Руханият • 25 Маусым, 2020

Әлемді байланыстыратын алаң

374 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүкіл ғалам ақпаратпен сусындаған ғасырда архив саласы адамзат пен ақпараттың, БАҚ пен технологияның арасындағы рухани көпірдің рөлін атқарып, қоғамның барлық саласы заманауи үрдіске бет түзеуде. Еліміздегі тарихи-мәдени нысандар (музей жәдігерлері, кітаптар мен қолжазбалар, архив құжаттары) цифрлау мен құндылықтарды электронды ортада қалыптастыру мүмкіндігіне ие болуда.

Әлемді байланыстыратын алаң

Дерек көздеріне сүйенсек, Біріккен Ұлт­тар Ұйымы аясында 1948 жылы 9 мау­сымда Халықаралық архивтер кеңе­сі құрылып, 2007 жылдан бері бұл тарихи күн «Халықаралық архивтер күні» ретінде атап өтіледі. Бүгінде 190 ел мүше болып табылатын халықаралық кеңес әлем архивтерінің тарихи мұрағаттарын сақтауға және пайдалануға ықпал етеді, барлық елдердің архив ісі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Халықаралық ұйым­ның тұрақты түрде шығып тұратын «Archivum» журналы бар, сонымен қатар халықаралық мұрағатшылар конгресі 4 жылда 1 рет өтіп тұрады. Жылына Ха­лықаралық архивтер апталығы өткізіледі. «Білім қоғамының құқықтары мен мүм­кіндіктерін кеңейту» мәселесі бойын­ша 8-14 маусым аралығында іс-шаралар өткізуді ұсынады. Мұндай айтулы жоба­лардың бірі ретінде жақында Нұр-Сұл­тан қаласы мемлекеттік архиві ұйым­дастырған «Архивтер мен қоғам: уақыт сынағы» атты дөңгелек үстелді атап өту­ге болады. Онлайн-жиында Нұр-Сұл­тан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы, педа­гогика ғылымдарының докторы Тілеу­ғали Қышқашбаев архив ұжымын, тарихшы-ғалымдарды Халықаралық архивтер күні­мен құттықтап, елорда архивінің ғылы­ми және ғылыми-тех­никалық қызмет субъек­тісі ретінде аккре­диттелгенін атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік ар­хивінің директоры Мейрам Бектембаев қала әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдауымен атқа­рылып жатқан жұмыстар туралы, аста­надағы тарихшы- ғалымдардың қаты­суымен Архив жанынан Ғылыми-әдістемелік кеңес құ­рыл­ғанын баяндай келіп: «Елорда ар­хивінің стратегиялық жоспарына сәйкес өткен жылдан бері 3 миллион парақ құжат цифрланды, аса құнды құжаттар тізімі Архив сайтында жарияланды. 2019 жылдың тамызынан бері ақылы қыз­мет көрсету түрлері де енгізіле бас­­тады, түскен қаржы қыз­меткерлердің әлеу­меттік тұрмысын көтеруге, қосымша сыйақы белгілеуге, ма­мандардың кәсіби біліктілігін көтеруге, қажетті құрыл­ғы­­лар­ды сатып алуға жұмсалып отыр. Ла­тын, араб әріптерімен жазылған құжат­тар­ды жарыққа шығару да жоспарда бар», деді.

Дөңгелек үстелге архив мамандарымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Мемлекет тарихы институтының, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің ғалымдары қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Мамандар қоғамдық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі, архив құжаттарының сақталуы мен олар­ға қолжетімділік мәселелері, сала маман­дарының заманауи талаптарға әзірлігі, құжаттарды цифрландыру тәжі­рибелері туралы ой қозғады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Дүние жүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі Гүлжаухар Көкебаева: «Тақырыпты зерттеу кезінде туындайтын бірінші мәселе – белгісіз мер­зімге аса құпия түрде сақталған ар­хив­тік материалдарға ғалымдардың қолы жете бермейді. Мысалы, шетелдік тәжі­ри­беде бұлар оңай шешілген. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін (30 жыл) құпия құ­жаттарды зерттеп, ғылыми айналымға ен­гізу үшін бәрі толықтай көпшілік назарына ұсынылады. Ал бізде бұл мәселе әлі де шешілмеген.

Екіншіден, архив деректерін жария­лауға қатысты заңнаманы қайта қарас­тыруымыз қажет. Неге десеңіз, кейбір зерттеушілер архив деректерін басқа мақ­саттарға пайдаланады және сол арқылы белгілі бір тарихи деректердің бұр­мала­нып кетуі ғажап емес.

Үшіншіден, архив материалдарын жеке жинақ етіп басып шығару назардан тыс қалмауға тиіс. Мұндай құқық жеке адамдарға емес, архивтер мен ірі ғылыми орталықтарға ғана тиесілі болуы керек.

Төртіншіден, архив қорын цифр­лан­­дыру мәселесіне көңіл бөлгеніміз абзал. Архив мұраларының сақталуы және аталған байлықты кейінгі ұрпаққа жет­кізуіне байланысты жұмыстың бұл түрі өте қажет және ең бастысы, оны арнайы білікті мамандар, архив мамандары жүзеге асыруы керек» десе, тарих ғылымдары­ның докторы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Ғалия Алпыспаева әлеуметтік жадты сақтаудағы архивтің рөліне тоқ­талды. Тарих ғылымдарының кандидаты, Мемлекет тарихы институтының же­текші қызметкері Қанат Еңсенов тәуелсіз еліміздің тарихына қатысты Ұлттық архив деректеріне шолу жасап, архив материалдары туралы әңгімеледі.

Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің про­фес­соры Гүлнәр Төлеуғазықызы аталған оқу орнының тарих факультеті мен Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ортақ іс-тәжі­рибесі туралы ойларымен бөлісті. Ғалым кәсіби біліктілікті арттыру мақ­са­тында жыл сайын студенттер қала­лық архивтің тәжірибесінен өтетінін, мұндай бастамалар оң нәтижесін көрсете бастағанын айтып, өткен жы­лы архив мамандарымен бірлесіп «Тарих және архивтану» мамандығы бойын­ша «Білім беру бағдарламасы» жасалғанын, алайда мамандар даярлау бағыты бойынша «Тарих» мамандығы «Гуманитарлық ғылымдарға», «Архив ісі» мамандығы «Әлеуметтік ғы­лымдарға» қа­рай­тын­дықтан біраз қиын­дықтар туын­дағанын алға тартты. «Архив ісі» ма­мандығы бойынша мамандар даяр­лау жобасына мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетілсе, деген ұсынын жеткізді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім мең­герушісі Сәбит Шілдебай архив ісін басқару деңгейін көтеруді, еліміз­дегі архивтер жүйесін басқару үшін Үкіметке немесе Президент аппаратына қарасты «Қазархив» басқармасын құру қажеттілігін сөз етті. «Архивтердің ғы­лыми жариялау бөлімдерінің жұмысын жандандыру қажет, зерттеулер үшін маңызды құжаттарды басып шығару жұмыстарының маңыздылығына мән берілсе, Президент архивіндегі Орталық партия комитетінің құжаттарын, Орта­лық мемлекеттік архивтегі Орталық атқару комитетінің, халық комиссарлар кеңесінің құжаттарын жинақтап шығаратын уақыт жетті. Әкімшілік-аумақтық бөлініс анық­тамалықтары тарихшылар үшін аса қа­жет, архив жұмысында осы жағы баса ескерілсе, себебі жекелеген тұлғалардың туып-өскен жерінің атауын анықтау қиындық тудырады. Еліміз архивтеріндегі тарихи сана мен мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға ықпал ететін зерт­теу жұмыстарын жүргізу керек. Осын­дай жұмыстар ұлт тарихын ғылыми та­ну­дың жаңа белесіне жол ашады, архив құжаттарын цифрландырудың жаңа үл­гісі құжаттарды жариялау, ғылыми айна­лымға енгізу жолымен жасалады» – деп әріптестеріне ой салды.

Алматы қаласы мемлекеттік архи­ві­нің директоры Абзал Ботанов архив са­ласындағы өзекті мәселелерді алға тартса, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан қала архивінің жұмыс тәжірибесі төңірегінде ой өрбітіп, саланың қазіргі ахуалына тоқталды.

Қалалық мемлекеттік архив мамандары тарихшы-ғалымдармен алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін жеткізді. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар аз емес. Сала мамандарының мә­ліметіне сүйенсек, мұнда қаншама тарихи сабақтар, вебинар мен құжаттық көрмелер, семинарлар өткен.

– Төтенше жағдай жұртқа цифрлан­дырудың қаншалықты маңызды еке­нінін ұқтырды, – дейді кәсіби маман. – Жаңа технологиялар архив зерт­теушілеріне қызмет көрсетудің құралына айнала бастады, бүгінде әр өңірдегі архивтердің өз веб-сайты бар. Ол арқылы үйіңізде отырып-ақ сайт көмегімен архивтен кез келген ақпаратқа қол жет­кізуге мүмкіндігіңіз бар. Тіпті бейне­конференцияларға, арнайы тақы­рыптық форумдарға қатыса аласыз. Архив­тің ақпараттық ресурстарына қол жеткізуге, электронды тізімдемелер, жекелеген құжаттардың электронды нұс­қасын алуға, архивте өткізілген іс-шаралар туралы, Халықаралық архив қауымдастығымен ынтымақтастық байланысты дамыту туралы ақпараттарды алуға болады.

Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік ар­хивтер мен арнайы архивтер әлеу­­мет­тік-құқықтық сипаттағы сұра­ныстарды «Электронды үкімет» порталы арқылы жет­­кізе алады, жекелеген тақырыптық, ге­­­неалогиялық сұраныстар да онлайн түр­де қолжетімді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіне өткен жы­лы әкімшілік-құқық­тық сипаттағы 10 331 сұраныс келіп түссе, биыл, қазірге дейін      3 мыңға жуық сұраныс қабылданған.

Дөңгелек үстелге қатысушылар сондай-ақ келешекте архив мамандарын даярлау, сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру, ғылыми жұмыстарға тарихшы-ғалымдарды тарту, архив құжаттарын құпиясыздандыру, жаңа ақпараттық технологияларды меңгеру, цифрлы дәуірде құжат жасаушылар мен ақпараттық технология индустриясы өкілдерімен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу, онлайн-режімде ақпаратты пайдалану кезінде киберкеңістіктегі қауіпсіздік қа­терінің алдын алу сияқты маңызды жайт­тарға мән берді.