Аймақтар • 25 Маусым, 2020

"Turkіstan open mеdіa-2020" форумында инфодемия мәселесі талқыланды

208 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістанда Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен "Turkіstan open mеdіa-2020" форумында инфодемия тақырыбы талқыға түсті. Бүгінгі таңда ғаламторда, әлеуметтік желілерде коронавирустың пайда болуы, таралуы және оны емдеуге байланысты түрлі шындыққа жанаспайтын ақпараттар, қисынсыз болжамдар таралуда. Ал оның өзіндік қаупі де жоқ емес, - деп хабарлайды Egemen.kz

"Turkіstan open mеdіa-2020" форумында инфодемия мәселесі талқыланды

Шындыққа жанаспайтын, ел-жұрттың үрейін ұшыратын, жалған ақпараттар легі бүгінде инфодемия деген атауға ие болған. Биылғы ақпан айынан бастап қолданысқа енген инфодемия термині қазіргі таңдағы ең өзекті, күн тәртібінде тұрған мәселе болып саналады.  Яғни пандемия секілді инфодемия немесе инфопандемия да қауіпті.  Оның таралу жылдамдығы пандемиядан да асып түседі.

Бүгінгі күннің өзекті мәселесіне арналған форум онлайн конференция режимінде жүргізілді. "Пандемия тұсындағы инфодемияның бүгіні және ертеңі" тақырыбында өткен шараны ашқан Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, "Egemen Qazaqstan" газетінің Түркістан облысы бойынша меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай алдымен форумға ізгі тілегін білдіріп, қолдау көрсеткен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың, "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің хатын оқып берді. Форумның мақсат-маңызына тоқталды. "Бүкіл әлем бойынша мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық порталдар, әлеуметтік желілердегі миллиондаған қолданушылардың коронавирус жайлы түрлі ақпарат таратуы – инфодемияның асқынған түрін білдіреді. Сондықтан да жалған ақпараттар тасқынын сарапшылар эпидемия, пандемияға ұқсастырып отыр", деді Ғ.Елшібай.  Мамандардың айтуынша, жалған ақпараттың таралуын тоқтату – талай адамның өмірін сақтап қалуға әсер етеді. Себебі, біріншіден, инфодемияға арбалған адам түбі депрессияға ұшырайды. Өмірден түңіледі, үмітсіздік пайда болады. Екіншіден, коронавирустың таралуын шектеуге бағытталған шараларды сақтануға  құлықсыз келеді.

Форумға онлайн жүйесі арқылы қатысып сөз алған спикерлердің арасында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай да болды.  "Пандемия мен инфодемия нағыз бүгінгі күннің тақырыбы. Жалпы қазір журналистика қоғамның айнасы. Ақпарат құралы  ұжымның насихатшысы, ұйымдастырушы деген анықтамалардың бәрі ескірген. Меніңше, масс - медиа дегеніміз оқырмандарды, көрермендерді қалыптастыруға қызмет етеді. Соған сәйкес ақпарат құралдарының таратқан өнімнің сапасы өте жоғары деңгейде болуы тиіс", деді Д.Мыңбай.  Ал облыстық тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов COVІD-19 ауруына қатысты өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтті. Облыста бүгінге дейін коронавирус жұқтырған 619 науқас тіркелген. Оның 307-сінің клиникалық белгілері бар болса, қалғанының ауруы симптомсыз өтуде. Аурудың 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтарда көптеп кездесетіні байқалған. Облыста алғашқы науқас наурызда тіркелсе, сәуірден бастап жағдай күрделене түскен. Бүгінге дейін 39 мыңнан астам адам коронавирусқа тексеруден өткен. Кейінгі кездері карантин режимін бұзудың салдарынан тұмау мен пневмония дерттерінің көбейгені байқалады. Аудан, қалаларда 11 мобильдік топ мониторинг жүргізуде. Бір аптада санитарлық талаптарды бұзудың көптеген фактілері анықталып, 45 әкімшілік хаттама  сотқа жолданған. Соңғы күндерде кейбір шектеулер қайта енгізілген. Тексерілмеген, қате ақпараттың қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін екендігін облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов та айтып өтті. Сондай-ақ ол журналистердің жеке басының қауіпсіздігін сақтау қажеттігін ескертті.

Инфодемияның басты көрінісі – тексерілмеген ақпаратты тарату. Бұл ретте әрбір журналист немесе блогер коронавирусқа қатысты қандай-да материал, пост жазатын болса әрдайым жауапкершілік мәселесін ойда ұстауы тиіс. "Тексерілмеген ақпарат және журналист жауапкершілігі" тақырыбында баяндама жасаған олайн-конференцияның спикері, медиатренер - журналист Жұлдыз Әбілданың айтуынша,  әр мәліметті әр ақпарат құралы әртүрлі таратады. Кейбір ақпарат құралдары болмашы жаңалықты дабырайтқанға құмар. Ғалымдардың коронавирустың еміне қатысты айтқан сөздерін үзіп-жұлып, мың құбылтып беріп, нәтижесінде жұртты адастыратын ақпарат құралдары да жоқ емес. Мәселен, коронавирустың емі ретінде әлдебір дәрілердің аттарын атаған ақпарат құралдары да кездескен. Алайда ол дәрі тек ауыр халде жатқан науқастарға ғана қолданылады. Тамақты ас содасы қосылған сумен булау, спиртті қолдану сияқты емдеу, алдын алу  шаралары туралы да осыны айтуға болады. Журналист мұндай ақпараттарды таратар кезде сарапшылардың, дәрігерлердің  пікіріне жүгінгені жөн. Форумда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – коронавирус кезеңіндегі журналистердің қауіпсіздігі. Өкінішке қарай, елімізде бірқатар әріптестеріміздің кәсіби міндеттерін орындау барысында осы қатерлі індетті жұқтырып алғанына қатысты ақпараттар тарады.  Жалпы, журналист COVІD тақырыбымен қалай жұмыс істеуі керек, қалай ізденгені жөн, қай мәселеге көбірек назар аударуы тиіс? Бұл сұрақтар да форумда кеңінен талқыланды.

Форумда сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі журналист мамандарын, даярлауға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша,  қазіргі уақытта аталған университетте цифрлық журналистика мамандарын даярлау қолға алынған. Жалпы журналистикадағы ең қажетті дүниенің бірі - тәжірибе алмасу.  Осыған байланысты оқу ордасында білікті журналистерді шақырып, шеберлік сыныптарын өткізу қалыпты үрдіске айналған. Сондай-ақ форумда коронавирустың медианарыққа тигізген кері әсері де айтылды. Жалпы бұл мәселенің алда талай алқалы жиындардың негізгі тақырыбы болары айдан анық.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен форум барысында Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы еңбегімен елдің назарына іліккен шығармашылық қауымды марапаттады. Биыл Мақтааралдағы су тасқыны кезінде белсенділік көрсеткендердің есімдері де құрметпен аталып, оларға арнайы «Айбын» номинациясы тапсырылды. Бұдан басқа да бірқатар номинациялардың иегерлері марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне  бірқатар БАҚ өкілдері қабылданды.