Ресей президенті Владимир Путин журналистерге Индонезияның Бали аралында өткізген туған күні жөнінде әңгімелеп берді. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Бали аралында өткізілген Азия мен Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті Владимир Путиннің туған күнімен тұспа-тұс келді. Саммитке қатысушылар Ресей президентін гитараның сүйемелдеуімен өлең айтып, құттықтады. «Happy birthday to you» өлеңін айтқан Азия мен Тынық мұхиты аймағының мемлекет басшылары арасында АҚШ президенті Барак Обама болмады. Ол АҚШ мемлекеттік бюджетіне байланысты туындаған қиындықтарға орай саммитке қатыса алмады. Владимир Путин туған күнінде Қытай делегациясымен шарап ішіп, жапондар сыйға тартқан сакені үйіне алып келгенін айтты.
Азия мен Тынық мұхиты аймағының мемлекет пен үкімет басшылары орындаған өлеңнен бөлек, туған күн иесіне суретші Алексей Сергиенко мен рэпер Коля Найк жазған «Мужик, держись!» өлеңі шырқалды.
Владимир Путиннің 61 жасқа толуына орай, Еуропаның Берлин, Амстердам, Париж, Барселона, Мадрид пен Лондон қалаларындағы үй қабырғаларына құттықтау сөздер жазылып, суреттер салынған екен.
Айдар Өрісаев.