10 Қазан, 2013

Эпос Эйфелі

549 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін

Биыл Бішкекте өткен манасшылардың бірінші халықаралық фестивалінде Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын, драматург, жыршы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали ӘЛІМЖАНОВ Қырғызстанның «Мықты мәдениет қызметкері» төс белгісімен марапатталған еді.

Жиырмаға тарта танымал манасшының басын қосқан өнер сайысының басты ерекшелігінің бірі – Манас рухы халықаралық деңгейде ұлықталды. Бұл дерек ұлы эпостың Алатау асқарынан биіктеп, бүкіл адамзаттық құндылыққа айналып отырғанын аңғартады. Төменде манасшы-жыршы көне жауһардың қазақ даласындағы жаңғырығы туралы ойларымен бөліседі.

манас

 

SV401113 1Биыл Бішкекте өткен манасшылардың бірінші халықаралық фестивалінде Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы, ақын, драматург, жыршы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали ӘЛІМЖАНОВ Қырғызстанның «Мықты мәдениет қызметкері» төс белгісімен марапатталған еді.

Жиырмаға тарта танымал манасшының басын қосқан өнер сайысының басты ерекшелігінің бірі – Манас рухы халықаралық деңгейде ұлықталды. Бұл дерек ұлы эпостың Алатау асқарынан биіктеп, бүкіл адамзаттық құндылыққа айналып отырғанын аңғартады. Төменде манасшы-жыршы көне жауһардың қазақ даласындағы жаңғырығы туралы ойларымен бөліседі.

– Қырғыз халқының батырлық эпо­сының негізгі идеясы – бостандық пен бірлікке, бақытты тұрмыс жолындағы қаһармандық күреске саятыны жазыл­ғанмен, тұрмыс-салт пен ата-баба на­ным-сенімдерінің өнеге-өрнектері сақ­тал­ған туындыға қазақ ғалымдары да қадым заманнан көз қадап келеді. Мысалы, Ш.Уәлихановтан бастап көп­те­ген белгілі ғалымдар мен әдебиет май­тал­мандары байтақ туынды туралы кесек-кесек кереметтерді дүниеге келтірді. Ал жасампаз жыр рухына мұн­дағы жұрттың қазіргі көзқарасы мен сүйіс­­пеншілігі қалай екен, Баянғали Та­қанұлы?

– Шоқан 1856 жылы Ыстықкөлге барған сапары кезінде «Көкетайдың асын» алғаш рет қағазға түсіріп, орысшаға аударса, 1862, 1869 жылдары В.В. Радлов «Манастың» түрлі нұсқаларын ғылыми айналымға түсіруге талпынды. Эпостың 60-тан астам үлгісі ел аузынан жазып алынды. «Манасты» зерттеуге М.Әуезов, Ә.Марғұлан сияқты қазақ зия­лылары еңбек сіңірсе, кейін қаламгерлер «Манасты» аударуға барынша атсалысты. Тіпті, қалам ұстаған тұлғаның ұлы эпосқа соқпай кеткені аз деу қисынды. Жыр алыбы Жамбыл «Манасты» той-жиындарда айтса, Кенен өзінің жыр-дастандарында сюжеттерін жиі қолданғаны мәлім. Сол сүрлеумен келе жатқан кейінгі толқынның өкілі ретінде қырғыз топырағына алты жылдан кейін аяқ басып тұрмын. Мені, әсіресе, фестивальді ұйымдастырушылар мен демеушілердің патриотизмі таңғалдырды. Баткен Шерниязов есімді отаншыл азамат пен манасшы Рысбай Исақов басқаратын «Манас» қоғамдық қорын, Шайырбек Абдрахманұлы жетекшілік ететін республикалық «Ел» телерадио корпорациясын, ақын Азамат Болғанбаев жетекшілігіндегі «Айтыс» қоғамдық ұйымын ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет көрсеткені үшін ондағы жұрт өте қолдап, барынша қошемет білдіріп отыр. Бұл жобаға Қырғызстан үкіметінің айрықша қолдау көрсетуі сайысты бұрынғыдан да маңыздырақ ете түсті.

