Аймақтар • 25 Маусым, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Құрылыс жұмыстары бәсеңдемеуі тиіс

635 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданында болып, су тасқынынан зардап шеккен Өргебас елді мекенін қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Өмірзақ Шөкеев: Құрылыс жұмыстары бәсеңдемеуі тиіс

Бүгінгі таңда мұнда 209 үйдің 184-інің иелерімен келісімшарт түзіліп, 184 отбасына 8,5 млн теңге қаржы аударылған. Жалпы бүгінгі таңда бұзылған үй саны 145-ке жетіп отыр. Ол үйлердің аумағы тазартылып, іргетасын құю жұмыстарына дайындалған. Ал, 50 үйді бұзбауға тұрғындардың өздері өтініш білдірген, 122 үйдің іргетасы құйылып, 31 баспананың қабырғалары қалануда, 20-сының шатыры жабылған. Сондай-ақ 20 үйдің қабырғасы өріліп, бірінші жаппасын жабу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі үй құрылысын жылдамдату мен  аулаларды қоқыстан тазарту, жол жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.  Өргебас ауылына Жетісай ауданы жауапты боп бекітілген болатын. Қазір  мұндағы жұмыстарға 613 құрылысшы тартылған.

Сондай-ақ облыс әкімі Фирдоуси ауылында болды. Қазіргі таңда Фирдоусидағы 340 үйдің 277 баспана иелерімен келісімшарт жасалып, бәріне дерлік 8,5 млн теңгеден аударылған.  Мұнда бүгінде 133 үйдің іргетасы құйылып, 17 үйдің қабырғасы қалануда, 1 үйдің шатыры жабылуда. Ал Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтек ауданда бүгінде Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен тұрғындарының келісімі бойынша 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй ("Б.Өтемұратов", "Салиқалы ұрпақ", "Біз Біргеміз") қорынан салынуда. Мұнда бүгінде  274 үйдің қабырғасы қаланып, 65 үйдің шатырын жабу жұмыстары жалғасуда және 55 үйдің ішкі - сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші шілдеге дейін 100 үйдің шатырын жабу жоспарланып отыр. «Су басқан 5 елді мекендегі төтенше жағдай салдарын жою, жаңа мөлтек аудан мен екі ауылдағы үй салу жұмыстарын бір сәтке де бәсеңдетуге болмайды. Ең бастысы – құрылыстың сапасына мән беруіміз қажет. Тамыз айының алғашқы күнінде жаңа мөлтек аудандағы үйлердің бәрінің дерлік шатырлары жабылып бітуі тиіс», деді Өмірзақ Естайұлы.

Сапар соңында өңір басшысы облыстық штабта мәжіліс өткізіп, жауапты басшыларға үй құрылысы, бір реттік өтемақы, ауыл шаруашылығы шығындарын өтеу, Фирдоуси, Өргебас ауылдарындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары туралы күнделікті мәлімет беріп отыруды тапсырды.