10 Қазан, 2013

Сыртқа ет шығарудың орнына, етті сырттан тасимыз

257 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республикамызда мал шаруа­шылығы жетекші салалардың бірі екені белгілі. Сондықтан бүгінде етті экспортқа шығару және оның әлеуетін арттыру ісіне көбірек көңіл бөлінгені жөн. Мұндай көзқарас қазіргі Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекеттері арасындағы Кеден одағы талаптарына да толық сәйкес келеді. Алайда, осы іс тым біржақтылау кетіп бара жатқан жоқ па деген ойға да беріліп қаламыз.

01-Ет

 

Республикамызда мал шаруа­шылығы жетекші салалардың бірі екені белгілі. Сондықтан бүгінде етті экспортқа шығару және оның әлеуетін арттыру ісіне көбірек көңіл бөлінгені жөн. Мұндай көзқарас қазіргі Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекеттері арасындағы Кеден одағы талаптарына да толық сәйкес келеді. Алайда, осы іс тым біржақтылау кетіп бара жатқан жоқ па деген ойға да беріліп қаламыз.

01-ЕтӨйткені, соңғы кезде еліміздің батыстағы шекаралас аймақтарын жоғарыда аталған мемлекеттерден жеткізілген қазақстандық бағамен салыстырғанда біршама арзан әрі сапасы да көңілді көншіте бермейтін импорттық ет жаулап алғандай күй кешесіз. Көрер көзге оның тауарлық түрі таңдай қақтырғандай. Бір ет, бір май дегендей, тым шелді көрінеді. Се­міз көрінетін ет кімнің көзін қа­рықтырмайды. Оны сатып алу­ға кім қызықпайды. Ал осы Ре­сей­ден келген етті базардан сатып алып келіп, асып жесек, өзімізде өсірілген малдың етінің дәмі мен сапасына жақындап бара алмайтынын да бірден байқайсыз.

Біз, сонымен бір мезгілде, қа­зақстандық ет өндірушілердің Ре­сей-Беларусь сауда жүйелеріне жеткізілуі жөніндегі мәселелерге назар аударып көрдік пе? Көр­меген сияқтымыз. Ресейге отан­дық ет және оның өнімдерін жібе­рудің жарқын мысалдары бар ма? Бұл сауалға да кібіртіктеп, тоқталып қалатынымыз анық. Ол жақтан шіркін Қазақстаннан келген еттің дәмін айтсаңшы деп оған тамсанушылардың үндері неге естілмейді? Бұл сөздер естілуі үшін не істеуіміз керек? Иә, бүгін­де қазақстандық еттің өзіндік құ­нын төмендетіп әрі сапасын арттыра отырып оны көршілес мемлекеттерге шығару ісі кешеуілдетуді қажет етпейді.  

Мұндай сапалы да арзан ет өндірудің басты жолдарының бірі – жайылымдық мал шаруа­шы­лығын өркендету. Бұл мәселе Елбасының алдыңғы жылғы жол­дау­ларының біріне өзек болғаны да аян. Екіншіден, өзге елдерге сапалы ет ұсынатын отандық құры­лымдардың қызметін жаңа сатыға көтеру ісіне де үлкен мән беретін уақыт жеткені кәміл. Рас, бұл бағытта «ҚазАгро» ұлт­тық хол­дингі мемлекет-жекемен­шік әріптестігіне негізделген қа­рым-қатынастарды жетілдіруге ба­ғытталған шараларды қолға ал­ғаны құптарлық мәселе. Сон­дай-ақ, биылғы жазда аталған құ­ры­лым жетекшілері ресейлік им­порттаушы өкілдермен кезде­сіп, қазақстандық ет өндірушілердің Мәскеу сауда жүйелеріне енуі жө­ніндегі мәселелерді тал­қы­ла­ғаны да ұмытыла қойған жоқ. Осы кездесуде еліміздегі ет өзінің құнарлы сипаттары мен дәмдік қасиеттері арқасында Ресейдің мәскеулік нарығына премиум-класс өнімі ретінде жайғаса алатыны да айтылған еді.

Әрине, оның тек сөз жүзінде қалып қоймағаны үлкен мерей. Бұл тұжырымымызға өткен қыр­­күйек айының аяғында қазақ­стандық өндіруші мен ресей­лік сауда индустриясы арасында жасалған келісімшарт куә. Оның көлемі биылғы жылдың аяғы­на дейін Оралдан Мәскеу қала­сына 500 тонна ет жөнелтуге лайықталған. Ұрыста тұрыс жоқ дегендей, қазан айының басында облыстағы «Crown батыс» ЖШС-нің мал бордақылау алаңынан қазақ­стандық еттің алғашқы пар­тиясы Ресейге жөнелтілді. Атал­ған өнім тоңазытылған және боршаланған түрде вакуумдық орам­да көрші елге жол тартқанына айғақ бола аламыз.

Тағы бір айтарымыз, мәс­кеу­ліктер мен батыс­қазақ­стан­дық ет өндірушілер арасындағы келі­сімшарттың шектеулі мерзімі жоқ. «Crown батыс» ЖШС-нің бас директоры Евгений Алиев­тің айтуынша, алғашқыда ре­сей­лік малдәрігерлік бақылау және логистикалық-техникалық қыз­меттер тарапынан кейбір түйт­кілдер орын алғанымен қазір оның бәрі реттеліпті. Оралдан Мәс­кеуге жөнелтілген еттің алғаш­қы партиясының бағасы аса жо­ғары емес, 170 Ресей рублінің төңірегінде ғана. Алайда, бұл баға кәсіпорынның шығынсыз жұмыс істеуіне кедергісін келтірмепті. Біздің бірінші міндетіміз – көр­ші­лерге жеткізілетін еттің сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, оған ресейліктердің көзін жет­­кізу. Тек содан кейін ғана баға­ны көтеру жолдарын ойластыру, дейді қазақстандық компания бас­шысы.

Бұл, әрине, өте жақсы мысал. Алайда, Кеден одағы шеңберіндегі мемлекеттерге өзара тиімді баға­мен ет өндіру елімізде жаппай үр­діске айналып кете қоймағаны да жасырын емес. Алдағы кезде осы бос кеңістіктің орнын толтыру үшін іргелі қадамдар жасалып, жал­ғасын тапса игі.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан».

Батыс Қазақстан облысы.