Бұның ең бір көңілге ұнағаны – балға үйірілген баладай құжынаған халықтың ынтасын біз телекөпір арқылы аңғардық. Бішкек, Ош, Талас өңірі манасшылары рет-ретімен «Манасты» айтса, ара-тұра ақын-жыраулар арнау жырларын орындап отырды. Таңғы сағат 10-нан түнгі 12-ге дейін бүкіл қырғыз айылы керемет әсерге бөленді. Осы дүбірлі оқиғаның ортасында болу мен үшін баға жетпес байлықпен тең. Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайын Қазақ елінен қатысып отырған маған айрықша ықыластанып, төріне отырғызды. «Қазағымның «Манасты» айтатын баласы» деп айрықша құрметтеп, қимастық сезіммен әлдиледі. Маған олар: «Ортамыздағы жалғыз қонақсыз ғой, сондықтан бір мәрте айтып, демаламын десеңіз еркіңіз білсін» деді. Сөйтсем, мен айтып болғаннан кейін жұртшылық телеарна басшыларына телефон соғып: «Қазақтың манасшысына рахмет! Өнері өрге жүзсін! Тағы да айта түссін!» деп алғыс-тілегін қарша боратқан көрінеді. Кешке тағы шықтым. Екі рет шыққанымды қосқанда, бас-аяғы 40 минөттей «Манасты» айттым.

– Шоқанның «Ыстықкөл сапа­рының күнделігін» әр оқығанда бұрын кезік­пе­ген тамаша олжаға тап бола бересіз. Сол сияқты, «Манасқа» қалам тартқан шетелдік басқа ғалымдардан кімдерді білесіз?

– Кеше өзіміз көзін көрген Қаба Атабаев, Шабай Әзизов, сонымен қатар, Ұрқаш Мәмбетәлиев, Асанхан Жұманәлиев сияқты саңлақтар әлдеқашан о дүниелік болып, бүгінде көзі тірі жасы 80-ге таяп қалған Сапарбек Қасмамбетов деген ақсақал қалыпты. Ол кісіден мен қызық әңгіме естідім. «Англияға барғанымда, – дейді қария. – Хаттон деген ағылшын ғалымы маған керемет жаңалық ашты. Шоқан атамыздың жазған нұсқасын, «Көкетайдың ертегісін» ағылшын тіліне аударған екен! Әлгі ғалым: «Мен бақытты адаммын. «Манас­ты» зерттеуге бүкіл ғұмырымды арнадым. Енді, міне, көзі тірі манасшымен бетпе-бет кездесіп отырмын», депті. Мен де Шоқанның еңбегіне шетелдіктердің өзі соншалық құрмет көрсетіп жатқанына жүрегім толқып, қуанып қалдым. Сондай-ақ, Назарқұл Сейдрахманов есімді тағы бір ірі манасшы бар, бұл кісінің жасы бізден сәл егделеу, бірақ шашасына шаң жұқпаған нағыз дүлдүл, «Манасты» түгел жатқа айтатын адам. Кейінгі жылдары дауысы аз-кем зақымданып, үні шықпай сыбырлап айтқанның өзінде сай-сүйегіңді сырқыратып, жүрегіңді тербеп жібереді. Ал Базарбай Сөлпиев Ош қаласындағы ауданда әкім болып қызмет істейді екен. Міне, бұл кісілерден кейін қазіргі манасшылардың арасындағы жасы үлкені мен болдым. Қырғыздың бүкіл манасшысы аға тұтып, алдыма түспей, інілік ізетпен иілді. 80-ші жылдар түлегінің ішінен тамаша талантты өрендер тау суындай тасқындап өсіп келеді. Өздері зыр жүгіріп осы тойда қызмет жасап жүр. Әлемдегі ең ұлы эпосты жырлаймыз деген олардың бойындағы ыстық махаббатқа ықыластана қарайсыз. Шаршап шалдықпай, қайта бойы­мыз тау самалымен сергігендей өте бір жеңіл жүрдік.

«Манастың» рухы дегенің тылсымнан тартылған құдірет екеніне иландыратын мұндай қасиеттің қазақ баласы маңдайына бұйыруын Алланың сыйына балаған ағайындар: «Мынадай аламан бәйгеге қатысуға тіпті, мықтымыз дегендердің өзі жүрек жұта бермейді. Сіз нағыз азамат екенсіз. Қазақтан шық­қан шоң батыр екенсіз» деп майы­н тамызып, мақтап, мадақтап жатыр. Н­а­зар­құл, Қуанышбек, Сәлімбай, Рысбай, Замирбек, Кәміл, Самат, Ұлан, Тілек сияқты манасшылардың екпінді үндері нөсердей төкпелейді. «Өте жоғары деңгейде өнер көрсеттіңіз. Мың жаса, бауырым!» деген жүрекжарды лебіздер жан-жақтан құлағыма шалынады.

