10 Қазан, 2013

Салық салмағы аса ауқатты адамдар иығына түседі

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

02-сенат2Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар салық салу, бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу заң жобаларын қарады.

02-сенат2Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар салық салу, бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелеріне қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу заң жобаларын қарады.

Алдымен күн тәртібінде қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, заң жобасы салық саясаты және салықтық әкімшілендіру мәселелерін қозғайды. Соның ішінде темекі және алкоголь өнімдеріне акциздер мөлшерлемесін арттыру көзделсе, ол тек күшті алкоголь ішімдіктеріне қатысты. Ал алкоголі аз өнімдерге деген бағаны көтеру келесі жылға жоспарланған.

Министр осы ретте жоғары технологиялық өнім өндіруді дамыту үшін жеке арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жүзеге асырылатын қызметтің басым түрлерінің тізбесі кеңейтілетінінен де хабардар ете кетті. Оның айтуынша, қорғау шараларын қабылдау мақсатында импортқа шығаратын елге салық салынатын акцизделетін тауарлардың қосымша тізбесін бекіту бойынша Үкіметтің құқығы заң жобасы шеңберінде бекітіледі. Бұл өз кезегінде еліміздің экспортына қатысты егер кемсітушілік шараларды саудадағы әріптес елдер қолданған жағдайда оларға барабар ден қоюға мүмкіндік береді.

Мәжілісте «Нұр Отан» партиясының фракциясы жеке тұлғалардың мүлкі мен көлік құралдарына салықтың мөлшерлемелерін өзгерту ұсыныстары тұжырымдамалы қолданылғанын да министр ерекше атап кетті. Онда депутаттар қозғалтқыш көлемі 4 мың текше см-ден асатын көліктерге қатысты болуы қажеттігін айтқан-ды.

Соған орай қозғалтқыш көлемі 4-тен 5 мың текше см-ге дейінгі көліктер үшін салық мөлшері 130 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін қарастырылған. Және көлемі 5 мың текше см-ден асатын көліктер үшін салық мөлшерін 200 АЕК-ке дейін өсіруді қолдаған болатын. Қарапайым азаматтар мүддесіне нұқсан келтірмес үшін жаңа салықтық мөлшерлемелерді 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатып алынатын көліктерге қолдану көзделген-ді. Бұл ретте ертеректе сатып алынған көліктер үшін бұрынғы салық көлемі қалдырылады.

Жылжымайтын мүлік­ке салық салу бойынша жоғарылатылатын коэффи­циент жойылып, баспана құны­на қатысты неғұрлым әділ тәсілге алмастыру қаралса, бұл тәсіл құны жоғары баспаналар үшін неғұрлым негізді болмақ. Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңестің шешімдеріне сәйкес, тәжірибеде салық заңнамасын қолданумен байланысты мәселелерді реттеу бойынша нормалар бекітіліпті. Бұл мұнай өңдеу зауыттарының алыс-беріс мұнайды өңдеу, сондай-ақ авто­жанармай стансаларындағы сыртқы жарнаманы орналастыру кезіндегі салық салуға қатысты.

Бұдан басқа, заң жобасында кітапхана қорын уақытша пайдалануға басқа дербес ұйымдарға (Назарбаев университеті) пайдалануға уақытша беретін дербес білім беру ұйымдарын қосымша құн салығынан босату көзделеді. Ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық жұмыстарға арналған шығыстардан 50 пайыз мөлшерінде қосымша шегерімді көздейтін нормалар тәртібі жеңілдетіліпті. Әсіресе, электронды түрде берген жағдайда есепті беру мерзімдерін ұзартудың хабарландыру сипаты енгізіліп отыр. Сонымен қатар, салық төлеуші залалды ауыстыру бөлігіндегі өзгерістерімен қосымша салық есептілігін берген жағдайда талап ету мерзімін ұзарту ұсынылған.

Заң жобасы бойынша түсінік берген депутат Қуаныш Сұлтанов салық мәселесін қарастыратын заң жобасы нақты көрсеткіштерге арналып отырғандығына назар аудартты. «Өйткені, бұл заң әсіресе сән-салтанаты артқан, аса бай адамдар тобын қамтып отыр. Сонымен бірге, заң жобасында халқымыздың едәуір бөлігін құрап отырған орта тапты, орта буынды қолдау кең қамтылған», деді депутат. Электронды салықтық есеп беруге қатысты сауал қойған депутат Гүлмира Исімбаеваға жауап қатқан министр салық комитетінің ақпараттық жүйесі 2015 жылдың басында толық жүзеге асарын алға тартты. Осы комитеттің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевтің мәліметіне қарағанда, қазір электронды есеп беру деңгейі 87 пайызға жетсе, бұл дамыған еуропалық елдердің көрсеткіштеріне сәйкес.

Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейі 50 пайыз болғандығы жөнінде ақпараттар тарап жатқандығын алға тартқан Мейрам Бегентаевтың сауалына орай жауабында министр салық органдары тарапынан тікелей келісімнің дұрыс еместігі туралы ұсыныс енгізуге мүмкіндік берілуі қажеттігін айтты. Жалпы, министрлік көлеңкелі экономикаға қарсы күресте салық қызметшілерінің жауапкершілігін арттыру сияқты нормалар алда қаралатын заң жобаларында көрініс тапқандығынан хабардар ете кетті. Сондай-ақ, отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».