Қоғам • 25 Маусым, 2020

Бірлескен жүйелі жұмыс керек

470 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өзекті тақырып­тарға арналған, тұрақты өтіп тұратын онлайн форматтағы кезекті дөңгелек үстелінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері талқыланды.

Бірлескен жүйелі жұмыс керек

Бүгінгі қоғамның өзекті мәсе­лесіне арналған тақырып тұр­ғысында ой қозғауға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Президент жа­нын­дағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Мәжіліс депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар басшылары мен қоғам белсенділері қатысты.

Министрдің айтуынша, эпидемия басталып, карантиндік шаралар енгізілген уақытта үйдегі зорлық-зомбылық 25 па­йызға артқан. «Өздеріңіз біле­сіздер, бұл – ғаламдық проблема. Өйткені халықаралық ұйым­дардың мәліметі бойынша әлем­де 5 минут сайын бір ана мен бала зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Сондықтан да онымен күресу – қоғамның міндеті. Бір өкініштісі, бұл әлемдік проблема біздің қоғамда да өзек­тілігін жоғалтпай отыр. Бас про­­ку­ратураның Құқықтық ста­тис­тика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің де­рек­­тері бойынша, отбасылық-тұр­­мыс­тық салада жасалған құ­қық бұзу­шылықтар саны 2017 жы­лы 446, 2018 жылы 919, ал 2019 жылы 1 055-ке жетті», деді А.Балаева.

Қазір елімізде коронавирус індетінің салдарынан қатаң карантиндік шаралар енгізіл­ген­нен кейін отбасындағы зор­лық-зомбылық қылмыс саны 25 па­йызға күрт өскен. Осы орай­да министр: «Әрине, бұл бі­зді алаңдатпай тұрмайды. Оның үстіне, үйдегі зорлық-зом­былық тақырыбы үлкен қо­ғам­дық резонанс тудырып отыр. Күнделікті ақпараттардан, әлеуметтік желілердегі жазбалардан отбасындағы зорлық-зомбылықтың күшейіп, қан­шама баланың жетім қалып жат­қа­нын, тіпті жан түршігерлік қай­ғылы оқиғалардың да болып жатқанын көріп отырмыз. Бүгінгі күні мемлекет бұл мәсе­лені жүйелі түрде шешумен ай­налысып келеді. Мысалы, пан­демия басталғаннан бері от­ба­сылық жанжалдарға қатыс­ты 37 мыңға жуық қорғау нұс­қа­масы шығарылып, құқық бұзу­шылардың тәртібіне байланыс­ты 5 мыңға жуық  ерекше талаптар белгіленген», деді.

Сонымен қатар А.Балаева бұл мәселеде тек құқықтық ша­ра­лар жеткіліксіз екенін, жү­йе­лі қоғамдық жұмыс пен қоғам­дық ұйымдардың жұмыла күш біріктіруі ауадай қажет екенін атап өтті.

Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина тұрмыстық зорлыққа қатысты заң жобасы туралы әңгімелеп, құжаттың дайындалу барысынан хабардар етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасын әзірлеумен айналысып жатқан жұмыс тобы қоғамдағы өзекті мәселелерге құлақ салып, қызу талқылау жүргізіп тұрады.

Сонымен бірге ол жергілікті әкімшіліктердің жұмыстары нақ­тыланғанын хабарлады. Зор­лық фактісі анықталған жағ­дай­да ері мен әйеліне бір үйде қалу­ға рұқсат берілмейтіні, зор­­лық көрсеткен тараптың пси­хо­­­ло­гиялық тексеруден өткі­зі­ле­тініне қатысты ұсынысты депу­тат­тардың қолдағаны мәлім болды.

Одан әрі «#НеМолчи kz» қо­ғам­дық қорының президенті Дина Смаилова 2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымы туралы айта келе, қыз­метк­ерлердің ерікті түрде қызмет көрсетіп, ешқандай ақы алмайтынын хабарлады. «Біздің қор елі­мізде зорлық-зомбылық туралы ашық айтуды бастаған алғашқы ұйым саналады», деді белсенді.