Екінші күні Тоқтағұл Сатылғанов атындағы мемлекеттік филармонияда гала-концерт өтті. Зал лық толы ха­лық. Мәдениет министрі Сұлтан Раев, депутаттар, Ел батыры, жазушы Бек­сұлтан Жәкиев, мемлекет қайраткері, Қырғызстанның бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Дастан Сарығұлов деген кісілер келіп тамашалады. «Баянғалы, бұл кешке мен сені арнайы көру үшін ғана келдім», – деп Таласта 2007 жылы Манасқа арнап шара ұйымдастырған манасзерттеуші Д.Сарығұлов қимастық көңіл білдіруде.

«Манастың» ұлы Семетейден теа­тр­­ландырылған үзіндіні халық әр­ті­сі Зәмір Сауранбаев өте тартымды үл­гіде ұсынды. Өзі Семетейдің рөлін ой­нады. Осы қойылым бүкіл қырғыз баласының бір ауыз­дан «Манас! Манас!» деп ұрандауымен аяқталды. Зәмір Сау­ранбаевты не үшін айтып отырмын. Ол атақты Тыныбек манасшының не­мересі екен. Тыныбек туралы Шоқан да, Әлкей де жазған. Бірақ, Шоқан «Манасты» Тыныбектің аузынан жазып алды деген дерек жоқ.

Әлкей Марғұлан: «Бұлардың барлы­­­ғына ортақ нәрсе, манасшы болардың алдында олардың түсіне Манас пен оның қырық шорасы кіріп, ақындық қасиетін олардың ауыздарына құяды-мыс. Содан «Манас» жыры оларға түсінде қонады» деген. ...Сол сияқты, Келдібек, Тыны­бек, Сағымбай, Саяқбай сияқты манас­шы­лардың бойындағы жыршылық өнер де сондай ерекше құпияда қонды деген әңгіме бар.

– «Эпоста қырғыз бен қазақтың тағдырластығы суреттеле келіп, қа­зақ батыры Көкшенің Манасқа сенімді жақтас, тіпті, кей тұста өте жа­қын серігі болғаны терең сипатталады» деп жазады ғалымдар. Осы тұ­тастыққа жыр алыбы Жамбыл мен Кененнің ту тігуі – ғаламат өнер туындысының екі халыққа ортақ екенін білдіреді. Сол бүтіндікті жалғастырған кейінгі ізбасарлардан жұрт өзіңізді жақсы біледі. Әріптестеріңіз еңбегіңізді қалай бағалайды? Және «Манасты» қайдан, қалай үйрендіңіз?

– Қырғыздар қалжыңдап маған: «Се­нің не әкең, не анаң жағынан біреу қыр­ғыз емес пе?» деп сұрақ қояды. Өз дос­тарым да: «Саған әлдененің шалығы ти­ген бе, әлде бойыңа өнердің киесі қонды ма?» деп әзілдейтін. «Сен жазушы едің, айтысқа шықтың, жарайды, ал енді мына «Манасың» не, айналайын-ау?» деп марқұм Сабырхан Асанов айтып еді. Әзілсіз әңгімелесек, мұның себебі былай – бала кезімізден бастап ауыз әдебиетінің небір жауһар туындыларымен сусындап өстік. Біздің кезімізде кітап оқу мода болатын. Әкем Тақан майданға қатысқан адам. Анамның аты – Бәтима. Тұрған жеріміз – Степняк қаласы. Кешқұрым мал жайлап, үйге кірген соң не істейміз? Теледидар жоқ. Радионың үні еміс-еміс қана естіледі. «Қазақ эпосы» атты үлкен кітап бар еді. Үлкендерден бізге кезек тимейтін болғандықтан көбіне түннің бір уағына дейін қолшаммен оқитынбыз. 60-шы жылдары «Манастың» төрт томдық, мұқабасы сары кітабы жарық көрді. Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен. Қырғыздардың өздері біріктірген нұсқасы бар емес пе, дәл сол үлгіден аумайды. Марқұм Мейрамбай ағам алып келді. Оқыдық. Бір қарағанда, біздің жырларға қатты ұқсап кететін сияқты, ал енді бірде мүлде басқаша. Ұзақ, үлкен оқиғалар. Неге екенін білмеймін, ә дегеннен-ақ бұл жыр маған «Алпамыс», «Қобыландыдан» еш кем көрінген жоқ.

