOM акциялары қымбаттады

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар