Руханият • 25 Маусым, 2020

"Астана Операның" тартуы – "Абай"

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда күніне "Астана Опера" театрының тамаша тартуы дайын. Өнерлі ұжым 6 шілдеде театрдың ресми сайтынан және TengriTV-ден ұлттық классика жауһары – М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операсын онлайн көрсетуді жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

"Астана Операның" тартуы – "Абай"

Басты партияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" жетекші солисі Талғат Мұсабаев орындайды. Атақты баритонның айтуынша, көрсетілім үшін "Абай" операсы бекер таңдалмаған.

"Бұл спектакль "Астана Опера" репертуарында айтулы орынға ие. Осынау жауһар туындының қойылымы үшін театр ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленгені баршаға мәлім. Аты аңызға айналған операның тек біздің ғана емес, сондай-ақ өзге де қазақстандық опера театрларының афишасына сән беріп, көркін қыздырып келе жатқандығы қуантады. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Бас қала  күнінде дәл осы спектакльдің көрсетілуі айрықша мәнді деп ойлаймын. Барша көрермендерімізге, соның ішінде театрымыздың трансляцияларын белсенді түрде бақылап отыратын шетелдік тыңдармандарымызға бұл спектакльде өте жоғары деңгейде көрініс тапқан Қазақстанның мәдениеті мен өнерін ұсынуға қуаныштымыз", - деп ой бөліскен әртіс сөзін әрі қарай жалғады:  - Абай партиясы – қазақ опералық репертуардағы баритонға арнап жазылған ең жарқын әрі көрнектісі. Қарапайым емес осынау рөлді орындағанды қатты ұнатамын. Барша қазақстандықтар сияқты, мен үшін де Абай – ұлы ойшыл, ақын, философ. Адам бойындағы игі де асыл дүниенің барлығы осы қаһарманның мінезінен көрініс тапқан деп есептеймін. Партияны орындау оңай емес, себебі орындаушыға үлкен жауапкершілік артылған – осы бейненің барлық тереңдігін паш ету жүктелген. Музыкалық жағынан өте күрделі. Себебі партия лирикалық баритон үшін емес, өте "мықты" баритон дауысқа арнап жазылған. Оны мінсіз орындап шығу үшін, драматургия музыкамен үйлесе шығуы тиіс. Жас келе кемелдіктің шексіз екеніне көзің жетіп, сахнаға шыққан сайын ерекше реңктер табасың, өзің үшін тың мән-мағына көріп, Абайдың мәтінін басқаша оқып шығасың", – деді солист Талғат Мұсабаев.

"Астана күні – әрдайым отбасымызбен атап өтетін керемет мереке. Мен мұнда 2007 жылы Елбасының Астана мәдениетін дамыту үшін "Шығармашыл жастарды тарту" бағдарламасы бойынша қоныс аудардым. Шақырту алғаныма қуандым, себебі шын жүректен үлкен істің – елордада асқақ өнерді дамытудың бір бөлігі болғым келді. Бұл қаламен еліміздің жаңа дәуірі тікелей байланысты. Сөзсіз, бүгінде ол – мәдениет, саясат, экономика орталығы. Нұр-Сұлтан менің туған қалама айналды, дәл осы жерде балаларым дүниеге келіп, өсіп-өніп жатыр. Бас қаламызда өз-өзіңді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар және ең бастысы, бұл жерде шығармашылыққа арналған кеңістік бар. Түрлі концерт залдары салынып, театрлар, академиялар бой көтеруде... Қала тұрғындары мен қонақтарын осынау тамаша мейраммен құттықтаймын. Халқымызға тек қана бақыт, биік белестер, асқақ армандарыңыздың орындалуын, бейбітшілік пен келісім тілеймін. Қаламызда бұрынғыдай өркендеп, бұдан да жақсы әрі күштірек болуға мүмкіндік беретін үйлесімділік салтанат құра берсін", - деген ізгі тілекпен әртіс сөзін аяқтады.