– Алғаш рет «Манасты» қай кезде орындадыңыз?

– Құдай айдап бірде «Букинист» кітап дүкеніне бас сұға қалайын. Көп кітаптың ішінен көк кітап көзіме оттай басылды. Бізде жарық көрген қазақтың «Манасына» ұқсайды. Бірақ Бішкектен шыққан екі кітап та қырғыз тілінде. Бірінші, екінші томдары қатар тұр. Бағасы – су тегін. Көрген бойда сатып алдым. Аудармадағы нұсқадан мүлде бөлек. Оқып отырғанда құлағыма бір әуен келгендей тербелдім. Кей үзінділерін дастарқан басында, жазушылар арасында айта бастадым. 1984 жылы «Қазақстан» телеарнасына «Халық қазынасы» атты циклды хабарларды жүргізуге мені шақырды. Редактор, марқұм ақын Ерік Асқаров студияда өнер көрсетуге тиіс жыршы әлдеқандай себеппен келе алмайтын болып, кімге қолқа саларын білмей, жанұшырып отыр. Көп ақша күйіп кеткелі тұр. Редактор маған: «Байеке, «Манасты» жазып жіберейік, бізді құтқар», деді. Мен: «Мұның не? Жоғары деңгейде айтуға әлі жақсы дайын емеспін. Өзім үшін айтып жүрген адаммын» деп ат-тонымды ала қашқаныма қарайтын түрі жоқ. «Жоқ, енді былай ғой, егер дұрыс шықпай қалып жатса барлық кінәні сізге аудара саламыз, қырғызшаны онша дұрыс айта алмады деп құтыламыз», дейді. Сонымен, олардың айтқан сөздеріне көніп, «Манастан» тоқтаусыз бір сағат үзінді айттым. Мұны олар кейін қысқартып, 25 минөттік «Манас – қазақ жерінде» атты хабар жасап берді де жіберді. Осы уақытта бізге қырғыз театры гастрольдік сапармен келген еді. Мұны жұрт қонақтардың құрметіне берілген хабар деп қабылдапты. Бір күні қомызшы, күйші, «Қазақ елі», «Қырғыз көші» деген күйлердің авторы Асанбек Қыдырназаровтың «Социалистік Қазақстан» газетінде «Алатаудай алғыс айтамыз» деп аталатын алғыс сезіміндегі мақаласы шықты. Отыздағы жігітке тұтас бір халықтың атынан ақтарылып, алғыс есту қандай ғанибет десеңізші. Жаным марқайды. Осыдан кейін үзбей айтып келемін. Менің де түсімде Манас батыр аттың үстінен төніп келіп: «Мақамыңды түзе, әуеніңді жөнде» деген. Атеистік тәрбиемен өскен ұрпақтың мұндай аян, аруақ деген нәрселерге онша көп мән бермейтін әдеті дегенмен, әке-шешеміз әуелі бісмілләні айтуды үйреткен. Әкем 39 жасында намаз оқыған. Күнде мектепте құлағымызға «құдай жоқ» деп құйып жатқанмен жүрегіміздің түбінде тәңірдің құдіретіне деген бір сенім сәуленің сөнбегенін сезетінбіз.

Қазақтың жырларын бір кісідей орындап жүрмін. Батырлар жырынан, айтыстардан репертуарымда біраз дүние бар. Мен «Манасты» олармен бірдей сүйдім. Бұл жыр жүрегіме махаббатпен орнықты. 93-ші жылы Қырғызстанда айтыс өтті. 5 қырғыз, 5 қазақ ақыны отырмыз. «Меймансыздар ғой, жол бірінші сіздердікі» деді. Бірінші болып қағазды алсам, Оразбек Құтманәлиев деген ақсақал ілікті. Сақалы дөңгеленген, қызыл шырайлы кісі екен. Қасына барып иіліп сәлем бердім. «Қай жақтың баласысың?» деді. Өйткені, айтысу үшін ақындарға ілік керек. Ал мен одан: «Мамандығыңыз кім?» деп сұрадым. Ол: «Мен төкпе ақынмын, кино актерімін», деді. «Қандай киноға түстіңіз?» – дегенімде, «Ақ кемеге» түстім», деді. Фильмде Оразқұл есімді бұзақы кейіпкер бар ғой, міне, сол рөлде ойнаған екен. Сахнада заулата жөнелдім:

«Киноға да түскенсің,

Бөшкелеп арақ ішкенсің.

Қатынның бәрін сойғансың,

Бұғының бәрін жойғансың».

Әлгі кісі риза болып, батасын беріп жіберді. Сөйтсем, оның өзі қазаққа жиен болып келеді екен. Маған әзілдеп: «Мына қарыстан сүйем жақын деген ғой. Басқа қырғыздан гөрі саған мен жақындаумын! Анам қазақтың қызы» деп ағынан жарылды. Әлгі айтыстан мен түйе мініп қайттым. Айтыстың арасында қырғыздың ақыны Абылда Нұрғалиев «Манастан» үзінді орындады. Менің де білетін өнерім ішіме сыймай барады. Бірақ олардың ешбірі маған: «Ал, шық, айта ғой» деп қолқа салатын сыңай танытпайды. Өзімнен өзім бастап кетудің амалын таппай дымым құрып тұр. Ақыры шыдамның да шегі бар дегендей, «айтамын» деп кестім. Біздің жігіттердің бірі сыбырлап жеткізіп қойған болуы керек, «айтыңыз» деген ишарат білдірілді. Мені бес-алты ауыз шумақпен шектеледі деп ойлаған болулары керек, ал мен тоқтамай 10-15 минөт «Манастан» айттым. Залдағылар «қазір қазақтар «Манасты» қалай айтар екен?» деп демдерін іштеріне жұтып, көздерін қадап қалыпты. Мен айтып болған соң, дүркірете қол соқты. Айтыстан кейін шашын артына қарай әсемдеп қайырған, қырғыздың келбетті бір азаматы келді. Құшақтап: «Туғаным, бауырым. Мен Шерімбек Шаршеевпін – Мәдениет министрінің орынбасарымын, «Манас – 1000» дирек­циясының директорымын», деді. – «Манас­тың» мыңжылдығы өткелі жатыр. Біз сізді сол мыңжылдыққа шақырамыз. Ресми қағазыңызды кейін жібереміз. Дәл осы қазір шақырту алдым деп есептей беріңіз», деді. Онда мен Көкшетаудамын. Анам қайтыс болған соң, әкемді жалғыз қалдырмай бірге тұратынбыз. Содан 1995 жылы «Манастың» мыңжылдығына орай байқауға қатыстым. Тақырыпты билет сияқты үстелдің үстінен алдық. «Манас» түпсіз терең мұхит, эпопея десек, осының ішінен түрлі-түрлі сұрақтар қойылады. Қолыңды салып алған жерден бастап жалғастыра алмасаң, ары қарай жол келте кесіледі. Қырғыздардың өздері жарты жолда шаң жұтып, шарасыздық танытып жатыр. Біз ең соңында тұрмыз. Қазақстаннан менімен бірге екі адам қатысты. Олар осы тойға лайықтап жаттап алғандарын айтып жатыр. Қырғыздардың сегіз командасына біз тоғызыншы болып қосылдық. Ортаға мен шықтым. Қазір мен қырғыз бауырларымның айтпаған жерін айтамын деп әзілдей күлдім. Бір тур өтті. Біраз адам сырғып сыртқа шығып қалды. «Тәуекел, – дедім. – Қырғыздардың өзі жеңілгенін мойындап жатқанда біздің еш жаситын жөніміз жоқ. Бұйырғанын айтамыз», деп едім, біреуі: «Сіз, қонақсыз ғой, қалаған жеріңізді айта беріңіз», деп мені аяған сыңай танытты. Мен: «Қолымның тиген жерінен емес, көңілімнің сүйген жерінен айтайын», дедім. Бізге арнайы сыйлық берілді. Міне, менің манасшы ретінде қырғыздардың алдына алғаш шыққан жерім осы.

– Эпостың мыңжылдығына қандай сый әзірлеп бардыңыз?

