«Болашақ» колледжінде су көлігін пайдалану мамандығы бойынша білім алған олар биыл оқуды аяқтап өз еріктерімен әскерге аттануға шешім қабылдаған.
– Әскерде қызмет ету бала күнгі арманымыз еді. Себебі Отан алдындағы борышты өтеу – ерлік. Елді, жерді қорғау – әркімнің парызы, міндеті. Абыройлы міндетті ерік-жігермен орындайтынымызға сенімдіміз, деген Ақарыстың сөзін бауырлары қолдап-қуаттап отыр.
Спортты жанына серік еткен жас жігіттер өздерін көңілді, ширақ ұстап, «Отан қорғауға дайынбыз» деп тұр. Ақарыс үш жылдай каратэге қатысса, Бекарыстың осы спорт түрімен айналысып жүргеніне тоғыз жыл болған. Тоғыз жыл ішінде ол бірқатар жарыста олжа салып, чемпион атанып та үлгерген. Ал Жанарыс – күреске қатысып, аталған спорт түрінің қыр-сырына қаныққан балуан.
Енді олар Орал қаласында Ұлттық ұлан сарбаздары атанбақ. Маңғыстау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қуандық Бердіғалиев әскерге баратын жігіттерге сәттілік тілеп, ел алдындағы міндетті абыроймен орындалуларына тілек білдірді.
Маңғыстау облысы