Аймақтар • 25 Маусым, 2020

Қарағандыда "Қара көл" қайдан пайда болды?

950 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасының шет жағында түсі қап-қара көл пайда болды, – деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда "Қара көл" қайдан пайда болды?

Қазіргі уақытта эколог мамандар мұндай қалдық судың қайдан шыққанын тап басып айта алмай дал болып отыр.

Дегенмен, олар апаттың алыстан келмегеніне сенімді. Неге десеңіз, қап-қара көл сол жердегі көмір өңдейтін зауыттың маңынан пайда болған. Бірақ, оны дәлелдеу әзірге мүмкін болмай тұр. Соттың шешімін күту керек.

Ал кап-қара көл болса, күннен күнге жайылып, көлемін ұлғайтып келеді. Қалдық судың улылығы сондай, айналасындағы шөп біткенді күйдіріп жіберген.

Белгілі эколог және Қарағанды экомузейінің директоры Дмитрий Калмыков көмірді өңдеген кезде химиялық реагенттер, мұнай өнімдері мен  дизель отыны пайдаланылатынын айтады.

"Бұл жер мыңдаған тонна өндірістік қалдыққа толған. Бұған кінәлі кім екенін білмеймін. Бірақ, өндіріске салынған инвестиция табиғатты өлтірмеуі керек деп санаймын", – дейді ол.

Ал көмір өңдейтін зауыттың өкілдері өздеріне шаң жуытпайды. Олардың айтуынша, кәсіпорын пайдаланған суды сүзгіден өткізіп, тазалап отырады екен. Биылғы жылдың наурыз айында жүргізілген тексерудің қорытындысы мұның растығын құжат жүзінде дәлелдейтін көрінеді.

"Лас су ағып жатқан құбыр біздікі емес және оның кімге тиесілі екенін де білмейміз. Бұл жер біздің территорияға жатпайды", – дейді сенімді түрде зауыт заңгері Сергей Серіков

Жергілікті шенеуніктер зардап шеккен жер телімінің мемлекеттік орман қорына тиесілі екенін айтады. Сол себепті, қазіргі уақытта мамандар мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында тексеру тағайындаған.

Ал экологтар болса, апаттың зардабын тезірек жою керек деп санайды. Өйтпеген күнде уақыт өткен сайын көлемі ұлғайып бара жатқан "қара көл" сол маңдағы жайылымдық жерге орасан зор нұқсан келтіреді дегенді айтады олар.