– Елбасымыз Н.Назарбаев бастаған мемлекеттік делегацияның құрамында тойға қатыстым. Өмірбек Байгелди, Шерхан Мұртаза, Қалтай Мұхамеджанов, Бекен Жылысбаев, Кенжеғали Сағадиев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов сияқты халқымыздың ардагер ұлдарымен бардық. Таласқа аттандық. «Манастың» күмбезіне аялдадық. Қалағаң: «Ал енді араларыңда қайсысың құран оқисың?» деді. Сонда жасымның кішілігіне қарамастан: «Рұқсат па?» – дедім. «Манастың» күмбезінің түбінде құран оқыдым. Таласқа қарай бет алған тұста қырғыздың азаматы: «Баянғали, Манасты айт, Таласта тұрып «Манасты» дариядай тасытпасаң жарамайды» деп қолқалады. «Алдымда менен де үлкен ағалар тұрған жоқ па, осы кісілер сөйлесін» деп шегіне бастап едім: «Жоқ, «Манасты» баста, «Манасты» айт» деп қадалған ойынан қайтпай тұрып алды. Аянып тұруға уақыт жоқ, жырды жорғалата жөнелдім. Міне, осы сапар көп түйінді шешкендей. Рас, біраз жылдар арадағы байланыс үзіліп қалды. Сөйтсе де, «Манасты» қалың қазақ­­тың арасында қалтқысыз айтып жүрдім.

«Манастың» мыңжылдығында Базар­бай Сөлпиев пен Асанхан Жұманәлиев екеуі: «Сен қазақсың, «Манасқа» салым қос» деді. Салым деген не нәрсе? Жырды өз тарапыңнан жаңғыртып, байытып қосып айтуды осылай дейді. «Сен, қазақ жағынан Ер Көкше атаңды жырла» деді. Ойланып қалдым. Бірақ тәуекел ете алмадым. Себебі, «Қалай мен жанымнан жыр қосып, «Манасты» өзгертемін?» деген ойдың шырмауынан шыға алмай отырып қалдым. Кейін, бірақ, «Айкөл Манас пен Ер Көкше» деген жыр шығарып, «Аңыз бен аспан» деген кітабымда жарияладым.

– Жыршы, жырау мен манасшының айырмашылығы неде сонда?

– Мысалы, Сағымбай Оразбақов, Саяқбай Қаралаев жүздеген мың жол жырды мұра ғып қалдырған, кітапқа түсірген. Ал олардың арғы жағында Тыныбек, Келдібек, Наймантай, Балықауыз деп жалғасып кете беретін есімдер қаншама.Қазақтың бұрынғы жыраулары да сондай болған. Ал «Манастың» кітабын біз аяқталған жыр деп есептейміз. Мұ­ны бұзбай, бастапқы қалпын сақ­тап орындаудың өзі жеткілікті деп тия­нақтаймыз. Шын мәніне келсек, бұл дұрыс емес. Оларда жаттап айтқан адамды манасшы демейді. Сондағы оқиғаларды сақтай отырып, оған өзінше бояумен үн қосқан, ары қарай жалғастыра білген адамды манасшы деп айтады. Қырғыз ағайындар: «Дүниежүзіндегі барлық эпостық жырлар өлі эпостар», дейді. Олар қағазға түскеннен кейін жолы аяқталып, ғұмыр дариясы тоқтаған болып саналады. Ал «Манасқа» келсек, бұл – әлемдегі дара да жалқы тұрған тірі эпос. «Манас» ғұмыры әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Мұны сарқылмас сазбен, үзілмес үнмен әлі талай ұрпақ тоқтатпай шырқамақ. Демек, манасшы болуыңыз үшін алдымен оқиғаның бәрін санаңызға саф ауадай сіңдіріп алуға тиіссіз. Одан әрі тағы бастапқы нұсқаға сүйеніп, өз тарапыңыздан баяндай отырып байытасыз. Ең бастысы, болашақ манасшыға аян берілуі керек. Аян болмаса, қандай күшті ақындарға да «Манасты» айтуға болмайды деген сенім бар қырғыздарда!