Д.Смаилова мемлекет заң­на­малық деңгейде үйдегі зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге күш салып отырғанын атап өтті. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әйелдер мен балалардың құқық­тарын қорғайтын заңдар әзір­леуді тапсырды. 2020 жылғы қаңтардан бастап жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданды, онда зорлау ауыр қылмыстардың құрамына ауыс­тырылды және жазалау мерзімі ұлғайтылды. Қазір Парламентте еліміз үшін маңызды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң қарастырылуда. Біз блогерлер командасы емеспіз, біз – бар­лық міндеттерді кешенді және жүйелі түрде шешетін құқық қорғаушылармыз. Біз­дің миссиямыз – қоғамдағы зор­лық-зомбылыққа мүлдем төзбеу­шілік!» деді ол.

Сондай-ақ Д.Смаилова бізге жапа шеккендермен байланыс­та болатын, мәселенің түпкі себебін тауып, онымен күрес жолдарын анықтайтын, құқық қорғау органдары арасында көпір болатын бірегей ұйым керек», деді.

Ішкі істер министрлігі Әкім­шілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев соңғы 4 жылда тұрмыстық зор­лық-зомбылық фактісі 2 есе өскенін, өлім 35 пайызға ұлғай­ғанын мәлімдеді.

«Әріптестеріміз атап өткен­дей биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық 20 пайызға артқан. Мұны қазір әлемде орын алған эпидемиялық жағдаймен байланыстырамыз. Оқшаулану ке­зінде отбасылық-тұрмыстық қа­тынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер үшін 7,5 мың­нан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың жартысына жуығы әкімшілік қамауға алынды», деді М.Баймұқашев.

Сонымен бірге ол заңды өзгертіп, кінәліні жазалаудың жағдайды түзетпесін айтып өтті. «Балаларымызға үлкенге құрмет көрсету секілді адамшылықтың алғышарттарын үйретуіміз қажет. Әйелдерге құрмет көр­сету, оларға қамқор болудың маңы­зын жиі айту шарт. Мем­ле­кетте жүйелі жұмыстар жүр­гізілуі керек», деді комитет төрағасы.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова отба­сын­дағы зорлық-зомбы­лық мәсе­лесінде заңды некеде болмай, бірге тұрып жатқан жұптарды да ескеру керегін еске салды. Тұрмыстық зор­лық-зомбылық орын алған отбасы­ларға дұрыс қолдау білдіріп, отбасында зор­лық көрген балаларға тиісті пси­хологиялық көмек көрсету, жазықтыларға әділ жазасын беру қажеттігіне екпін берді.

Олардан бөлек «Қазақстан дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ төрағасы Зульфия Байсақова, Бас прокурордың аға көмекшісі Мұратбек Әлі­беков, «Адам құқықтары, инклю­зия мен азаматтық қоғам зерт­теулер орталығының» дирек­торы Халида Әжіғұлова,  «Қазақ­станның әйелдері күштерінің альянсы» төрағасының орынбасары Азиза Шөжеева аталған тақырыпта өз пікірлерін білдіріп, өзекті мәселелерге тоқталды.

Дөңгелек үстелді қорытын­дылай келе, А.Балаева мемлекет­тік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін дөңгелек үстелдің барлық қатысушылары отбасы­лық-тұрмыстық зорлық-зомбы­лық мәселелерін жүйелі шешуде күш біріктірудің маңыздылығын атап өтті. Шынында да, бұл үшін ведомствоаралық жұ­мыс­ты үйлестіру қажет. Жалпы алған­да, тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың әрбір жағдайы ерекше болғандықтан, осы мәселелерді шешу үшін бірыңғай тетіктерді әзірлеуге ерекше мұқият қарау қажет», деді министр.