25 Маусым, 2020

Жамбылда жыл сайын Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнир өтеді

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде Әулиеата өңірінен шыққан танымал спортшылармен кездесу өтті. Жиында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атақты спорт саңлақтарына еліміздің мәртебесін асқақтатып жүрген еңбектері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар ол жамбылдық спортшылардың бірнеше рет Олимпиада чемпионы болғанын атап өтті, - деп хабарлады Egemen.kz.

Жамбылда жыл сайын Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнир өтеді

Жалпы, Жамбыл өңірінде спорт саласын қолдау жоғары деңгейде. Мәселен, облыс орталығындағы "Тараз-Арена" спорт сарайының жанынан мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, теннис корты ашылып, ағымдағы жылы облыс бойынша 13 спорт нысаны мен 92 алаңша салынады. Сонымен қатар қазіргі таңда өңірдегі барлық мектептердің спорт залдары ретке келтіріліп, оқушыларға спортпен шұғылдануға барынша жағдай жасалған. Болашақта барлық аулалар спорт алаңшаларымен, барлық аудан орталықтары спорт кешендерімен қамтылады. Жиын барысында Бердібек Сапарбаев жастарды спортқа баулу мақсатында ауқымды турнирлер өткізу керектігін айтты. Бұл ретте әйгілі спортшы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық күрес турнирін ұйымдастыру керектігі айтылды. Кездесуде Бердібек Сапарбаев Жақсылық Үшкемпіровтің осыдан 40 жыл бұрын Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен алғашқы қазақ екенін, дәстүрлі түрде өтетін турнир осы айтулы датаға арналуы керек екенін атап өтті. Атақты спортшы құрметі үшін облыс әкіміне алғыс айтты.

Сонымен қатар жиынға қатысқан өзге де спортшылар мемлекеттің қолдауының жоғары деңгейде екенін әңгімеледі. Паралимпиада чемпионы Зүлфия Габидуллина спорттық-сауықтыру кешенін салу керектігін жеткізді. Ал, Бердібек Сапарбаев спортшының ұсынысын қолдайтынын айтып, бұл мәселені міндетті түрде қарастыруға уәде берді. Кездесу барысында "Қазақстан Барысы" турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев спорттық мектеп-интернаттың көбеюі ауыл балаларының спортпен айналысуына үлкен мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Сондай-ақ, кездесуде Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов, Гузалия Гафурова, Әбілхан Аманқұл, Руслан Жапаров сияқты жамбылдық танымал спортшылар да болды. Ал, жиын соңында М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков бүгінде ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрлеріне тиісті көңіл бөлінбей отырғанын жеткізді. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.

 

Жамбыл облысы