Жоғарыдағы әңгімеге орай, мен манас­шыларға: «Мысалы, сенің бүгінгі шығарған жырың мықтылардың сөзіндей асыл да маржан болмай жатса, жырдың сапасына нұқсан тимей ме, бұрынғы бас­таулар бүлінбей ме?» – дедім. Біздің жыршылардың негізгі ерекшеліктері – төл мұралардың мұртын бұзбай мүлтіксіз орындауында, – дедім. – Ал мұндай ен байлықты өзгертуге хақымыз жоқ. Суырып салма ақындар үшін жырды орындап шығу өте жеңіл, бір сөзді ұмыта қалсақ, өз жанымыздан қоса саламыз. Мұны көпшілік байқай бермеуі мүмкін. Себебі, топ алдында тоқтап қалмау маңызды. Бірақ, аталардың асыл сөзін өзгертпей айту парыз!» – дедім. Бірақ, қырғыздарда жағдай мүлде басқаша. Олар: «Дұрыс айтасыздар. Мұны да айта білуіміз керек, сонымен қатар, манасшылар эпосты жалғастыруға, дамытуға үлес қосулары тиіс», дейді. Тіпті менен: «Қазақта манасшы жігіт бар екен деп естіп, қуанып жатырмыз. Жаттап айтады екенсіз. Шынымен жаттағаныңызды орындайсыз ба?» деп сұрады. «Жаттап айтпағанда, енді мені ойынан шығарады демексіздер ме? – дедім. – Менің ойымнан шығарған жырым сіздерге ұнай ма, жоқ па? Аталардың асыл сөзін айтып тұрып, арасында қысқартып өзімше толғаймын. Төл нұсқаларым бар».

– «Манастың» ғұмырын ұзартуда қырғыз ағайындар тағы не істеп жатыр екен?

– Қырғыз бауырларымыз қазіргі манасшылардың орындауында «Ұлы Манас баяны», «Ұлы елдің ұғылы – ер Манастың тұқымы, Семетей батыр баян­ы» деген екі альбом шығарыпты. Әрқайсысында үш дискіден бар. Мұн­да осы заманғы манасшылар түгел қамтылып отыр. Әрине, «Манастың» бәрін қалдырмай қамту қиын іс дегенмен, алты дискіге топтап, үлкен жұмыс атқарылды. Оны шығаруға «Айгине» мәдени-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Гүлнәр Айтбаева мұрындық болған. Гүлнәр өзімізбен қандас қазақтың қызы. Ата-бабасы 30-шы жылдары ашаршылық заманында қырғыз еліне өтіп кеткен. Әкесі – қазақ, шешесі – қырғыз. Мені көргенде: «Ой, ағамыз келді», – деп ардақтап, бүкіл қырғыздың арасында асқақтатып отырды. Ол қырғыз мәдениетінің үлкен қайраткеріне айналған адам екен. Сол кісінің ұйытқысымен «Ұлы Манас баяны – ұрпақтарының аузында», «Ер Манастың тұқымы, Семетей батыр баяны» сияқты қазіргі заманғы манасшылардың айтуында дискісі шығарылған. Осыған қоса тағы бір айта кететін нәрсе, бізде де батырлар жырының мәтінімен және жыршылардың орындауымен жарық көрген дискісі бар. Көлемі өте үлкен. Жекелей Сағымбай Оразбақовтың, Саяқбай Қаралаевтың, Тыныбектің, Шапақ Рысмендиевтің орындауындағы, Қытайда тұратын манасшы Жүсіп Мамайдың жазуындағы «Манасты» том-том кітап етіп басып шығарып жатыр. Мысалы, Сағымбайдың кітабы 2 мың беттен тұрады екен.

– «Манасты» жырламайды, не­­гі­зінен айтады деген пікірді алға тартып отырсыз. Бұл екеуі екі түрлі нәрсе ме?

– «Манасты» жырлайды деу өте қате ұғым, себебі, оны қырғыз бауырлар айтады деп түзетеді. Біз кейде өзіміздің сөзімізге салып, қырғыздар «ырлайды» деп қоятынымыз бар. Жоқ. Олай айту туралыққа жанаспайды. Турасы – «Манас» айтылады. «Манас» туралы айтады, жанынан қосып толғайды.

