Аймақтар • 24 Маусым, 2020

Карантиндік шектеулер күшейтілді

1178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырауда карантиндік шектеу шаралары қайтадан күшейтілді. Неге? Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, маусым айы­на дейін қауіпті індетті жұқтырғандар «Теңіз» кенішіндегі мердігер компаниялардың жұмысшыларынан ғана анықталып еді. Екіншіден, Атырау қаласы мен аудандарда бұл індетке шалдыққандар көп кездеспеген болатын. Алайда маусымнан бері ахуал басқаша қалыптасып отыр.

Карантиндік шектеулер күшейтілді

Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қыз­ме­тінің хабарлауынша, мау­сым­ның басынан бері Жылы­ой ауданындағы Терең-Өзек, Қисымбай, Қызылқоға ауда­нын­дағы Кенбай кен орындарында  «Ембімұнайгаздың» 62 және мердігер компаниялардың 55 қызметкерінен коронавирус анықталып отыр. Бұған қоса, міндетті скрининг кезін­де «Ембімұнайгаздың» 19 жұмыс­шы­сынан да  вирус жұқтыру жағ­дайы тіркелді. Барлық жұ­мыс­шылар қажетті ем алу үшін Құлсары және Атырау қала­ла­рындағы жұқпалы аурулар ауру­ханаларына жатқызылды. Симп­томсыз ауырып жатқан жұмыс­шылар отбасының өзге мүше­лерінен оқшауланып, үй карантиніне орналастырылыпты. Ал үйде оқшаулау талаптарын сақтауға мүмкіндігі жоқ адамдар Атырау қаласының Береке шағын ауданындағы арнайы жабдықталған үйлерде карантинде жатыр. ПТР-тестері теріс нәтиже көрсеткен жұмысшылар жұмыс орындарында бақылауға алынды.

Осындай деректердің тір­ке­луі­мен Қызылқоға ауданын­да­ғы Миялы ауылында карантин, Мұқыр ауылына шектеу енгізілді. Ал Жылыой ауданында карантин мерзімі 2 шілдеге дейін созылды. Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылы да карантинге жабылды. Тіпті Атырау қаласында індетті жұқтырушылар қатары көбейіп барады. Қазір коронавирус инфекциясы Атырау қаласы мен барлық ауданда тіркеліп, жалпы саны 1362-ге жетті. 

Қауіпті індет адамның жасына да, атқаратын жұмысына да қа­ра­­майтыны аңғарылып отыр. Осы­ған дәлел ретінде бірнеше мысалды алға тартуға болады. Біріншіден, атыраулықтарды сақтық шараларын қатаң сақ­тау­ға үндеген бұрынғы бас мем­ле­кеттік санитарлық дәрігер Темірбек Мұсағалиевтің өзі де коро­навирустың «қақпанына» түс­кенін әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Ол қазір Ұлттық сараптама орталығының Атырау облыстық филиалын басқарады.

– Мен тапсырған ПТР-тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Мен санитарлық қорғаныс талаптарын қатаң сақтап, маска тақтым, қолғап кидім. Қолыма дезинфекция жүргіздім. Сіздер секілді коронавирустың мені айналып өтетініне сенімді едім. Бірақ олай болмай шықты. Ви­рус қалаға кірді, – деп жазды Темірбек Мұсағалиев.

Қазір бұл филиалда директордан өзге тағы 13 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Олардың бәрі әкімшілік персоналда жұмыс істегендіктен, осын­дағы зертханаға қатысы жоқ болып шықты. Ал орталық ғим­а­ратта дезинфекция жүр­гі­зі­ліп, зертхана қалыпты режімде жұмысын жалғастыруда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаеваның мәлім етуінше, 180 кереуетке есеп­телген инфекциялық стацио­нар­да 193 пациент ем алып жатыр. Жансақтау бөлімінде жат­қан жеті пациенттің үшеуінің жағ­дайы ауыр деп бағаланып отыр.

– Қазір №2 облыстық инфек­циялық ауруханадағы инфек­ция­лық стационар науқастарға толып болды. Сол себептен, келесі апт­а­да Махамбет ауданынан инфек­циялық стационар ашуды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлнафис Таңбаева.  

Соңғы бір аптада  қауіпті індет­ке шалдыққан бес адам көз жұмды. Жалпы, қайтыс болғандар – 8 адам. Міне, осындай себептер Атырау қаласы мен Атырау облысы аумағында карантиндік шектеу шараларының қолданылуы эпидемиялық жағдай толық тұ­рақ­­танғанға дейін созуға себеп болып отыр.

Атырау облысының бас мем­ле­кеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев қол қойған қау­лыға сәйкес, енді тұрғындар мен жеке көліктердің түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге жүруіне болмайды. Сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, отбасылық, еске алу шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас берулер), соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткі­зуге, қоғамдық орындарға, оның ішінде алаңдарға, сая­бақ­тарға, жағалауларға баруға,  меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қызметіне тыйым салынып отыр. Қала сыртындағы сауықтыру орталықтарының және мектеп жанындағы лагерь­лер­дің, кинотеатрлардың, театр­лар­дың, көрмелердің, интернет пен компьютерлік ойын клуб­та­рының  және адамдар көп шо­ғырланатын басқа да нысан­дар­дың қызметі тоқ­та­тыл­ды.  Сонымен бірге діни нысандар қызметіне және халықтың онда баруына тыйым салынды.

Әзірге эпидемиялық ахуал­дың қашан тұрақталатыны, соған орай  карантиндік шектеу шараларының қашанға дейін созылатыны бел­гі­сіз. Өйткені тұр­ғындар арасын­да қауіпті індет­ке шалдығу тоқ­тар емес. Ал тұр­ғын­дардың өзде­рі­нен әлі де сақтық шараларына нем­құ­райды қарау мен бейқамдық байқалады. Тегінде жақыныңа жанашыр болу қа­жет­тігін әркімнің ұғынғаны жөн ғой.

 

Атырау облысы