«Манастың» ұлылығы мен құдіреті – ғасырлар бойғы қырғыз халқының талантты ұл-қыздарының ақыл-ойы мен парасаты, рухани қуаты бір арнаға тоғысқан. Алып бір дүние, таудай, мұхиттай поэзия туындысы жаратылған. Әлемдегі ең ұлы, ең мәртебелі эпостардан артық демесеңіз, кемдігі сезілмейді. Көлемі жағынан «Манасқа» теңдесетін әлемде бір де бір эпос жоқ. Мазмұн-қуаты, тағдыр-тайқысы жөнінен келіп сөйлесек, онда неше түрлі бейнелермен қатар Манастың тумай жатып қуғын-сүргін көргені, туған елінің ар-намысы мен азаттығы жолындағы күресі баяндалады. Өзі өмірден озғаннан кейін әйелі мен бала-шағасы шырылдап, Бұқарға дейін өтіп кетеді. Семетей жат елде ер жетеді. Қырғыздың тарихын тапжылмай баяндайтын тарам-тарам оқиғалар мен тарихтар жатыр мұнда. Мен осыған кішкентай болсын қатысым болғанына қуанамын.

– Қырғызстаннан сырт аймақтарда «Манасты» айтушылар көп пе?

– Қытайда біраз манасшы бар деп естідім. Бір әңгіме есіме түсіп отыр. Қытайда, Хайян өңіріндегі бір ауылда түгел қырғыздар тұрады екен. Бірақ, олар қытайға әбден сіңіп кеткен. Себебі, аты-жөндеріне дейін қытайша. Сонда жасы егде тартқан екі кемпір тұрады. Біреуі қырғызша бірден жүзге дейін санауды біледі, ал екіншісі қырғызша екі жыр біледі-міс. Қызығы – «Манас» туралы әңгіме қозғалып, әлгілердің құла­ғы­на жетпей ме? Жүсіп Мамайдың шығар­ған «Манасын» тыңдап, ЮНЕСКО-ға енген­дігін құлақтары шалған болуы керек. Қытай болып кетті деген қыр­­­ғыз­дар мұны естіп: «Манас біздің атамыз екен. Неге бұл кісіні ұлықтап, ерекшелеп еске алмаймыз?» деп мәселе қояды. Қысқасы, сол жердегі тұрғындар бас қосып, мемлекеттік бағдарламаға енгізіп, ер Манастың ескерткішін тұрғызыпты. Не деген рух! Неткен халық! Мұны маған «Манас жаңғырығы» телекомпаниясының бас директоры Темірбек Тоқтағазиев айтып берді. Телеарна менен бір сағат сұхбат алып, аяғында «Манасты» айтқызды.

– «Манас» жыры негізінен қандай музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен орындалады? Манасшылар музыка­лық аспапты пайдалана ма?

– «Манасты» орындау дегеннен гөрі, айту деген қисынды. Оны ешқандай аспапсыз, ақырын ғана отырып айта береді. Ал мен:

«Атамнан қалған жерімді,

Атасы басқа дұшпанға.

Алдырсақ Құдай ұрмай ма?» деп келетін жерін, Шоқан жазған үлгіні – «Көкетайдың керезін (қоштасуын)», «Манас батырдың Көкетайдың асына келуін», «Қосай дәу мен Жолай дәудің күресін» айттым. Талас сапарының шуағына жылына бергің келеді. Сондағы дискілердің бәрін көздің қарашығындай сақтап жүрмін. Өйткені, бұл кейін баға жетпес байлыққа айналуы мүмкін.

– Соңғы уақытта кино өнеріне айтарлықтай тер төгіп жүрсіз... Қанша фильм түсірдіңіз?

– Кейбір замандастарым басқа өнеріңіздің бәрі дұрыс-ау, ал енді кинода неңіз бар деп қызық сұрақ қояды. Кітапты қазір біреу оқыса, біреу оқымауы мүмкін. Ал кино арқылы көп нәрсені айтуға болады, көп мәселені көтеруге болады. Қазір жаңа технологияның шарықтап дамыған заманы. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан мен де заулаған заманға ілесіп еңбек еткім келеді. Бірі тасада қалып қойғанмен, басқа біреуі іздеген жүректің ұясына қонарына күмәнім жоқ.

Операторлыққа ВГИК-ті бітіріп келген жігіттерді қабылдадым. Қазір кино түсіріп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды.

Біздің студиямыздың өнімдері – «Аран», «Асау толқын», «Айхан» фильм­­де­рі көрермен көзайымына айналып үлгерді.

– Отбасыңызда өнер жолын қуған кімдер бар?

– Ұлым Нұрлан Әлімжанов, қызым Ақкенже Әлімжанова белгілі актерлер, көптеген фильмдерге түскен. Көрермен жақсы біледі.

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».